Тарихқа зер салсақ, Қазақстанды Д.Қонаев басқарған кезеңде еліміз қарыштап дамыды. Нақты сандарды сөйлетсек, 1955-1985 жылдары республикада құрылыс 8 есе, өнеркәсіп өндірісі 8,9 есе, ауылшаруашылығы 6,2 есе өсті. Қолайлы әлеуметтік-экономикалық жағдайдың орнауы демографияға да игі әсерін тигізіп, халықтың саны 1955 жылға қарағанда екі есе артып, 1987 жылы 16 миллион 244 мыңға жетті. Елсіз жерлерде жаңа қалалар пайда болды. Сонымен қатар ұлт мақтанышы ғылымның, өнер мен мәдениеттің қарыштап қанат жаюына өлшеусіз еңбек сіңірді. Өнер адамдарын қатты қадірлеп, тұрақты түрде қолдау көрсетіп отырды. Жалпы халқымыздың аяулы перзенті туралы бұған дейін аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ. Әлі де талай туындылардың жарық көретіндігі сөзсіз. Бүгінгі мақаламда мен Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қор мен оның облыстық бөлімшесінің құрылуы, арда азаматтың есімін ұлықтау жолында аймақта атқарылып жатқан жұмыстар туралы жазуды жөн көрдім. Осы орайда қордың алғашқы президенті, Д.А.Қонаевтың қызметтес әріптесі әрі көршісі болған Сұлтан Жиенбаевтың естелігіне көз жүгіртсек, көп жайтты аңғаратындығымыз сөзсіз. «1992 жылы «Правда» газетінен Өзбекстан Республикасында «Ш.Рашидов» және Қырғызстан Республикасында «Усубалиев» қорлары құрылғандығы туралы хабарды оқығаннан кейін маған Д.А.Қонаев қорын құру туралы ой келді. Бұл ойымды оқымысты ғалымдар, зиялы қауым, өнер адамдары қолдай отырып, менің өзіме Д.А.Қонаевпен пікірлесуімді және келісімін алуымды сұранды.
Димаш Ахметұлына Д.А.Қонаев атындағы қор құру туралы өз ойымды және көпшіліктің тілегін айтып, егер келісімін берсе барлық ұйымдастыру жұмыстарын өз мойныма алатынымды жеткіздім. Алғашқы кезде ол кісі келісімін бермеді. Қор құру туралы Асқар Минахметұлы мен Д.Қонаевтың жұбайы Ләйла Мұхтарқызы да қолдап, екі жақтап Димаш Ахметұлының келісімін алдық. Бірақ ол кісі: «Егер қорды сен өзің басқаратын болсаң ғана бұл жұмысты қолға аламыз», – деп талап қойды. Бұл жерде қордың құрылтайшылары кімді сайлайды, сол төраға болатынын, егер маған ұсыныс беріп жатса, мен бұл жұмысты қуана атқаратынымды айттым. Д.А.Қонаев атындағы қорды құру жұмыстары қызу жүрді. Ол кезде қор құру туралы ереже және тағы басқа тиісті құжаттар жоқ болатын. Қордың міндеттері мен өкілеттігін және немен айналысатындығын жаздық. Бұл жұмыстарға Ләйла Мұхтарқызы, Эльдар Қонаев, тағы да басқа азаматтар атсалысты.
Енді құрылтайшыларды шақырып, қордың ережесін бекіту және Президентін сайлау қалды. Құрылтайшылардың тізімін жасап және оған кірем деген кісілерді қосып, 1992 жылы 13 қараша күні жиналысты өткіздік. Оған қатысқандар: «Халық бірлестігі» партиясының төрағасы С.Әбдірахманов, Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаров, Алматы облысының бұрынғы бірінші хатшысы Кеңес Аухадиев, «Қазақ университеті» баспасының директоры С.Әбдраймов, «Абес» банктің президенті Жанат Байқошқаров, академик Надир Надиров бастаған барлығы 57 адам. Құрылтайшылардың жиналысында Димаш Ахметұлының Қазақстан Республикасына сіңірген еңбектері айтылып, Д.А.Қонаев атындағы қор құру туралы шешім қабылданды. Д.А.Қонаевтың жазбаша ұсынысы бойынша қордың президенті болып мен сайландым. Вице-президент болып К.Аухадиев, Э.Қонаев және С.Әбдраймов сайланды.1993 жылы 6 ақпанда өткен тұсаукесеріне Д.А.Қонаев өзі қатысып, қордың қоғам алдындағы міндеттерін белгілеп берді. Димекеңмен 40 жылдай қызметтес болдым, көрші тұрдым. Қазақтың тарихында табан аудармай көп жыл билікте отырған бірден-бір адам Димекең болатын.
Ол – тақтан түскеннен кейін де қолдан жасалған жалаға қарамастан абыройын сақтап қалған бірегей саясаткер. Ол билікте болған жылдары экономикалық өрлеу болғанын мойындағысы келмей, ілік іздегендер жетіп артылды», деп жазды Сұлтан Жиенбаев. Ал Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесі 1996 жылдың қараша айында құрылды. Қор – тәуелсіз ұйым. Өзінің қаражаты мен мүмкіндіктерін қайырымдылық, мәдени-ағарту және басқа да игі мақсаттарға жұмсайды. Бұл шаруаның басы-қасында Айтбай Назарбеков, Жапар Түйебеков, Әбдіқадыр Жүргенов, Баттал Жаңабаев, Мәмбет Күшікбаев және тағы да басқа ағаларымыз болды.Қордың облыстық бөлімшесі мүшелерінің қозғау салуымен алғаш рет Тараз қаласындағы бұрынғы Украин көшесі ұлтымыздан шыққан ұлағатты тұлға Д.Қонаевтың атын алды. 2002 жылы 12 қаңтарда Д.Қонаевтың туғанына 90 жыл толуына орай қор мүшелерінің қолдауымен және демеушілігімен Тараз қаласындағы Д.Қонаев көшесінің бойында сквер ашылып, ескерткіш-бюст қойылды. Сонымен қатар Талас ауданының Ақкөл ауылында ескерткіш-бюст тұрғызылды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР экс-экономика министрі М.Үркімбаев және облысымыздың Құрметті азаматы А.Кәрентаевтар қорды басқарған жылдары Д.Қонаевтың ел экономикасын көтеру жолындағы ерен еңбегі жастар мен студенттер және мектеп оқушылары арасында көп насихатталып, бірнеше кітаптар шығарылды.Қор мүшелерінің ұсынысымен республика көлемінде бірінші рет 2017 жылы 15 қарашада сол кездегі Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Д.Қожамжарованың төрағалығымен «Дінмұхамед Қонаев – дәуіріміздің ұлы тұлғасы» атты республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференция өтті.
Облыстық бөлімше төрағасы А.Кәрентаевтың тынымсыз атқарған жұмыстарының нәтижесінде, Үкіметтің шешімімен 2017 жылы Тараз қаласында орналасқан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына Дінмұхамед Қонаевтың есімі берілді. Бұл қала жұртшылығы үшін үлкен тарту және дара да дана тұлғаны ұлықтаудағы игі істің алғашқы бастамасы болды. 2019 жылы Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің төрағасы болып Әлімбек Жұмабаев сайланды. 2020 жылы шілде айында короновирус індеті халықты қыспаққа алғанда Ә.Жұмабаевтың ұйымдастыруымен аймаққа танымал кәсіпкерлер қорға 50 миллион теңге жинап берді. Осы қаражатқа қажетті дәрі-дәрмек пен дем алдыратын құралдар алынып, облыс ауруханалары мен емханаларына тегін таратылды. Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көмектер көрсетілді. 2020-2021 жылдары Д.Қонаевпен жұмыс барысында жүздескен замандастары, еңбек ардагерлері, қарапайым еңбеккерлер және ел тізгінін ұстаған азаматтардың қатысуымен «дөңгелек үстелдер» өткізіліп, ол туралы жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, атап айтқанда, облыстық «Aq jol», «Знамя труда» және «AR-AI» газеттерінде «Қонаев қорындағы кездесу» айдарымен мақалалар топтамасы жарияланды.
Олардың қатарында А.Карентаев, Н.Рахышова, Б.Бекежанов, А.Шупта. С.Әмреқұлов, 29 жасында Социалистік Еңбек Ері атанған М.Ибрагимова апай бастаған елге белгілі азаматтар әсерлі әңгімелерімен бөлісті. Дінмұхамед Ахметұлы туралы естелік иелерінің басым көпшілігі тұғыры биік тұлғаның қарапайымдылығын, алды кең, жаны жомарт болғаны, парасаттылығын, терең білімдарлығы мен мол өмірлік тәжірбиесін жиі атап өтеді. Соның бірі С.Әміреқұлов «Димаш Ахметұлының жеке қабылдауында екі рет болдым. Соңғы қабылдауы Жуалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланар алдындағы ақыл-тілегі өмірлік қағидама айналды. «Сіз республикадағы ең жас бірінші хатшысыз. Шаруашылық, мекеме басшылары кезінде өзіндік бір қабілетімен көзге түсіп, басшылыққа тағайындалған болар. Сондықтан басшы екенмін деп сыпыра ауыстыра беруден аулақ бол. Кемшіліктерін байқасаң, жолын тауып көмектесуге ұмтылу өзіңнің азаматтық борышың болсын. Олардың отбасы бар, туыстары бар. Қапа болы, сіз туралы жағымсыз сөздер айтылуы мүмкін екенін ұмытпаңыз. Өмірде альтурист болуың керек, қазақша айтқанда, қолыңнан келетін жақсылығыңды өлшеусіз түрде жасасаң, ел-жұрттың рамқетін аласың» деді», – деп сыр шерткен. Д.А. Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесі қамқоршылық кеңесінің мүшесі, белгілі кәсіпкер, ұлт жанашыры Әлімбек Жұмабаевтың демеушілігімен 2007 жылдан бері еркін күрестен ересектер арасында Д.А.Қонаев атындағы турнир өтіп, «Сәтті» тойханасында қайырымдылық ас беріліп, марқұмның аруағына Құран бағышталады. Мұндай ізгілікті де игілікті іс -шара жылда өзінің жалғасын тауып келеді.
2012 жылдан бері Д.А.Қонаев атындағы халықаралық турнир дәрежесіне көтерілген жарысқа Моңғолия, Бразилия, Польша, Жапония, Белоруссия сияқты алыс-жақын шетелдерден 100-150 спортшы келіп, өз өнерлерін көрсетуде. Мұның өзі облыс жастарының рухын көтеріп, күрес өнеріне деген қызығушылығын оятатындығы сөзсіз. Ел жағдайы мен тарихы көп ретте билік басында отырғандарға байланысты. Тарихи тұлға туралы ресми құжаттардан емес, замандастарының естеліктерінен, жақын араласқан адамдардың айтқан сөздерінен ой түйгеннің жөні бөлек. Осы орайда қор мүшелерінің ұсынысымен 2019-2020 жылдары Д.Қонаев туралы –Эйзенхауер, Нерри Джабахералал, Ш.Айтматов, М.Әуезов, Б.Момышұлы, тағы да басқа көптеген замандасының пікірлерінен бейнероликтер түсіріліп, әлеуметтік желілер арқылы жастарға таныстырылды. Соның бірі – төрткүл әлемге танымал, АҚШ президенті Эйзенхауердің «Бүгін мен зор тұлғамен қауыштым. Ол – терең саясаткер, халықтар даналығын терең меңгерген адам. Ол – КСРО-ның сирек кездесетін тұлғасы», – деп Д.А.Қонаевқа баға беруі біз үшін үлкен мақтаныш. Міне, осындай биік дәрежеге көтерілген таутұлғаның даңқын қалай асқақтатсақ та жарасады. Осы жерде бір жайтты айта кеткен ләзім. 2020 жылдың қазан айында Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесі қорының мүшелері және зиялы қауым өкілдері қатысқан жиналыста көрнекті мемлекет және қоғам қайраткеріне Тараз қаласында монументалды ескерткіш қою туралы мәселені көпшілік қызу қолдады. Жиын үстінде айтылған ұсыныстар мен пікірлерді орындау үшін қор мүшелері көп жұмыс ұйымдастырды. Сөйтіп, 2020 жылдың 30 желтоқсанында Үкіметтен Тараз қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Д.Қонаевқа ескерткіш орнату туралы ұсынысқа қолдау көрсетілсін деген хаттама алдық.
Осылайша Д.Қонаевтың монументалды ескерткішіне байқау жарияланды. Байқауға республика бойынша 23 өнер туындысы ұсынылды. Дегенмен №000103 өнер туындысы жеңімпаз болып, тиісті келісмшарт жасалынды.Бірақ жұмысты бастауға қорда қаржы болмады. Ойға алған істі жүзеге асыру үшін үлкен тәуекелге баруға тура келді. Дана халқымыз «Теңіз тамшыдан құралады» деп тектен-тек айтпаған болар. Қор мүшелері бастамашы болып, өздері қаржы сала бастады. Іле-шала қатарымызды 540 жанашыр азамат толықтырып, қаржылай қолдау көрсетті. Олардың арасында 3 500 теңгеден бастап 7 миллион теңгеге дейін үлес қосқан азаматтар болды. Ең бастысы, жауапкершілік жүгін жеңілдетпеуге тырыстық. Солқылдақтық жасамай, босбелбеулікке ұрынбай, ұятты жолдас етіп жұмыс істедік. Ынталы азаматтар талай-талай тамаша бастамаларға мұрындық болды. Ол азаматтардың табандылықтары туралы таңды таңға ұрып айтуға болады. «Көз –қорқақ, қол – батыр» деген осы екен. «Апырай, қалай болар екен?» деп, үміт бен күдік қатар атой салған күндер артта қалды. 2022 жылдың 13 тамызында дәуірдің ұлы тұлғасы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың ескерткішін Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық әртісі А.Әшімов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Омаров, Д.Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Э.А.Қонаев салтанатты түрде ашты. А.Шабдарбаев бастаған «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері және тағы да басқа мәртебелі меймандар сөз алып, Жамбыл жұртшылығын осынау тарихи күнмен құттықтады. Бүгінде Д.Қонаев көшесінің бойында орналасқан алып тұлғаны көрген ел «Қазақтың бағына туған ерім» деп еміренеді. Д.Қонаевтай тұлғамен әлі талай-талай ұрпақ жүздесеріне, жүздесіп қана қоймай, рухына тағзым етіп, оның өмірлік қағидатын ұстанып, аманатына адал болатынына шек келтірмейміз. Дінмұхамед Ахметұлының өнегелі өмірі мен тағылымы туралы айтудан жалықпаймыз. Әсіресе қазіргі жаңа Қазақстан қоғамында ол кісінің халқына құрметі, адалдығы мен тазалығы, қайраткерлігі жан-жақты насихатталуы керек.
Осы мақсатта қордың облыстық бөлімшесінің төрағасы ретінде аймақ басшысы Е.Қарашөкеевтің қабылдауында болып, атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар еттім. Жүзеге асып жатқан жұмыстарға қарамастан, Димаш Ахметұлының адалдығын, тазалығын, қарапайымдылығын, еткен еңбегін халық арасында насихаттау өз дәрежесінде емес екеніне тоқталдым. Облыс әкімі «Д.Қонаев – еліміздегі тарихи тұлға» дей келе, халқымыздың даңқты перзентін телеарна эфирлері мен БАҚ беттерінде насихаттауды қолдайтындығын білдірді. Жақында қордың облыстық бөлімшесінің бастамасымен аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдары басшыларының қатысуымен «Д.А.Қонаев және әділетті қоғам» атты «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Басқосу барысында сөз алған зиялы қауым өкілдері ұлы тұлғаның «Ақиқаттан аттауға болмайды» естелік-эссе кітабын талдауға баса мән берді. Өз кезегінде сөз алған ҚР Білім беру ісінің үздігі, әдебиеттанушы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев тұғыры биік тұлға туралы құнды естеліктерімен бөлісіп, қазақ халқы үшін істеген ізгі істері мен қарапайымдылығын тілге тиек етті. Сондай-ақ Б.Мақашев бүгінгі таңда Қонаевтай тұлғалардың қадіріне жете білудің маңыздылығы жоғары екендігін жеткізді. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев Қазақстанды 40 жылға жуық уақыт басқарған тұлғаның өнегесі мен өмір жолы туралы тарихи деректер келтіріп, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қайраткерлік жолына тоқталды. Сауран Қалиев: «Дінмұхамед Ахметұлы басқарған жылдары Алматыдағы биік ғимараттар мен қонақүйлер, «Медеу» кешені, орталық стадион, тағы да басқа көптеген зәулім нысандар және театрлар, «Қазақфильм» орталығы, филармония, кітапхана сынды бірнеше мәдени орын ашылып, пайдалануға берілді.
Ол басқарған соңғы онжылдықтың өзінде әлеуметтік мәдени орталықтар Арқалықта, Жезқазғанда, Шевченкода (қазіргі Ақтау), Теміртауда, Талдықорғанда, Көкшетауда ашылып, театрлар мен филармониялар жұмыс істей бастаған екен. Қазақ КСР мемлекеттік өнер музейінің, Суретшілер одағының көрме залының кең сарайлары салынып, пайдалануға берілген. Шымкентте суретшілер үйі, Алматыда баспа үйі салынып, «Жалын», «Өнер» баспалары ашылды. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптар музейі ұйымдастырылып, оған бұрынғы офицерлер үйінен жай берілді. Ол республика жұртшылығының сүйікті орны ғана емес, шетелдерден күн құрғатпай келіп-кетіп жататын қонақтардың арнайы ат басын тірер орталығына айналды. Білім мен ғылымдағы еңбегіне келер болсақ, Д.А.Қонаевтың кезінде жалпы білім беру жүйесі, оның ішінде жоғары білім беру үлкен биікке көтерілді. 1936 жылы елде 83 орта арнаулы оқу орны болса, Д.А.Қонаев 1980 жылдары оны 231-ге жеткізген. Сондай-ақ 1945 жылы Қазақстанда 14 жоғары оқу орны болса, олардың қатары 1960 жылы 28-ге, 1985 жылы 55-ке артты. 1955 жылы студенттер саны 70 мың болса, 1985 жылы 270 мың болған. Ол кезде жоғары оқу орнында оқитын қазақтар аз еді. Мысалы, 1955 жылы студенттердің 28 мыңы ғана қазақ екен. 1985 жылы олардың саны 151 мыңға жеткен. Д.А.Қонаев мәдениет пен өнерге, ғылым мен білімге көңіл бөле отырып, «Кем дегенде әр облыста бір институттан болсын.
Ол тек оқу орны ғана емес, мәдени, ғылыми, әлеуметтік орталыққа айналсын», деген талап қойды. Соның нәтижесінде Алматыны айтпағанда студенттер қаласының қатарына Қарағанды, Жамбыл, Шымкент, Ақмола, Қостанай, Өскемен, Семей қалалары қосылды. Оның талабымен барлық облыста педагогикалық институттар ашылды. Дінмұхамед Ахметұлының Қазақстан ғылымына сіңірген еңбегі де ұлан-ғайыр», – деді. Ал «AULIEATA-MEDIA» ЖШС-ның бас директоры Данияр Асқарұлы ұлт көсемі Дінмұхамед Қонаевтың жүріп өткен ізі қазіргі жастарға үлгі екенін айтып, дара тұлғаның еңбегін халыққа жеткізу жолында өзі басқарып отырған серіктестікке қарасты басылымдарда мақалалар тұрақты түрде жарияланып тұратынын айтты. Басқосуда ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, облыстық мәслихаттың депутаты, журналист-жазушы Оралхан Дәуіт, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков сөз алып, ұлы тұлғаның көсемдігі мен көрегендігі турасында ойларымен бөлісті. Д.А.Қонаев – әлем саясаткерлерінің тарихында көзі тірісінде де, көзі кеткеннен кейін де артына сөз ілеспеген бірегей тұлға. Біз Д.Қонаев және оның дәуірі тиянақты зерттеуді, зейінді зерделеуді қажет етеді деп ойлаймыз.
Бүгінгі күннің олқылығын болашақтағы тарихшылар толықтырар деп үміттенеміз.Тағылымды тарихты еске алып отыру – өсер елдің белгісі. «Өткеннің өнегесі – ұрпаққа ұлағат» дегендей, Д.Қонаевтың игілікті істерін елге, әсіресе жас буынға үлгі ету парызымыз. Осы орайда облыстық «AR-AI» жастар газетімен бірлесіп танымдық дүниелерді, әсерлі естеліктерді, салмақты сұхбаттарды жариялауды жоспарлап отырмыз. Жақында қордың облыстық бөлімшесінде ұйымдастырылған Наурыз дастарқанында да осындай орамды ойлар айтылып, ұтымды ұсыныстар тасталды. Бір сөзбен айтқанда, алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр.
Қибат Асқарбеков,
Д.А.Қонаев атындағы
халықаралық қордың облыстық
бөлімшесінің төрағасы
Дінаралық татулық – қоғам тірегі
Ұқсас жаңалықтар
Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы шетелден тауарға тапсырыс беруге болады
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024