Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«САНДЫҚТАН ШЫҚҚАН ӘСЕМБЕК»

«САНДЫҚТАН ШЫҚҚАН ӘСЕМБЕК»
ашық дереккөз
«САНДЫҚТАН ШЫҚҚАН ӘСЕМБЕК»

Астана. Бауыржан Момышұлы даңғылы. Еліміздің әр түкпірінен жиналған кіл жастар қаланы жаяу шарлап жүрміз. Дәл сол көшенің бойында еңсесін тіктеген «Неке сарайы» деген үлкен ғимарат бар. Талай жастар танысқан, талай тағдыр табысқан тамаша сәулет құрылысының жобасын жасаған тараздық Әсембек Жұмабаев екенін қасымдағыларға аса зор ықыласпен айтып бердім. Көзі тірісінде көпшілікке беймәлім жұмбақ құбылыстың сырын ашып, сан саланың тілін тапқан талант иесінің өмірден озғанына биыл бес жыл толыпты.  Әсембек Ырысқадырұлын замандастары «Сиқыр әлемінің жұлдызы» деп атайтын. Себебі адамзат баласы үшін әлі де жұмбақ құбылыс – үш жерден құлыпталған сандықтан, оның ішіндегі аузы буулы кенеп қап ішінен санаулы минутта сыртқа шығу құпиясы әзірге ағылшындық Гарри Гудини, одан кейін үндістандық Продип пен қазақстандық Әсембекке ғана белгілі. Адамның ой-санасы мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеген аталған үшеудің есімдері тарихта мәңгілікке қалатыны анық. Ә.Жұмабаев өткен ғасырдың қырқыншы жылы, яғни Ұлы Отан соғысының қарсаңында дүниеге келген. 1960 жылы Қазақ ауылшаруашылық институтына оқуға түсіп, «Агроном» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын облыстық тәжірибе стансасында ғылыми қызметкерліктен бастап, одан әрі қызметін Қазақ мал азығын өндіру және жайылым ғылыми-зерттеу институтында және Жамбыл гидромелиоративтік институтында жалғастырған. Үздіксіз еңбек жолында өндірістік қызметін тек ғылыммен ұштастырған Әсембек Жұмабаев ауылшаруашылық саласында ғана емес, өнертапқыш ретінде өндіріске тың жаңалықтар енгізді. Көзі тірісінде Әсембек қариядан сандықтан шығудың сырын білмекке Ы.Сүлейменов көшесіндегі үлкен шаңырағына іздеп барған едік. Қарияның қолынан бал қымыздан дәм татып, төрінен табылғаным күні кешегідей әлі есімде. «Бұл құпияны ешкімге тіс жарып айтқан емеспін. Ең абзалы, бұл ойдың қайдан туғанын тарқатып айтып берейін. Ол кезде мен Қазақ ауылшаруашылық институтының аспиранты едім. Жатақханада жатамыз. Жұмбақ десе, жанымды салып, сиқыр десе, алдымдағы асымды ұмытатын әдетіммен «Казахстанская правда» газетінің қай жылғы екені есімде жоқ, әйтеуір, 14 қаңтардағы санында шыққан «Сандық құпиясы» атты мақаланы бар ынтаммен оқып шықтым. Онда Гарри Гудини деген теңдесі жоқ сиқыр әлемінің саңлағы саналатын адам жөнінде жазылған екен. Сиқыршы құлыпталған сейфтерді оп-оңай аша салатын. 1903 жылы Лондонда Гудини мыңдаған цирк әуесқойын таңдандырады. Бірнеше адам Гудинидың аяқ-қолын кісендеп, бітеу қаптың ішіне салады. Осылайша Гудиниді Тема өзенінің толқынды ағысына сол күйінде лақтырады. Арада бірнеше минут өткен соң көпшілік кісендерді қолына ұстап малтып келе жатқан Гудиниді көреді. Қызығы сол, кісен ашылмаған, қаптың аузы сол қалпында буулы екен. Кейін Гудини сиқырының құпиясын қағазға жазып, Нью-Йорктегі нотариалдық кеңселердің біріне тапсырған. Хатты 1974 жылы 6 сәуірде өзінің 100 жылдығында ашуға рұқсат еткен. Бір қызығы, әлгі құпияны ашып қарағанда тек таза, бос парақ шыққан!» деп әңгімесін әріден бастаған Әсембек ақсақалды ұйып тыңдадық. «1926 жылдан бері жұмбақ болып келген ғажайыпты Үндістандағы Калькутта университетінің аспиранты Продип бұлжытпай, айна-қатесіз қайталап шыққан. Продип сандықты, кенеп қапты жиналған жұртқа беріп, көзінше тексертіп алған. Өзі де тінтуден өткен. Енді сандықтан тірі пенде шыға алмайтынына көзі жеткен арнайы топ Продипті жүздеген адамның көзінше суға тастайды. Көп уақыт өтпей су бетіне малтып шыққан Продипті көрген жұрт жағаларын ұстапты. Мақалада баяндалған мәліметтерді бір деммен оқып шығып, «неліктен құпияның сырын ашып көрмеске?» деген ойға келдім. Сол түні көз ілмедім. Жұмбақтың шешуін іздеген ойым сан-саққа жүгірді. Шіркін, адам қиялы ұшан-теңіз ғой. Ақыр соңында жұмбақтың жауабын тапқандай болдым» деп еді сол түнгі жетістігін еске алған өнертапқыш. Осылайша жас өнертапқыш Әсембек Мәдениет министрлігіне келіп, Гудинидың құпиясын ашқанын айтады. Сөзін іспен дәлелдемекке Қазақ циркінің шаңырағына келеді. Қаптың ішіне Әсембекті салып, аузын буып, үш қара құлып салынған сандыққа салады. Сөйтіп, жеке бөлмеге апарып қамайды. Арада жеті минут өткенде бөлменің есігін ашқан жұрт құлыптаулы сандықтың үстінде отырған Әсембекті көреді. Әдісін арнайы комиссияның алдында да көрсетіп, сыннан сүрінбей өтеді. Әсембек ашқан жаңалық жер-жаһанды шарлай жөнелді. Осыдан кейін дүйім жұрт оны «Сандықтан шыққан Әсембек» деп атап кетеді. «Тегіне тартпай ұл тумас» деген дана қазақ. Әсембектің атасын көзкөргендер «Жолбарыс алған Жұмабай» деп атаған екен. Жасынан-ақ жаужүрек жігіт жалаңаш қолымен жолбарысты ажал құштырып, бір ауылды қауіп-қатерден аман алып қалса керек. Бәлкім, Әсембектің қайтпас-қайсар, ерік-жігерлі және жігітке тән жеті өнері болуы атасы Жұмабайдан дарыған шығар. Әкесі Ырысқадыр да халқына сыйлы азамат болған. «Өмірде ер жігіт мамандық пен жар таңдаудан жаңылыспауы керек болса, менің екеуінен де бағым жанды» дейтін Әсембек қария жары Бибіткүл әжеймен бақытты өмір сүрді. Бес саусақтың саласындай бес бала тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде барлығы да тәуелсіз елімізге елеулі еңбек етуде. Өмірінің соңғы жылдарында да Әсембек ақсақал қол қусырып қарап отырған жоқ. Екі күннің бірінде өмір құбылыстарының түрлі құпияларын қолмен қойғандай ашып беріп, төңірегін тәнті етумен болды. Ол кісінің адам басқаруынсыз тасада тұрып оқ ататын құрылғы, балықшаруашылығында қолдануға арналған аса бағалы қара уылдырық қорын үнемдеуге септігі тиетін қондырғы, мұнымен қоса әскери салада танк қалқанын броньсіз-ақ берік ету әдісін ұсынып, өндіріске енгізгені – соның бір дәлелі.

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар