Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ананың алақаны – біз үшін ең жылы ұя

Ананың алақаны –  біз үшін ең жылы ұя
Ашық дереккөз
Кеше «Баласағұн» орталық концерт залында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен салтанатты жиын өтті. Мерекелік іс-шарада сөз сөйлеген Ербол Шырақпайұлы әйелдер қауымының жасампаздық қасиеті мен күш-қуаты еліміздің дамуына үлкен септігін тигізетінін атап өтті.

– Халқымыздың «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөзінің мәні тереңде. Себебі дүниеде ана махаббатынан қасиетті ештеңе жоқ. Ананың алақаны – біз үшін ең жылы ұя. Ана – өмірдің бастауы, отбасының шуағы, тәрбиенің қайнар бұлағы, береке-бірліктің шырақшысы. Бұл сөздер – әйелдердің қоғамда алатын рөліне берілген өлшеусіз баға! Сондықтан ең жоғары құрмет ардақты аналар мен аяулы аруларға арналады. Отбасымен қатар, еліміздің дамуы жолында да аянбай еңбек етіп жүрген нәзікжандылар аз емес. Аймақтың алға жылжуы үшін аянбай тер төгіп, бүгінде еңбек ардагерлерінің қатарында жүрген Лидия Ахметова, Нілзия Рахышева, Бәтес Егембердиева, Күләш Әбдікешова, Күләш Назарбекова сынды аналарымыз аймақтың қоғамдық-саяси өмірінен тыс қалмай, әлі де жас ұрпақ тәрбиесіне атсалысып келеді.

Ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруді парыз санаған қаншама білім саласы мен адам жанына араша түсіп жүрген ақ халатты абзал жандарымыздың еңбегін айтпай кету мүмкін емес. Облыстың рухани өмірінің дамуына үлес қосып жүрген айтулы ақын және өнерпаз, Жамбыл жерін әлемге танытқан спортшы қыздарымызды әрқашан мақтан тұтамыз. Мемлекеттік қызметтегі әріптестеріміз де біршама. Қаншама қыз-келіншектеріміз Қарулы күштер, сот, прокуратура, төтенше жағдай және ішкі істер органдарының сапында қоғамдық тәртіптің сақшысы болып жүр. Шынында да қоғамдық өмірдің кез келген саласын әйелдерсіз елестету мүмкін емес. Олар қызметпен бірге отбасының ұйытқысы, жанұяның шырағына айналып отыр. Өскелең ұрпаққа өнегелі тәлім-тәрбие беру ісінде әйелдердің рөлі әрқашан айрықша бола бермек.

Осындай игі істердің басы-қасында жүрген сіздерге шексіз алғысымды білдіремін. Баршаңызды мерекемен тағы құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, жанұяларыңызға бақ-береке тілеймін! Әрдайым көңілдеріңіз шат, мерейлеріңіз үстем болсын! – деген Ербол Шырақпайұлы облысымызға сіңірген еңбегі үшін бірқатар қыз-келіншектерді марапаттады. Жалпы облыс әкімінің айтуынша, бүгінде облысымызда 45 мыңнан аса көпбалалы ана болса, 17 мыңға жуығы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иелері екен. Сонымен қатар іс-шарада облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев құттықтау сөз сөйледі. Салтанатты жиын соңы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздары ұсынған концерттік бағдарламаға ұласты.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар