Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТЫҢ ТАҚТАСЫН ТІЛЕУБАЕВ ОЙЛАП ТАПҚАН

ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТЫҢ ТАҚТАСЫН ТІЛЕУБАЕВ ОЙЛАП ТАПҚАН
ашық дереккөз
ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТЫҢ ТАҚТАСЫН ТІЛЕУБАЕВ ОЙЛАП ТАПҚАН
Қазақтың ерте заманнан келе жатқан ұлттық ойыны тоғызқұмалақты қырғыздар да, қарақалпақтар да, алтайлықтар да ойнайды. Тіпті ойшылдар ойынын қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өзі сүйіп ойнапты. Қазір Шығыс Қазақстан облысындағы ақынның мұражайында Абай ойнаған тоғызқұмалақтың тақтасы да сақтаулы тұр екен. Кей деректерде Абайдың немере інісі Әрхам Ысқақов өз заманында тоғызқұмалақ мектебінің дамуына үлес қосқан деседі. Бертінде ұлттық ойынымызға Қалибек Қуанышбаев, Мұхтар Әуезов және Бауыржан Момышұлы сынды қазақтың біртуар азаматтары қолдау білдіріп, танылуына атсалысыпты. Ұлттық ойынымызды ұлықтауда жамбылдықтардың да үлесі бар. Осы орайда тоғызқұмалақ тақтасындағы отауларды әріптік белгілеуден сандық белгілеуге көшірген Серікбай Тілеубаевтың есімін ерекше атап өтуге болады. Яғни қазіргі қолданыстағы пластмассадан жасалған көк тақта С.Тілеубаевтың еңбегі. Тоғызқұмалақ тақтасы туралы айтылғанда С.Тілеубаевтың аты да бірге аталады. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Көкбұлақ ауылының тумасын жамбылдықтар да меншіктеп алған. Себебі өмірінің жартысынан көбі Жамбыл жерінде өткен. Облысымызда тоғызқұмалақты дамытып қана қоймай, шәкірттер тәрбиелеп, түрлі еңбектер жазды, ойынның негізгі қағидаттарын жетілдіру жолында талмай тер төкті. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан спорт қайраткері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Серікбай Тілеубаев Мәскеу қаласындағы технологиялық институтты бітіргеннен кейін Жаңатастағы кен-байыту комбинатына инженер болып жұмысқа орналасады. Серікбай Тілеубаевтың Сарысу ауданындағы өнегеге толы еңбек жолы туралы шәкірті Ғани Қазбеков айтып берді. – Өздеріңіз білетіндей, Серікбай ағамыз тоғызқұмалақтың әріппен белгіленген отауларын санға ауыстырды. Одан бөлек ойынның дамып, таралуына ықпал етті. Себебі тоғызқұмалақшыларға А отауынан Б отауына дейін бару үшін есептеу қиынға соғатын. Серікбай Тілеубаев оқу орнында сабақ бере жүріп Жаңатас қаласында үйірме ашып, балаларды жинай бастады. Сол жылдары шахмат үйірмесіне баратынмын, кейін тоғызқұмалаққа ауысып кеттім. Жаттықтырушым Серікбай Тілеубаев болды. Ағайымыз салмақты, байсалды, көркем мінезді еді. Барлық нәрсеге байыппен қарайтын. Қазір тоғызқұмалақ ойынын компьютерге салып, жүрістерін, тактикасын оңай жасауға болады. Ал Серікбай ағамыз барлығын өз қолымен қағазға түсіріп, қиын-қиын диаграммаларды есептеп, шешу жолдарын табатын. Ағайымыз көп уақытын үйірме сыныбында өткізетін. Кейде қона жатып тоғызқұмалақты зерттейтін. Ұстазымыздың жарыққа шықпай қалған еңбектері көп. Өкінішке қарай, бай мұрасын сақтай алмадық. Бірақ алдағы уақытта шәкірттері іздестіріп, қайта жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Ағайымыздың жарқын бейнесі мәңгі есімізде қалады, – дейді Ғани Қазбеков. Тоғызқұмалақ жанашырының қазақтың тағы бір зияткерлік ойыны бестемшені дамытуға да қосқан үлесі зор. – Серікбай Тілеубаев тоғызқұмалақтан өткен үлкен жарыстарда үнемі бас төреші болатын. Біз ол кезде оқушы едік. Бірде үлкен турнирде жүлдегер болғанымда арнайы келіп құттықтап, батасын берді. Менің партиямды кітабына енгізейік деді. Ағайымыз жақсы партияларды жинап, кітабына енгізіп жүретін. Жалпы қанша уақыт өтсе де ағайымыздың еңбегі ұмытылмайды. Қазір өзім де жаттықтырушымын, шәкірттеріме кейде жарыста Серікбай Тілеубаевтың партияларын қостырамын. Сол кезде міндетті түрде жеңіп қайтамыз. Былай айтқанда, бір өзі бір мектеп болды ғой. Серікбай Тілеубаев тоғызқұмалақ ойынына ұқсас қазақтың ертедегі бестемше ойынын зерттеп, балаларға үйрете бастаған шағында өмірден озды. Бестемше тоғызқұмалақ ойынының жеңіл түрі. 3-4 жасар балалар ойнай береді. Алдымен бестемшені меңгеріп алса, ары қарай тоғызқұмалақты ойнау жеңіл болады. Тоғызқұмалақ 162 таспен ойналса, бестемшені 50 таспен ойнауға болады. Мәселен, бестемшені 4 жастағы қызыма үйретіп көріп едім, бірден қағып алды. Содан бастап ағамыздың жобасын ары қарай дамытып, балабақшаларда үйретуді қола алдық. Тараз қаласында қазір бірнеше балабақшада бестемше ойыны ойнатылады. Тараз қаласындағы №1 балабақша ұжымы қолға алып, тәрбиеленушілеріне үйретіп, түрлі семинарлар, жарыстар өткізіп жатыр, – дейді облыс әкімдігі ұлттық спорт түрлерінен «Әулиеата» кәсіпқой клубының тоғызқұмалақтан жаттықтырушысы Ербол Нұрханов. Әлемде адамзаттың ақыл-ойымен, қолымен жасалған зияткерлік ойындар аз емес. Ағылшын ойшылы Джеймс Мюррей дүниежүзiндегi зияткерлiк ойындарды 5 топқа бөледі. Олар: шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, нарды және гоо. Осы бес топтың ерекшелiктерiне байланысты тоғызқұмалақ манкала тектес ойындардың құрамына кiредi екен. Аталған әр ойын әрбiр ұлт мәдениетiнiң көрiнiсiндей. Мәселен, шахмат еуропалық, дойбы грек, гоо қытай, нарды иран, ал тоғызқұмалақ көшпендiлер дүниетанымына сәйкес келедi. Айжан ӨЗБЕКОВА    
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар