АҚЫЛЖАННЫҢ АСУЫ
Адам арманы мен мақсатына адал, тынымсыз еңбегімен жетеді. Таңдаған мамандығының майталманына айналған атпал да абзал азаматтың бірі әрі бірегейі – баспасөз саласында ұзақ жылдар жемісті қызмет еткен белгілі журналист Ақылжан Мамыт.
Ақаң туралы әңгіме қозғалса, ойыма шығыстың жеті жұлдызының бірі, парсы ақыны Сағди Ширазидің «Ерінбей еңбек етсең шыдап егер, тікен де гүлге айналып шыға келер» деген жыр жолдары орала береді.
Журналистика – жауапкершілігі мен жүгі ауыр мамандық. Үздіксіз ізденісті, табанды еңбекті талап етеді. «Журналист – адам жанының инженері» деп текке айтылмаса керек.
Ақылжан Қорғанбайұлы журналистика саласында табан аудармай жұмыс істеген 42 жылда жаңалықтың жаршысы болып қана қоймай, қоғамдағы қордаланған қаншама мәселенің оң шешілуіне ұйытқы болды десеңізші. Қаламынан туған жүздеген очеркі мен суреттемесі де оқырмандарынан лайықты бағасын алды. Өткір сын мақалалары менменсіген талайларды тәубесіне түсірді.
Ақылжан Қорғанбайұлы журналистік еңбек жолын Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастады. Аудандық газетте көп нәрсе үйренді, ысылды және тәжірибе жинақтады. Аға буын өкілдері Икрамбай Тұрғынбеков, Аманкелді Ормантай, Мырзахан Ахметов және Мейірбек Мәтенов сияқты қаламгерлердің көп қамқорлығын көрді. Кейін ағаларының ізін жалғады. Редакцияның тапсырмасымен өндіртіп түрлі тақырыпта мақалалар жазды. Әйтсе де әрбір журналистің жанына жақын тақырыбы болады. Ақылжанның табиғатты түлету, қорғау бағытында жазған көптеген танымдық және талдамалы материалы талайға ой салып, игі істердің жүзеге асуына ықпал етті. Мәселен, Жуалы ауданында өткен ғасырдың сексенінші жылдарының басында көптеген азамат елді мекендердің маңында шағын орман өсіруді қолға алды. Осылайша табиғатқа жанашыр азаматтар өңірдің ажарын ашып, ауылдардың берекесін кіргізді. Арада 13-15 жыл өткеннен кейін кезінде егілген тал-дарақтар бағалы құрылыс материалдарына айналды. Осылайша иелері ағаштарды Тараз және Шымкент қалаларынан келген тұтынушыларға сатып, мол табысқа кенелді. «Газет – ұжымдық үгітші, ұжымдық насихатшы және ұжымдық ұйымдастырушы» деген осы емес пе?
1970-1980 жылдары машинкаға басылған материалдар баспаханада линотиппен және қолмен терілетін. Ұжымда кілең өзге ұлт өкілдері жұмыс істейді. Газеттің бір беттік мақалалары толық түзетіліп, жариялауға қол қойылғанға дейін кем дегенде 5-6 рет оқылатын. Кезекшілер ұдайы түннің бір уағына дейін баспаханада жүреді. Әлбетте, мұндай ауыртпашылыққа көп адам шыдамайды. Сондықтан да редакцияға екі күннің бірінде бірі келіп, бірі кетіп жататын. Ақаң: «Жаңа өмірде» жұмыс істеген 15 жылымның үштен бірі баспаханада газет шығарумен өтті», – дейді.
«Жаңа өмірге» тілші болып қабылданып, бөлім меңгерушісі және бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. Ақылжан Қорғанбайұлы аудандық газетте еңбек етіп жүргенде облыстық, республикалық газет-журналдарға жиі-жиі мақала жіберіп тұратын. Облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетіне жарияланған «Туған жерді түлетейік!» атты проблемалық материалына мен де қолдау білдірген болатынмын.
«Алмас пышақ қын түбінде жатпайды». Ақаң маған облыстық «Аq jol» газетіне жұмысқа орналасуға себепкер болған бір оқиға туралы айтып берді.
«Бірде редакцияның хаттар бөліміне мақалаларымды тапсырып, дәлізге шығып едім, сол кездегі бас редактор Әлдихан Қалдыбаев жолығып қалады.
– Мына материал бүгінгі нөмірге жариялануы керек. Аударатын жігіттер жиналыстарға және іссапарға кетіп қалыпты. Сен орысы көп ауданнан келдің ғой. Қолыңнан келе ме? – деді.
Қарасам, үш беттік орысша мақала. Парақтап көрдім де :
– Бір сағатта дайын болады, – дедім.
Редактор бір бос кабинетке кіргізіп, қолыма қалам мен қағаз ұстатып шығып кетті.
Әлдекеңнің алдында асылық сөйлеппін. Әлгі мақаланы екі сағаттан аса уақытта әрең аудардым. Қолжазбамен алты бет болды. Сол кезде Әлдекең де кіріп келді. Түпнұсқаны аудармасымен салыстырып, асықпай мұқият оқып шықты. Сосын:
– Әй бала, бізге жұмысқа кел, сені бірден бөлім меңгерушісі қызметіне тағайындаймын, – деді.
– Үй жоқ, қайда тұрамын?
– Осында жүргендердің жұмысқа орналасқанда пәтерлері болып па?
Арада біраз үнсіздік орнады. Әлдекең тағы да: «Ойлан, бала», – деді.
«Жаңа өмірде» біраз жыл жұмыс істегеннен кейін «Aq jol»-ға ауысқым келіп, бұрынғы бас редакторлардың алдына бірнеше рет кіргенмін. «Сенің қолыңнан жазу келетінін білеміз. Әзірге бос орын жоқ» деп шығарып салатын. Содан кейін қолды бір сілтеп, аудан орталығынан үй салып алғанмын.
1996 жылдың желтоқсан айы. Бір күні «Aq jol»-да бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейтін Жамбыл Шоқыбас келіп: «Сені Әлдекең жұмысқа шақырып жатыр. Осы жолы келмесе, мақалаларын шығармаймын, редакцияның маңына жуытпаймын деп айтты», – деді.
Сол кездерде редакцияның төрт білікті журналисі белгілі себептермен басқа мекемелерге жұмысқа ауысып кетіпті. Ә.Қалдыбаев сөзінде тұрып, бірден бөлім меңгерушісі етіп тағайындады» – деп, өткен күндерді толқи еске алып еді.
Оңтайландыруға байланысты үш айдан кейін Ақылжанға тілшілік қызмет бұйырған екен.
«Экономика» бөлімінде тілші болған Ақаңа есімі елімізге кеңінен танымал қаламгер, тарихшы, басылымның жүгін қара нардай өрге сүйреген Бақытяр Әбілдаұлы, белгілі журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы басшылық жасайды. Аты аталған ағаларынан көп нәрсе үйренеді.
Ақаң да ағаларының сара жолын ойдағыдай жалғастырды. Қарашаңырақта 27 жыл жұмыс істеп, айшықты ізін қалдырды. Облыстық газетте 13 жыл «Экономика» бөлімінің меңгерушісі, 7 жылға жуық бас редактордың орынбасары болды. 2000 жылдардың басында облыста «Амангелді газ» кенішін игеру, іске қосу еліміздегі ең маңызды оқиғалардың бірі еді. Стратегиялық маңызы зор нысанды іске қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысын басылымда жүйелі жариялау Ақаңа тапсырылды. Облыс орталығынан 220 шақырым қашықтықтағы кен орнына ай сайын барып, атқарылған жұмыс, шешімін күткен мәселелер туралы оқырмандарды ақпараттандырып отырды.
Қажырлы еңбегі ескерусіз қалмады. 2002 жылы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты және «Жылдың үздік журналисі» атанды.
2003 жылдың мамыр айында Т.Рысқұлов ауданының аумағында болған жойқын зілзала облыс тұрғындарын үлкен әбігерге салды. Жарты жыл бойы облыстың бар күш-жігері қираған ғимараттарды қалпына келтіруге, жаңасын салуға жұмылдырылды. Әлдихан Қалдыбаев осынау жауапты жұмысты тағы да Ақылжанға тапсырды. Қаламгер құрылыс барысын ақпараттық сүйемелдеу үшін ауданға төрт айда 29 рет барыпты. Бұл – айтқанға ғана оңай. Таңертең ерте тұрып, күн батқанша нысандарды аралап, шаршап-шалдығып келіп мақала жазу кімге оңай болсын? Бірде Ақаң сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов және Ауылшаруашылығы министрі Ахметжан Есімовпен бірге Қордай және Т.Рысқұлов аудандарын аралап, редакцияға түнгі сағат 22:00-де келеді.
Материалды жазып, тапсырғанша түнгі сағат 02:00 болады. Таңертең жұмысқа келген Ақаңды бас редактор кабинетіне шақырып, алғысын білдіреді. Түсінбеген Ақылжан себебін сұрайды.
Сөйтсе, таңертең Серік Үмбетов «Aq jol» газетінің бір бетіне жарияланған кешегі сапарды А.Есімовке көрсетеді. Сонда министр: «Журналист кеше кешке Т.Рысқұлов ауданында қалып еді ғой. Материалды қай уақытта жазып үлгерген?» деп таңғалыпты. Бұл әңгімені редакторға Үмбетов хабарлапты.
Кейін Ақаң біраз бас редакторлармен жұмыс істеді. Қай редактор болмасын білікті, қаламы жүйрік журналиске үлкен сенім артатын. Президент, Үкімет басшысы, министр, басқа да лазауымды тұлғалар облысымызға жұмыс сапарымен келгенде қастарынан міндетті түрде Ақаң табылатын.
Ғасырдың ғаламат құрылысы аталған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының ел игілігіне айналғанына он жылдан асып барады. Ақаң республикалық маңызы бар жол құрылысы басталып, аяқталғанға дейін басы-қасында жүрді.
Қарымды қаламгердің назарынан химия өндірісі және теміржол саласы да тыс қалған жоқ. Облыстағы елге танымал тұлғалар туралы сұхбаттарын да оқырман жылы қабылдады. А.Мамыт тәжірибесін кейінгі толқын жастарға үйретуден де жалыққан жоқ. Тәрбиелеген жастары бүгінде «Aq jol» газетінің білікті мамандарына айналған. Кейіпкеріміздің ары мен жанының тазалығы туралы шәкірттері де талай жазды. Айналасындағыларға жақсылық жасауға ұмтылып тұратын жақсы қасиеттері туралы да талай айтылды.
Ақылжан кітапты көп оқиды. Үздіксіз ізденеді. «Айтылмаған алғыс» және «Болмысы бөлек Боранқұл» атты кітаптары оқырмандарының жүрегінен берік орын алды.
Жұбайы Нағима екеуі бір қыз, бір ұл өсірді. Еңлік – Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде оқытушы, Ақжол –
«Қазавтожол» акционерлік қоғамы Жамбыл облыстық филиалында жұмыс істейді. Ақерке және Жаннұр атты немерелері желкілдеп өсіп келеді.
Баспасөз саласында ұзақ уақыт еткен еңбегі елеусіз емес. «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақ журналистикасының қайраткері» төсбелгілерімен және «Құрмет» орденімен марапатталған
Әріптес-шәкірттері Ақылжанды адамгершілігі, білімділігі, біліктілігі үшін сыйлайды, құрмет тұтады. Ізін басып келе жатқан ізетті інілерінің бірі, белгілі журналист, ақын және облыстық «АR-AI» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек Ақаң зейнет жасына толғанда ағынан жарылып төмендегі жыр шумақтарын арнаған болатын.
Ақылжан ағаға
Асау жүрек таппайды тағат-тыным,
Ой қозғаймыз өткенге қарап бүгін.
Пайғамбардың жасына келіп жатыр,
Парасатты перзенті Талаптының.
Өнегелі әулеттен өсіп-өнген,
Шерағаның киелі көшіне ерген.
Ақылжандай ағаның жөні бөлек,
Дәл осылай әйтпесе көсілер ме ем?
Жастай мініп еңбектің кемесіне,
Көтерілген абырой белесіне.
Жуалыда өндіртіп жазғандарын,
Жиі-жиі алады ел есіне.
Дарақ біткен бір жерден көгереді,
Бағалаған бақытқа кенеледі.
Аттай қалап шақырған «Аq jol»-ында»,
Ширек ғасыр із салды өнегелі.
Болмысына үңіліп, бір сыр ұқтым,
Майын ішкен бұл кісі тілшіліктің.
Талай-талай репортаж дайындаған,
Ортасынан қайнаған тіршіліктің.
Бой бермейді болмашы базынаға,
Қаламымен кез болды қазынаға.
Қайта-қайта қазбалап жазып жүріп,
Қол жеткізді «Амангелді» газына да.
Ұлағатпен ұштасқан ұрандары,
Бизнесмендер шетінен құмар бәрі.
Зілзаланың зардабын тынбай жазып,
Құрылысты қатырды Құландағы.
Сайыпқыран саңлақ қой сан салалы,
Кейбір кезде «әу» деп те ән салады.
Диктовка да жасайды, аударма да,
Білінбейді ешқашан шаршағаны.
Жан-тәнімен сүйетін мамандықты,
Шынында да Ақылжан ағам мықты.
Перзентіне Ақжол деп ат қойып,
Паш етті ғой газетке адалдықты.
Қалам сертіне адал болған арда азамат бүгінде бейнетінің зейнетін көріп, отбасы – ошақ қасының қасында бақытты өмір кешуде. 65 жастың асуына шыққан Ақылжан Қорғанбайұлына қажымас қайрат, зор денсаулық тілейміз.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы
Келесі мақала