Тіл мәртебесі - ел мәртебесі
Қазақ елі Тәуелсіздік алған кезден бастап өркендеу жолындағы күрделі кезеңдерден, жетістікке бастаған белестерден өтті. Экономикада, білім мен ғылымда, мәдениет пен руханият саласында толымды табыстарға жеткен толы жылдар болғандығы сөзсіз. Бұл жылдарда егемендіктің тірегі саналатын – мемлекеттік тіліміздің мәртебесін биіктетуге бағыт ұсталған асқақ мұраттармен де ерекшеленді.
Ұлттық құндылықтың өзегі тілден бастау алатындығы ақиқат. Тілі азат болмаған елдің өзі тәуелсіздікке жете алмайтындығын тарих шындығы талай мәрте дәлелдеп берді. Алаштың көрнекті қайраткері Әлихан Бөкейхан өткен ғасырдың басында ұлт–азаттық қозғалысының қайнаған ортасында жүріп, ана тіліміздің азаттық алуын алдыңғы қатарға қойып, жан аямай күрескен болатын. Осы мақсаттағы ұлы күрес еш толастаған емес. Қазақ елі қаншама ықылым заманды бастан өткерсе де туған тіліміз жойылып кетпеді. Жаңа ғасырға да аман-есен жетіп, елімен бірге жасасып келеді.
Азаттықтың ақ таңы атқаннан кейін өз тізгінімізді өзіміз қолға алып, әсіресе кенжелеп қалған қазақ тілін төрге оздырып, көсегесін көгертуге ел болып, жұрт болып жұдырықтай жұмылғанымыз заңдылық болатын.
1989 жылдың 22 қыркүйегінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Тіл туралы» заң қабылданды. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып, қоғамдағы орнын айқындап алды.
1993 жылғы Конституцияда қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілумен қатар, орыс тілі ұлтаралық тіл болып бекітілді.
1995 жылғы Ата заңымыздың 7-бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген құқықтық норма келесі тармақтағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген баппен толықтырылды.
1997 жылғы Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған «Тіл туралы» заңында да ана тіліміздің мәртебесі сақталып, нақтыланды.
Жамбыл облысы соттарының қызметкерлері мен судьялары мемлекеттік тіліміздің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған пәрменді жұмыстар атқаруда. Сот процесін мейлінше қазақ тілінде жүргізуге ден қойылып келеді. Сот актілерін мемлекеттік тілде дайындаудың сапасы процестік заңнама талаптарына сай жақсара түсуде. Судьялардың сот актілерінің қазақ тілінде жазылу сапасына жүйелі түрде талдаулар жасалып, тиісті кеңестер беріліп тұрады.
Мемлекеттік тілде сот төрелігін жүзеге асыруды қамтамасыз ету аясын кеңейту мақсатында қалалық және аудандық соттардың арасында қазақ тілінде жазылған сот актілері іріктеліп, судьяларды ынталандыру шаралары қарастырылады. «Мемлекеттік тілдегі ең үздік сот отырысы», «Мемлекеттік тілдегі үздік сот актісі», «Ана тілім – айбыным», «Рухани жаңғыру – Абай тану» атты байқаулары өткізіледі.
Судьялыққа үміткерлер мен сот саласына жұмысқа қабылданатын мамандардың мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесіне қоғамдық кеңестер мен облыстық соттың жалпы отырыстарында назар аударылады, яғни қазақ тілін жетік білетін үміткерлерге басымдық беріледі.
Облыс соттарында құжат айналымының көрсеткіші жақсарып келеді. Нақтырақ айтқанда, соттарға түскен құжаттардың 90 пайызы мемлекеттік тілде жіберілген.
Бүгінде «Тіл үйренуіңізге не кедергі?» деген сауалға кейбір азаматтар «Қажетті әдістемелер, электронды сайттар мен мобильдік қосымшалар жоқ. Тілді үйренуге арналған әдістемелік құралдардың сапасы төмен» деген тәрізді уәждерін алға тартады. Ана тілімізді ыждаҺаттылықпен үйренуге бекінген азаматтарға оқу – әдістемелік құралдар жеткілікті. Тек соны дұрыс пайдалана білуде және тілге деген ниетінде жатқан сияқты.
Еркіндік самалымен тыныстаған отыз жылдан астам уақытта тіліміздің айбынын асыра алдық па? Бұл ретте Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөзіне назар аударғанымыз артық болмайды. «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек» - деді мемлекет басшысы.
Қазақ елінің бейбітшілікті ту еткен саясатының арқасында осында тұратын жүздеген ұлт өкілдері жарасымды өмір сүріп келеді. Өзге ұлттарды бір шаңырақ астына біріктірген Қазақстан халқының Ассамблеясы құрылып, ел – жұртымызды ұйыстырып отырған, олардың достығына сызат түсірмей келе жатқан үйлесімді іс –әрекеттерін айту парыз.
Ел тәуелсіздігі жылдарында туған тіліміз жаңа биікке көтерілді деуге әлі ерте. Қазіргі жаҺандану заманында тек мықты ұлттар ғана аман қалып, ұлы дүрмектен қалмай алға қадам басатындығы анық. Осынау күрделі кезеңде қасиетті ана тілімізді сақтап қалудан, оның мәртебесін көтеруден асқан ұлы мұрат болмаса керек.
Динара Нұрлыбаеваэ
Жамбыл облыстық
сотының әкімшілік
істер жөніндегі
сот алқасының төрағасы