Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жарқын жобалардың жемісі мол

Жарқын жобалардың жемісі мол
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салмақты реформалар қолға алынып, сан салаға тың серпін беруде. Түптеп келгенде, мұның бәрі де халықтың игілігіне бағытталған байыпты бастамалар. Бұл туралы Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында да нақты айтты.

 Мемлекет басшысы: «Қолға алған шаралар нәтижесінде билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік орнады. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар Президенттік республика үлгісіне көшті.Елімізде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы барынша орнықты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын нақты іске асыруымыз қажет. Бұл жерде Парламенттің рөлі ерекше. Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды.

Алайда нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалмауымыз керек. Осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет», – деді. Маңызды құжаттан туындаған міндеттерді іске асыру аясында Қордай ауданында да ауқымды істер атқарылуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша аудан экономикасының басым бөлігінде оң динамика қалыптасты. Жалпы өңірлік өнім 174,2 миллиард теңгені құрады. Өнеркәсіп, салықтық түсім, жалақы, бөлшек сауда айналымы, бюджет кірісі артты. Өнеркәсіп саласында 18,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 100,8 пайызды құрады. 64,1 миллиард теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар 73,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бөлшек сауда айналымының көлемі 38,3 миллиард теңге көлемінде болды.

Жалпы аудандық бюджетке түсімдер 16,5 миллиард теңгеге жоспарланса, ол 102,2 пайызға орындалды. Яғни қазынаға 356,7 миллион теңге артық құйылды. Оның ішінде аудандық бюджеттің өзіндік кірістері 5,4 миллиард теңгеге жоспарланып, нақты 5,7 миллиард теңге түсті. Былтыр мемлекет тарапынан аудандық мұрағат, халыққа қызмет көрсету орталығы, 2 спорт кешені, 2 мәдениет үйі, 2 медициналық нысан, 2 ауызсу құбыры толығымен аяқталып, ел игілігіне берілді. Сонымен қатар 51,2 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 3 елді мекенде, атап айтқанда, Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты ауылдарында жалпы 52,6 шақырым газ құбыры салынып, 614 аула көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында демеушілер тарапынан мұқтаж отбасыларға 15 баспана салынды.

Өткен жылы жалпы 240 пәтер пайдалануға берілсе, алдағы маусым айына дейін қосымша 180 пәтердің кілттері тапсырылады. Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін Қазақстанның барлық елді мекендерін 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту туралы тапсырмасы бойынша да нақты жұмыстар атқарылуда. Былтыр аудан әкімдігі тарапынан 15 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, бүгінде Бәйтерек, Соғанды, Шарбақты ауылдарында құрылыс жұмыстары басталды. Ал Гвардейск, Кенен, Қарасай, Керу, Үлкен Сұлутөр, Көктөбе, Алға, Бел, Жаңатұрмыс, Қызылсай, Сұлутөр, Күнбатыс-1 ауылдары бойынша тиісті құжаттар дайындалуда.

Құрылыс жұмыстары ауқымына қарай бірнеше жылға созылып жатады. Міне, сондай өтпелі нысандар қатарында 16 жоба бар. Атап айтқанда, мемлекет тарапынан Қарасай, Қақпатас ауылдарында еңселі мәдениет үйлері бой көтеруде. Сонымен қатар Еңбек, Күнбатыс-2, Қордай, Отар, Қайнар, Сарыбұлақ, Степное ауылдарында су құбырлары жүргізіліп, Масаншы, Сортөбе ауылдарында емхана салынып жатыр. Сондай-ақ Сортөбе ауылында полиция бөлімшесі есігін айқара ашатын күн жақын. 3 800 гектар суармалы алқапты сумен жабдықтауды ұлғайту үшін Қайнар ауылында қысымды су құбыры тартылуда. Бұдан бөлек Бәйтерек ауылында 150 орындық мектептің құрылысы жандана түскен жайы бар. Ұлттық жоба аясында Қарасу, Қаракемер ауылдарында 2023 жылдан өтпелі әрқайсысы 300 орындық «Жайлы мектептің» құрылысы жалғасуда.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, сол арқылы жұмыс орындарын ашып, әлеуметтің әлеуетін арттыру күн тәртібінен түскен емес. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Қордай ауданында «MONTERRO QASAQSTAN», «Шокпар-Гагаринское», «Туран-Металс», «KORCEM», «Алтай Голд», «Taraz Eko Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ірі жобаларды іске асыруда. Қазіргі таңда «Индустриалды-сауда-логистикалық» кешен құру жобасын іске асыруға Қарасу ауылдық округінен 36,0714 гектар жер телімі бөлінді.

Тұрғындардың табысын арттыруда Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның тигізіп жатқан көмегі көп. Ауданда жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 830 бірлікті құрайды. Оның ішінде 5 405 жеке кәсіпкер, 3 303 шаруа қожалық, 2 122 заңды тұлға тіркелген. Ұлттық жоба аясында жалпы сомасы 1,3 миллиард теңгені құрайтын 45 жоба қолдау тапты. Атап айтсақ, несиенің пайыздық ставкасын субсидиялау бойынша 26 жоба 1,1 миллиард теңгеге субсидияланды. Банк кредиттеріне кепілдік беру құралы бойынша 258 миллион теңгеге 19 жобаға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан кепілдік берілді.

Сонымен қатар аудандағы «Қордай» несие серіктестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 85 шаруа қожалыққа 1,3 миллиард теңге, ал «КМФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 4089 кәсіпкерге 4,1 миллиард теңге несие берілді. Оның ішінде 2 281 кәсіпкер «Агро» бағдарламасы бойынша 2,2 миллиард теңге, 1 808 кәсіпкер «Бизнес» бағдарламасы бойынша 1,9 миллиард теңге несие алды.

Негізінен ауданда түрлі бағдарламалар арқылы жалпы 6,7 миллиард теңгеге несие беріліп, 34 жаңа жұмыс орны ашылды. Жалпы Қордай ауданы бойынша 26 269 аула тіркелген. Экономикалық белсенді 73 923 тұрғынның 70 588-і жұмыспен қамтылған. Атап айтқанда, 34 529 тұрғын жалдамалы қызметкерлер санатында болса, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 36 059 адамды құрады. Өткен жылы ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 7 257 адам тартылып, 5 866 адам жұмысқа орналасты. Оның ішінде 4 270 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылып, жылдық жоспар 112,7 пайызға орындалды. Ұлттық жоба аясында жұмысқа орналасқан 1 596 адамның 291-і жастар тәжірибесіне, 91-і әлеуметтік жұмыс орындарына, 1 060-ы ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды. Сонымен қатар 64 азамат «Алғашқы жұмыс орындары», 3 тұрғын «Ұрпақтар келісімшарты», 87 адам «Күміс жас» жобасының шарапатын сезінді. 4 270 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды.

Жыл ішінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 942 азамат оқуын аяқтады. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант алуға 100 азаматқа жалпы сомасы 138 миллион теңге қаражат бөлінді. Есептік кезеңде мемлекеттік грантты 99 азамат алып, 136,6 миллион теңге игерілді. Грант иеленгендердің бірі азамат құс шаруашылығын қолға алса, 56 азамат мал шаруашылығын дамытуды мақсат тұтқан. 42 азамат технологиялық жабдықтар мен құралдар алып, кәсіп бастауды жөн көрді. Президент өз Жолдауында ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды екенін айтты.

Бұл тұрғыда «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігіне айрықша назар аударып, тиісті тапсырмалар берді. Бүгінде Қордай ауданы бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 5 ауылдық округ қатысып отыр. 2022-2023 жылдары Кенен, Қарасу және Қаракемер ауылдық округтерінің тұрғындары осы жобаның игілігін көрді. Мысалы, 2022 жылы Кенен ауылдық округінде 342 миллион 700 мың теңгеге 96 өтінім тапсырылды.

Оның ішінде 73 адам 340 миллион 890 мың теңге несие алып, шаруаларын дөңгелетіп әкетті. Ал 2023 жылы 3 отінім макұлданып, 97 қой, 8 жылқыға 11 миллион 500 мың теңге берілді. Бүгінге дейін 2 азамат малын тіркетті. 1 азамат мал сатып алу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы жоба шеңберінде 75 азамат барлығы 352 миллион 390 мың теңгеге 4 608 бас мал алып, шаруашылық кітабына тіркетті. Сол сияқты егіншаруашылығы бағытын дамыту үшін 9,2 миллион теңге несие берілді.

«ECO Chicken» жобасымен 4 азамат 34,4 миллион теңге қаржы алды. Қарасу ауылдық округіне тоқталатын болсақ, 61 адам жалпы сомасы 402 миллион 848 мың 400 теңге көлеміндегі несие қаражатына қол жеткізді. Қаражаты түскен азаматтардың ішінен 46 адам 231,9 миллион теңгеге 1 496 бас мал, 66 миллион 363 мың теңгеге мал азығын (жемшөп) сатып алды.

Қаракемер ауылдық округінде де жоба сәтті жүзеге асуда. Қазіргі таңда 132 тұрғынға несие мақұлданып, есепшоттарына 834 миллион 380 мың теңге аударылды. Қаражаты түскен азаматтардың ішінен 109 адам 470,3 миллион теңгеге 2 008 бас мал алды. Ал Сарыбұлақ ауылдық округінде 514.8 миллион теңгеге 75 ауыл тұрғынын 2,5 пайызбен несиелендіру жоспарланған. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 75 адамның құжаты толық өткізілді.

Бүгінде несие алуға ниет білдірушілердің ішінде 25 адам «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен өзара келісімшартқа қол қойып үлгерді. Қалған азаматтардың құжаттары қаралу үстінде. Сол сияқты Қақпатас ауылдық округінде 654,06 миллион теңгеге 67 ауыл тұрғынын несиелендірілу көзделген болатын. Олардың барлығының құжаттары толықтай өткізілді. Ертерек кіріскен 3 азамат келісімшартқа қол қойып, қаражаттарын күтіп отыр. Қазіргі таңда жоғарыда аталған 5 ауылдық округтің 268 тұрғыны 1 миллиард 633 миллион 300 мың теңге несие алып, өз жұмыстарын бастады. Ал биыл Қарасай, Қасық және Бетқайнар ауылдық округтері жобаға қатысады деп жоспарлануда. Өңірді өркендету бағытындағы өркенді істер алдағы уақытта да өз жалғасын таба беретін болады.

Бегзат Болатбеков, Қордай ауданының әкімі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар