Ауыл, ауылдық округ әкімшілігі, аудан әкімдігінің бөлімдері, мекеме басшылары қатысқан семинарды аудан әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков ашып, жүргізіп отырды. Онда Руслан Шамелұлы облыстағы Өңірлік кадр резерві туралы толыққанды түсіндіріп өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы бастамаларының бірі – Президенттік жастар кадрлық резервін іріктеу болатын. Бұл жерде талантты әрі білікті жастар іріктелінуі қажет. Бұл жоба алғаш рет 2019 жылы басталып, 300 кадр іріктелініп алынған. Ал 2021 жылы – 50, 2023 жылы тағы 50 жас резервке алынды. Ал бұл биылғы жылы да өзінің жалғасын тауып отыр.
Бүгінде іріктеуден өткен талантты жастар еліміздің игілігі жолында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында табысты еңбек етуде. Семинарда заман ағымына сай талантты жастарды мемлекеттік басқару ісіне аймақтар деңгейінде де тарту қажеттілігі туындап отырғаны айтылды. Осыған байланысты биылғы жылдың 1 наурызынан бастап еліміздің әрбір өңірінде жас, талантты, білімді мамандарға арналған Өңірлік кадрлық резервке іріктеу басталатынын айтқан Р.Шарипов жиналғандарға іріктеудің жан-жақты жолдарын айтып берді. Онда іріктеуге қалай қатысуға болатыны, қай жастағылардың қатысу мүмкіндігі бар екендігі, құжат қабылдау мерзімі, іріктеуге байланысты кезеңдер, тестілеу бойынша заңнамаға байланысты келетін сұрақтар саны, тестілеудің уақыты, заңнаманы білумен бірге үміткердің жеке қасиеттерін бағалау, оның таңдаған салалық бағытына сәйкес жобаны қорғау қажеттігі айтылды.
Конкурсқа қатысу бойынша кететін шығындар үміткерлердің өз қаражаты есебінен жүргізілетіні де ескертілді. Тестілеудің тиісті кезеңдерінен сәтті өткен үміткер жергілікті өңірден құрылған комиссияның шешімімен өз өтініштерінде көрсетілген бағыттар бойынша Өңірлік кадрлық резервке іріктеліп алынатын болады. Жиында жастар тарапынан сұрақтар қойылып, оған жауап берілді. Кездесу соңында Руслан Шарипов бірнеше жасты өздерінің сұраулары бойынша жеке қабылдады. Қабылдауда болған сарыкемерлік жұмыссыз Жадыра Дәулетназарова, тараздық магистрант Нұрадин Сабыров, үлгілілік мемлекеттік қызметкер Дарын Жақсыберген мемлекеттік қызметтегі өздерін толғандырып жүрген мәселелер туралы сұрап, жауап алды.
Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ, Байзақ ауданы