Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жақсының аты өшпейді

Жақсының аты өшпейді
Ашық дереккөз
Қоғам қайраткері, облыстың Құрметті азаматы Баттал Жаңабайұлының туғанына 95 жыл толуына орай Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында «Aulieata-Мedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Баттал Жаңабайұлының журналистік жолы: қазіргі қазақ баспасөзіндегі ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.

Басқосуды «Aulieata-Мedia» ЖШС Бас директоры Данияр Асқарұлы кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Бірінші болып сөз алған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова Баттал Жаңабайұлының руханият, журналистика саласына қосқан үлесіне тоқталды. Сондай-ақ басқарма басшысы алдағы уақытта журналистика саласының қаранарына айналған аңыз адам Баттал Жаңабайұлының құрметіне конкурстар ұйымдастыру жоспарланып отырғанын мәлім етті. Ал Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің директор-бас редакторы, Қазақстанның Құрметті журналисі Жаңабай Миллионов шәкірті ретінде Баттал Жаңабайұлының қасында жүріп көп жақсылығын көргенін тілге тиек етіп, өненелі өмір иесінің тұлғалық болмысын ашып беруге тырысты.

– Баттал Жаңабайұлы өте ақылды басшы болды. Облыстық газетке басшы болған жылдары тілшілер баспаналы болды. Қол астындағы қызметкерлеріне тізесін батырмай, керісінше маңдайынан сипап отырды. Әрбір қызметкерінің үйлі-күйлі болуына ықпал етіп, барынша жағдайын жасаған басшы ретінде Баттал ағамыздың адамгершілік қасиеті кейінгі ұрпаққа өнеге болады деп сенеміз. Қаламгерлігі мен ұстаздығынан бөлек, басшылық қызметте болған кездерінің өзі аңызға толы. Айталық, редактор болып тұрған кезде Баттал ағамыздан бәрі именетін. Әрине, қорыққаннан емес, сыйлағаннан. Енді бір жағынан, өткірлігінен де болса керек. Сондай-ақ ақиқатшыл мінезі арқылы мектеп қалыптастырып, тіпті журналистиканы «төртінші билік» дәрежесіне көтерген еліміздегі бірден-бір редактор десек те артық айтпаған болар едік, – деді Ж. Миллионов. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» демекші, бір дәуірдің таутұлғасы абыз Батталдың артына қалдырған аңызға бергісіз істері көп. Көзін көрген кез келген қаламгер Жамбыл журналистикасының мектебін қалыптастырған тұлға туралы әсерлі әңгіме айтпай тұра алмайтыны да содан.

«Баттал Жаңабайұлы – білікті редактор, қарымды қаламгер және қайраткер» деген тақырыпта сөз қаузаған ардагер журналист, жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Елен Әлімжан Баттал Жаңабайұлының жершілдікке, рушылдыққа бөлінбейтін қасиетін даралап көрсетті. Сонымен қатар журналист, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы «Ұстаз және тәлімгер» тақырыбында ой өрбітті. Жазушы өз сөзінде Баттал Жаңабайұлының еңбегіне тарихи тұрғыда баға беріп, тіпті бір ғимаратқа, бір көшеге атын беру туралы ойын ортаға салды. Ал ардагер журналист Баймаханбет Ахмет Баттал Жаңабайұлы оқуларын ұйымдастыру бойынша ұсынысын білдірді.

– Аңыз адам Баттал Жаңабайұлының есімі ешқашан ұмытылмайды. Бір басы мыңға татитын қазақ журналистикасының Қаратауының баурайынан түлеген шәкірттері – Әбдірахман Асылбеков, Өкім Жайлауов, Әлдихан Қалдыбай, Арғынбай Бекбосын, Асқаржан Сәрсек, Толымбек Әлімбекұлы, Мұса Рахманбердиевтердің өзі де бір-бір тауға айналған тұлғалар. Егер Баттал Жаңабайұлы тірі болғанда биыл 95 жылдығын тойлап жатқан болар едік, – деді Данияр Асқарұлы «дөңгелек үстелді» қорытындылап. Айта кету керек, Ал кеше Баттал Жаңабайұлы тұрған үйге ескерткіш тақта қойылды. Іс-шараға ардагер журналистермен қатар қоғам белсенділері қатысты. Ескерткіш тақтаның ашылуына келген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Баттал Жаңабайұлының қажырлы еңбегі қазіргі жастарға үлгі болатынын айтып, ел үшін еңбек еткен адамның есімі мәңгілік тақталарға жазылатынын атап өтті.

 

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар