Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Киіз үйді кім тігіп жүр?

Киіз үйді кім тігіп жүр?
Ашық дереккөз
Бәлкім, жазғы демалысын ауылда өткізген, ала жаздай киіз үйде ұйықтаған ұрпақтың соңы біз шығармыз. Қалада оқуда жүргенде іші-сырты ою-өрнекпен нақышталып, шашақ бау, басқұрлары мен баулары әдемі безендірілген киіз үйді ерекше сағынатынбыз. Шындығында, сол балалық шағымыздың куәсіндей еңселі ақ отауға деген сезімім әлі де ерекше.

Үйдің үлкені болғандықтан ата-әжемнің еркесі болып өстім. Бірақ әкем мен анамның қызметіне байланысты бірінші сыныпты аяқтаған соң ата-әжеммен, ауылыммен қимай-қимай қоштасып, орта білімді Қаратау қаласында жалғастыруға тура келді. Қаланың өміріне ә дегенде үйрене алмай, ауылды аңсап тұрдым. Әсіресе киіз үйді қатты іздедім. Сол үшін де оқу жылы аяқтала салысымен ауылға тартып кететінмін. Қазір ойлап отырсам, әжемнің қасында жүріп көп дүниеге қанық болған екенмін. Көрші әжелермен қосылып жүн иіріп, бау тоқып, киіз басқанын көрген менде арман жоқ екен-ау. Ауылдың ұл-қыздарына сондай күндер мереке болатын. Әжелеріміз қазақтың халық әндерін құйқылжыта шырқап, көшемізді әсем әуенге бөлейтін.

Ертегі айтатын. Оны біз киіз үйге сыймай, іргеден ұйып тыңдайтынбыз. Киіз басуға келген әжесіне, анасына ілесе келген балақайлар сол үйдің ауласында ойынның базарын қыздыра түсетінбіз. Оқта-текте бізді жүн түту мен киіз білектеуге көмекке шақыратын. Жүн сабаса, бірге сабасып, киіз тепсе, кемпірлерге қосыла тебісіп, жағаласып жүретінмін. Сол кезде әжем маған қарата: «Осы жұмыс қолыңнан келсе істемейтін едің, ә», – деп күлетін. Әлі есімде, бала кезімізде ерте тұрып, киіз үйдің түндігін ашуға таласатынбыз. Күн қыза түскенде киіз үйдің айналасына су себетінбіз. Сонда үп еткен жел тұрса, іргесі түрілген киіз үйден салқын самал есуші еді. Үлкен кісілер киіз үйдің іргесінде қызу әңгімеге кірісетін. Жаз бойы ұйықтайтын орнымыз киіз үй болатын.

Азанда ұйқымыз қанып, сергек оянатынбыз. Бәрі-бәрі күні кешегідей есімде. Аңғал көңілім қалалық жерде тек Наурыз мерекесінде маржандай тізіліп тұратын киіз үйлерге қарап «Ауылда киіз үй әлі де бар болар» деп ойлайтынмын. Сөйтсек, қазақы үй тігетіндер бұл күнде саусақпен санарлықтай ғана көрінеді. Тіпті бұрынғыша ши тоқып, кереге, уық жасайтын шеберлер де қалмаған сыңайлы. Осынау қайталанбас қолөнер туындысының қадір-қасиетін неге арзандатып алдық екен?! Қазір еліміз әз Наурыз мерекесін атап өтуге қызу дайындық үстінде. Әсіресе көктем басталысымен сауда үйлері мен тігін шеберханаларын аралап, ұлттық киім сататындар мен киіз үйді жалға беретіндерді іздеген халықтың қатары көбейді.

Бірі баласына киім іздесе, енді бірі жалға берілетін киіз үй іздеп әлек. Бір қызығы, сұраныс артқан соң бұл бұйымдар да қасқалдақтың қанындай тапшы болып, оңайлықпен таптырмайтын болған. Осындайда «Сонда біздің құндылықтарымыз тек Наурызда ғана керек пе?» деген ой келеді. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы Сауран Қалиевтың айтуынша, киіз үй көшпелі саналған халқымыз үшін өте ыңғайлы баспана ғана емес, тұнған тарихы мен тағылымы мол дүние. Шын мәнінде, қазақ халқы ежелден ою-өрнек арқылы ойын жеткізіп, киіз үйді қасиетті деп санаған. Тіпті «Керегең кең, шаңырағың биік болсын!» деген ақжарма тілектер де киіз үйдегі жабдықтармен байланысты айтылған. Табалдырықтан бастап төріне, кереге, шаңырағына дейін мән-мағынаға толы. Ата-бабамыз осы киіз үй құрылымында физикалық, астрономиялық, тіпті химиялық жағдайларды ескергенін де бүгінгі ғылым таңдана мойындап отыр.

Экологиялық таза бұйымдардан жасалған киіз үйде тынығу денсаулыққа пайдалы екені де әлдеқашан дәлелденіп қойған. Тіптен қазақтың киіз үйі шетелде де үлкен сұранысқа ие. Бір ғана мысал, Еуропаның ортасында орналасқан Андорра княздігі қазақтың киіз үйін орталық демалыс орнына тіккізіп, келімді-кетімді туристерді таң-тамаша қалдырып отырған жайы бар, дейді Сауран Қалиұлы.Өз елімізде өгейдің күнін кешкен құндылықтардың қатарына қазір киіз үй де кіре бастады. Оны алымсақтар Қытай, Өзбекстаннан әкеліп, өте қымбат бағаға сатып жатыр. Ал осы қазақы үйіміз былтыр Германия астанасында өткен «ITB Berlin» халықаралық туристік көрмесінде көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Өткен жылы Түркиядағы зілзалада зардап шеккен тұрғындарға көмек ретінде Қазақстаннан 100 киіз үй жіберілгені де көпке мәлім. Кахраманмараш қаласында тігілген бұл үйлер баспанасы қирап, қара суықта бойын жылытып, жылы су ішерде қалқа болатын пана таппай қиналған халықтың жүрегіне шуақ, тәніне қуат сыйлады. Әсіресе жойқын зілзаладан жүрегі шайлығып, шошынып қалған тұрғындарға сілкініске төзімді, қауіпсіз, кез келген уақытта жұрт ауыстырып, басқа жерге көшіріп тігуге болатын киіз үйіміздің ұнағаны соншалық, көп өтпей түрік ағайындар тағы 100 киіз үйге тапсырыс берді.

Осының бәрі қазақ киіз үйі өз құндылығын ешқашан жоймайтынын аңғартады. Алайда біз киіз үйімізді бағаламай жүрміз. Ою-өрнек өнерін қайта жаңғыртып жүрген тараздық кәсіпкер Гүлнәр Абдуллаева киіз үй жасауды кәсіпкерлеріміз қолға алмай жатқанын қынжылыспен жеткізіп, бірқатар ұсынысын ортаға салды. – Киіз үй жасайтын кәсіпкерлер бар дегенімізбен қатары тым аз. Бұрынғыдай ауылдық жерлерден шеберлерді табу да қиынға соғуда. Киіз үй жасау кәсібінің жанданбай жатқанының себебі – нақты жоспар беруіміздің әлсіздігінен болар.

Бәлкім, ұлттық бағыттағы құндылықтарды дәріптеу қолдан келмей жатыр.Мәселен, кәсіпкерлер палатасы арқылы қорғалған 10 жоба болса, соның біреуін осындай жоғалып бара жатқан ұлттық бағыттағы кәсіп түрлеріне негіздесе және өтем пайызын барынша төмендетіп, қайтару мерзімін ұзартса деген ұсынысым бар. Бұл халқымыздың төл өнеріне, қазақтың мәдениетіне жасалған шексіз қамқорлық болар еді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де осындайда сезілмек. Аталған мәселе жөнінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына ұсыныс жасалса деп ойлаймын, – дейді Г.Абдуллаева.

Кәсіпкер айтса айтқандай-ақ өңірімізде киіз үй жасайтын шын шеберлер жоқтың қасы екен. Сондай шебердің бірі – Байзақ ауданы, Қостөбе ауылының тұрғыны Әшірбай Байқұлиев. Әшірбай қария бұл кәсіппен отбасымен бірге айналысады. Ұлы екеуі ағашын жасаса, әйелі мен келіні киізін тігеді екен. Қолөнер – әкемнен дарыған. Әкем көзі тірісінде ағаштан домбыра, бесік, жүкаяқ, сандық секілді түрлі бұйымдар жасаған атағы ауылға жайылған шебер болған. Қазір өзім де, ұлым да қолөнермен айналысамыз. Киіз үйге аз да болса сұраныс бар, әсіресе мереке кезінде арта түседі, – деген қария кәсібі жайлы көсіле баяндағысы келмеді. Сәті түссе, шебер тұратын ауылға арнайы барып, қазақылықты дәріптеп жүрген отбасымен жолығып, сыр-сұхбат құру ойда бар. Бір білгеніміз, осындай жандар барда ұлттық құндылығымыз өлмейді.

Ақтоты Жаңабай 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар