Терминнің өзі айтып тұрғандай, аутизмге шалдыққан бала өз әлемімен өзі болып, сыртқы құбылыстарды, өзгерістерді мүлде қабылдамайды. Тіпті үйінде өзі үйреніп қалған жиһаздарды, тұсқағаздарды ауыстырса да ашуланып, қарсылық ретінде айқайлап, жылап, мінез көрсетеді. Аутист жандар бір нәрсемен ұзақ уақыт бойы айналысып отыра береді, бірыңғай ойынды ойнап, бір қимылды қайталай беруі мүмкін. Атын атап шақырса, елең қылмайды, көзге тіке қарамайды, дыбысқа, басқаға реакциясы болмайды, өзімен-өзі отыра береді. Басында осындай белгілеріне қарап мамандар «аутизм балаға жеткілікті көңіл бөлмегеннен, бір үйде жалғыз өзі ұзақ уақыт бойы қалып қойғаннан пайда болады» деген пікірді айтып жүрді.
Бірақ бұған ешқандай ғылыми дәлел болған жоқ. Ал 1998 жылы байырғыдан келе жатқан беделді «The Lancet» медициналық журналында аутизмнің пайда болуын балаларға қызамық, қызылша, эпидемиялық паротитке қарсы салынатын вакцинациямен байланыстырған атышулы ғылыми мақала жарық көрді. Белгілі ғалым-доктор Эндрю Уэйкфилдің бірнеше дәрігермен бірлесе жазған зерттеу еңбегінде вакцина құрамындағы ауыр металдар, соның ішінде сынап аутизм дертін туғызатыны жазылған. Осы материалдан кейін-ақ екпеден бас тартқан ата-аналар көбейіп, оның соңы жоғарыда аталған инфекциялардың өршуіне әкелген. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін әлгі журнал ғалымдардың материалын «алаяқтық» деп танып, жариялаудан алып тастады.
Бүгінгі таңда өңірде аутизм дертімен ауыратын балаларды емдеу жолға қойылған. Облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығында бүгінгі таңда 124 бала түзету көмегін алуда. Орталықтың мақсаты – 0-ден 18 жасқа дейінгі аутистік спектрдің бұзылуы бар балалардың мінез-құлқын түзету, әлеуметтік ортаға, қоғамдық өмірге бейімдеу. Орталықта 6 бағдарлама бойынша («Ерте жастан қолдау», «Оқу дағдыларын дамыту», «Өмірлік дағдыларын дамыту», «Джаспер», «Әлеуметтік дағдыларды дамыту», «Қарқынды курс») жұмыс жүргізіледі. Осы орайда ата-аналарға балада аутизм спектрінің бұзылуы белгілері байқалған жағдайда шұғыл әрекет етуі керектігін айтып өткім келеді. Жалпы аутизм ер балаларда көбірек кездеседі. Ата-аналардың 78 пайызы баласының бойындағы ауытқушылықты 2 жасына қарай байқаса, аутизм диагнозы көбінесе 4 жастан асқанда қойылады. Сондықтан бала бойындағы тежелістерді байқасаңыз, әсіресе ол өзінен-өзі оқшауланса, жалғыздықты қаласа, тілі шықпаса, адам бетіне көз тоқтатып қарай алмаса, баланы логопед, дефектолог деп қинамай, бірден психиатр маманға көрсетуге кеңес береміз.
Гүлназ Күнғабыл,
«Асыл Мирас»
аутизмі бар балаларды
қолдау орталығының психологі
Су тасқыны: жағдай тұрақты, ахуал бақылауда
Ұқсас жаңалықтар
Моңғолияда Қасым-Жомарт Тоқаевты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті
- авторAR-AY
- 29 қазан, 2024