Мемлекеттік тілді менсінбейтін дәмханалар
«Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және (немесе) басқа тiлдерде де орналастырылады».
ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабы
«Тіл мәртебесі – ел мәртебесі» деген нақыл да кешегі кемеңгер бабалардан қалған өсиеттің бірі. Ана тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанымен өз елімізде әлі де жетімнің күйін кешіп жүргені жанға батады. Елдің мәртебесін көтеру үшін тіліміздің қолданыс аясын кеңейтіп, мемлекеттік тілге деген барша жұрттың құрметін арттыру алдымен қоғамдық орындардан басталса керек-ті. Көптің көзіне түсетін көрнекілік құралдар, ақпараттық жазбалар мемлекеттік тілде таза да қатесіз жазылса, халықтың да жадында жаңғырар еді. Бұл заңмен де бекітілген. Алайда заң талабын орындамай жұртшылыққа қызмет көрсетіп жүрген орындар баршылық.
Халық көп баратын қоғамдық орындардың бірі – дәмханалар. Тараз қаласындағы еуропалық үлгідегі «Ristretto Coffee & Resto», «DISCOVERY COFFEE», «Baristacrat» кофеханаларда ас мәзірлері тек орыс тілінде жазылыпты. Біз өз тарапымыздан қоғамның қозғаушысы – журналист ретінде және тұтынушылық құқығымызды алға тартып, аталған кофеханаларға барып, базынамызды айттық.
«Ristretto Coffee & Resto» кофеханасының әкімшілігі бұл жайт оларға басқа тұтынушылары тарапынан да айтылғанын, ас мәзірін өзгерту үшін бағдарламашылары жұмыс істеп жатқанын айтып, қуантты. «DISCOVERY COFFEE» әкімшісі басшылыққа базынамызды жеткізетінін және заң аясында жұмыс істеуге өздері де ынталы екендіктерін естіртіп, марқайтты.
Айтылған сөз жерде қалмас деген үмітпен қайтып, «Baristacrat» кофеханасына барғанбыз. Алайда аты-жөнін атамаған әкімшісі «Жақын арада өзгерте алмаймыз» деп қысқа қайырды. Бұл әрекеттерімен заңды белден басып отырғандарын айтқанымызға: «Ас мәзірін жақында ғана жаңарттық. Енді қыркүйекте ауыстырылады, мүмкін сол кезде қарастырармыз» деп екіұшты жауап қайтарды. Әрине, біз де бұл істі бұлай қалдырмау үшін Тараз қаласының прокуратурасына сұраныс жолдадық. Жауаптың қалай болары алдағы уақыттың еншісінде.
Осы тұста өзгелерге үлгі ретінде көне шаһар орталығындағы «Ғибрат» дәмханасын атап көрсеткіміз келеді. Ас мәзірі тек мемлекеттік тілде жазылған. Барлық тағам түрлерінің атауы қазақша берілумен қатар, қазақы ас-ауқаттың, сусынның тіл үйірер дәмдісін осы жерден табасың. Ішкі дизайн да ұлттық нақышта безендірілген. Түскі, кешкі ас уақытында барған сәттерімізде тек қазақтар емес, өзге этнос өкілдерін де кездестіріп жүрміз.
Біздің айтпағымыз – еңбек етіп, нәсібін теріп жүрген жерге, сол елге және оның заңдарына, мемлекеттік тіліне құрмет барша тұрғыннан болуы керек.
Қ.Рахметуллина
Келесі мақала