arainfo.kz...

arainfo.kz...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізілуде?

Қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізілуде?
ашық дереккөз
Қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізілуде?
Түркияның оңтүстік-шығыс өлкесінде тұрғын үй-коммуналдық қоры қалпына келтіруге бағытталған құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Осыдан тура бір жыл бұрынғы ауқымды табиғи апат салдарынан кейін елде ауқымды құрылыс басталған. Түркияның жер сілкінісі салдарынан қатты қираған 11 өлкенің әрқайсысында қалалар салу және баспанасыз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге арналған үлкен мемлекеттік жоба жүзеге асырылуда. Мәселен, жер сілкінісі салдарынан қатты зардап шеккен, 13 мыңға жуық адам шейіт болған Кахраманмараш өлкесінде қазірдің өзінде жергілікті тұрғындарға 9 300 баспана пайдалануға берілді. Ел билігі жыл соңына дейін тағы 30 мың үй салуды жоспарлап отыр. Өңір губернаторы Мюкеррем Юнлюэрдің айтуынша, зілзала салдарынан зардап шеккен барлық өңірдегі құрылыс жұмыстары баспанасыз қалған әрбір азамат заңды шаршы метрмен қамтамасыз етілгенге дейін жалғаса береді. Дегенмен жергілікті атқарушы органдар мен түрлі түрік компаниялары 138 мың адамды меншікті пәтерлеріне не жеке тұрғын үйлеріне кіргенге дейін уақытша баспанамен қамтамасыз етіп тұр. Бұл үшін барлық қажетті жабдықпен жабдықталған контейнерлерден көптеген қалашық салынған. Контейнерлердің жалпы саны 40 мыңға жуықтайды. Есте болса, түрік бауырлардың басына қаралы күн туған сәтте Қазақстан азаматтары қалталарынан қаражат шығарып, оған 100 қазақ үй жасатып, Түркияға жіберген болатын. Бүгінге дейін бұл қазақ үйлер талай түрік отбасының баспанасы болып отыр. Тіпті барлық жағдай жасалған контейнерлерге көшу ұсынылса да олар қазақтың киіз үйінде өмір сүруді қалайды. Кахраманмараш өлкесінің губернаторы Мюкеррем Юнлюэр: «Сіздердің қазақ үйлеріңізді әлі жинаған жоқпыз. Барлық шатыр мен палаткаларды жинай бастадық. Алайда сіздердің қазақ үйлеріңізді бұзбадық. Тұрғындар өте риза. Тіпті олар жабдықталған контейнерлерге де көшкілері келмейді. Қазақ үйлер әлі тігулі тұр. Онда адамдар тұрып жатыр, балалар да білім алады», – деді. Бүгінде Адыяман қаласында тыныс-тіршілік пен сауда-саттық іс жүзінде толығымен қалпына келтірілген. Жер сілкінісінен кейін зардап шеккен өлкелерде тұрғындарға белгілі бір лимитте ақша қаражаты салынған арнаулы банк картасы беріліп отырады. Зілзала кезінде үйлерді қатты қираған Адыяманда тұрғындар қалыпты өмірлеріне, тұрмысына біртіндеп оралып жатыр. Ал осы қалаға іргелес аудан орталықтарында 450 ауылдық үй салынған. Дегенмен үкімет шамамен 13 мың бірқабатты үй салуды жоспарлап отыр. Жер сілкінісі кезінде бұл өлкеге түрлі елдерден, оның ішінде түркі мемлекеттерінен де гуманитарлық көмек жеткізілген болатын. Бұл сол кезеңде апаттан кейін адамдардың өмір сүруіне қолдау көрсетудің маңызды іс-шарасының бірі еді. – Бір-біріне деген қарым-қатынас, бауырластық байланыс пен рақымшылдық осындай қиын-қыстау кезеңдерде байқалады. Біздер үшін ол ерекше қолдау болды. Қиын-қыстау кезеңдерде Қазақстан және өзге де бауырлас мемлекеттер іздеу-құтқару командалары мен гуманитарлық көмектерін жіберді. Медициналық көмек те жан-жақты көрсетілді. Әлемнің көптеген елі бізге қолдау білдірді. Дегенмен бауырлас мемлекеттердің нақты осы жерге келіп, қолдау білдіргені айрықша болды. Зор алғыс айтамыз, ризашылығымыз да шексіз, – деді Адыяман өлкесінің губернаторы Осман Варол. Жер сілкінісінен кейін Малатьеде қатты зардап шеккен 35 907 ғимарат анықталған. Ал қираған ғимараттардың саны 7 мыңға жуықтайды. Бүгінде зардап шеккен ғимараттардың 98 пайызға жуығы толығымен сүріліп тасталды. Өңір ұсынған ресми мәліметтерге сүйенсек, 117 мыңнан астам адамның уақытша тұруы үшін барлық жағдай жасалды. Шамамен 32 500 контейнер орнатылған. Бұған қоса Малатьеде 16 636 үй салынып жатыр. Оның 5 мыңнан астамы қалалық, ал 1 мыңға жуығы ауылдық үйлер. Қазірдің өзінде 6 мыңнан астам тұрмысқа жайлы пәтер мен үй адамдардың қоныстануына дайын тұр. Өткен жылғы жер сілкінісі кезінде анықталған құрылыс кезіндегі заңбұзушылықтарға байланысты үкімет құрылысшыларға қойылатын жаңа талаптарды әзірлеп отыр. Қазіргі уақытта биік ғимараттар салуға тыйым салынған. Қалалардың орталық аудандарында биік ғимараттар салуға шектеу енгізілген. Қайғылы жайттан сабақ алған түріктер негізінен 4-5 қабатты ғана үйлер салуға бел шеше кірісіп отыр. Бұл ретте білікті мамандар ғимарат салынатын жердің қыртысына айрықша зерттеу жүргізеді. Бүгінде үй-жайларды негізінен таулардың етегіндегі тастақты жерлерге ғана салуға рұқсат беріледі. Бұрын ғимараттар тұрған жердің қыртысы жаңа құрылыс нормаларына сай келмейтін болса, онда ол жерге құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілмейді.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар