Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ӨЗЕН-КӨЛДЕРДІҢ СУ ДЕҢГЕЙІ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

ӨЗЕН-КӨЛДЕРДІҢ СУ ДЕҢГЕЙІ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА
ашық дереккөз
ӨЗЕН-КӨЛДЕРДІҢ СУ ДЕҢГЕЙІ ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА
Жердің тоңы жіпсіместен жылт еткен күнге еріген қар жылғаларды қуалай ағып, бір-біріне қосылған ағын судың екпіні арқыраған топан судан кем түспеді. Салдарынан еліміздің бірқатар өңірін тасқын су басты. Төтенше жағдай орын алған аймақтарда қалыптасқан қазіргі ахуал жұрттың көз алдында.  Су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердегі адамдарды құтқару, төтенше жағдайдың зардабы мен салдарын жою жөнінде тиісті шаралар қабылданбай жатқан жоқ. Десе де мұндай жағдайда қолдан келген амалды жасап, бар күшті апатпен күресуге жұмсаған ләзім. Осыған орай, яғни су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл кеңес өткізген болатын. Кеңесте Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс жоқ екені айтылды. Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайға байланысты халықтан кешірім сұрап, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты. Жиын барысында Президент су тасқынына қарсы уақытылы шара қабылдамағаны үшін Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс жарияланды. Президент жағдайды қалыпқа келтіру үшін шұғыл шаралар қабылдаумен қатар, жүйелі жұмыс қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар Премьер-Министрдің төрағалығымен республикалық штаб құру, сондай-ақ барлық өңірде су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берді. Мемлекеттік құрылымдарға табиғат апаты салдарынан болған шығын көлемін анықтау және алдағы уақытта осындай апаттардың алдын алу үшін кешенді шаралар қабылдау міндеті жүктелді. Қарғын су қарбалас тудырып жатқан кезде облыстағы суқоймалардың деңгейін назарда ұстау өте өзекті. Өйткені «Апат айтып келмейді». Бұл тұрғыда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев су тасқыны қаупінің алдын алу және жою мәселелері бойынша кеңес өткізді. Басқосу барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті және салалық басқармалардың, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің есептері тыңдалып, оларға нақты тапсырмалар берілді. Аймақ басшысы жиында су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды үйлестіру мен сапалы іске асыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын сөз етті. – Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті міндеттер жүктеді. Біз нақты іс-қимыл жоспарына дайын болып, кез келген қауіп-қатерге жедел әрекет етуіміз керек, – деді Ербол Шырақпайұлы. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов су тасқыны жағдайын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылып, суқоймалардың толу деңгейіне үздіксіз мониторинг жүргізіліп жатқанын хабарлады. Департамент бастығының айтуынша, халықты қабылдауға арналған 396 пункт дайындалған. Жағдайға жедел ден қою мақсатында 1 459 адам, 364 техника, 135 су айдау құралы, 19 жүзу құралын қамтитын арнайы топтар құрылған. Облыс әкімі жағдайды бақылауда ұстауды, су тасқыны қаупі бар учаскелерде қажетті резервтер мен мобильді топтарды қалыптастыруды, техниканың дайындығын тексеруді талап етті. Сондай-ақ аймақ басшысы Тараз қаласының әкіміне облыс орталығындағы және тұрғын алқаптардағы барлық каналдар мен арықтардың тазалығын қамтамасыз етуді тапсырды. Кеңес барысында «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының бас инженері Ербол Әбдірахмановтың суқоймалардың жай-күйі туралы есебі тыңдалды. – Басты мақсат – адамдардың қауіпсіздігі. Аудан әкімдері мен басқарма басшылары суқоймалардың, су нысандарының жай-күйін және су тасқынына дайындығын жеке өздері барып көріп, тексеруі тиіс. Қатардағы маманды жіберіп, қағазда «бәрі жақсы» деп жазып берген жауап қабылданбайды. Нақты, шынайы жағдайды анықтап, соған сәйкес тиімді шаралар қабылдануы керек. Жалған ақпарат бергендердің жауапкершілігі қаралатын болады, – деді Е.Қарашөкеев. Негізі зілзала, қар көшкіні, сел, тасқын су, дауыл, боран секілді табиғи апаттар табан астында болатыны белгілі. Адам мұндай апаттардың қашан, қай уақытта орын алатынын дәл болжай алмауы мүмкін. Алайда қазақ «Сақтықта қорлық жоқ» деп текке айтпаған. Сол үшін жергілікті атқарушы орган өзен-көлдердің деңгейін үнемі бақылауда ұстап, еріген қар суын еркіне жібермеудің жолын қарастырғаны, тозығы жеткен көпір, тоспа, бөгеттерді жөндеуден өткізіп, суайдындардың су қабылдау, су босату жүйелерін бақылауда ұстағаны абзал. Осы тектес өзге де қауіпсіздік шаралары сақталмаған жерде адам мен мал шығыны орын алуы әбден мүмкін.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар