Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Энергияны үнемді тұтынудың жолы

Энергияны үнемді тұтынудың жолы
Ашық дереккөз
«Our World in Data» атты дүниежүзілік санақ бюросының мәліметінше, Қазақстан энергияны өте көп тұтынады. 2022 жылы жан басына шаққанда 44,7 мың кВт/сағ болған. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Анықтама үшін айтар болсақ, дүниежүзілік орташа көрсеткіш жан басына шаққанда – 21 мың кВт/сағат. Еуропа елдеріндегі бұл көрсеткіш – 38,2 мың кВт/сағат, Азия елдерінде – 19,1 мың кВт/сағат.

 Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және Орталық Азия елдері арасында энергия тұтыну деңгейі біздің елмен салыстырғанда Түрікменстанда (жан басына шаққанда 71,4 мың кВт/сағат) және Ресейде (55,5 мың кВт/сағат) жоғары, Беларусьте (31,1 мың кВт/сағат) айтарлықтай төмен. Өзге елдердегі көрсеткіштерге келер болсақ, Әзербайжанда – 18,7 мың кВт/сағат, Өзбекстанда – 16,9 мың кВт/сағат және Украинада – 16,3 мың кВт/сағат. Ал 2021 жылғы деректерге қарағанда, Грузия (жан басына 20,8 мың кВт/сағат), Армения (17,7 мың кВт/сағат), Молдова (16 мың кВт/сағат), Қырғызстан (9,3 мың кВт/сағат) және Тәжікстан (7,7 мың кВт/сағ) елдері де айтарлықтай төмен деңгейде тұтынған. Сонымен қатар Қазақстанда электр қуатының бағасы төмен.

Қазақстан бұл жағына келгенде ең арзан баға белгілеуші елдердің бірі. Электронды басылымның бірі – «World Population Review»-тің мәліметінше, биыл елімізде 1 кВт/сағат электр энергиясының құны небәрі – 0,05 доллар, яғни 23 теңге шамасында болды. Айта кетейік, бұл – электр энергиясының орташа сату тарифі. Халық үшін электр қуатының құны одан да төмен. Мәселен, 1 кВт/сағат үшін шамамен 17-18 теңге, яғни 0,04 доллардан аз сома қойылған. Қырғызстанда (кВт/сағ үшін 0,01 доллар), Өзбекстанда (0,03 доллар), Украинада (0,04 доллар), Әзербайжанда (0,05 доллар) және Ресейде де (0,06 доллар) тарифтер төмен. Көрсеткіштер Беларусьте (0,09 доллар), Арменияда (0,1 доллар) және Молдовада (0,12 доллар) айтарлықтай жоғары. Әлемдегі электр энергиясы ең қымбат елдер – Дания (0,53 доллар), Германия (0,52 доллар) және Ұлыбритания (0,47 доллар), бұл біздің елге қарағанда 9-10, тіпті 11 есе жоғары. Қазақстан экономикасының мониторинг жобасы – «Ranking» сарапшыларының айтуынша, өкінішке қарай, көпшілік арзан игілікті үнемдемейді. Қазақстанда су, газ, жылу болсын, коммуналдық қызметтерді үнемдеу мәдениеті жоқ, электр қуатының жағдайы да сондай. Аталған сарапшылардың пікірінде «Ысырап ету тұтынушылардың қалтасына да, экологиялық жағдай мен елдің болашағына да өте зиянды.

Елімізде алдағы уақытта электр энергиясының тарифтері көтеріледі. Өйткені республикамыз бүкіл әлем сияқты экономиканы көміртексіздендіруге міндеттеме алды, ал «жасыл» энергияға көшу кез келген жағдайда бағаның айтарлықтай өсуіне әкеледі. Бірақ бағаны есепке алмағанның өзінде энергияны жауапсыз тұтыну қоршаған ортаның әл-ауқатына, соның салдарынан халықтың денсаулығы мен өміріне қысым жасайды», делінген. Сонымен қатар сарапшылардың қуатты тұтынуды ақылға қонымды түрде іске асыру бойынша бірқатар ұсынысы бар. Нақты айтқанда, олардың пікірінше, жарықдиодты шамдарға ауысу үнемді ғана емес, экологиялық тазалықты да қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жарықтандыруды оңтайландыру және қуат тұтынуды азайту үшін жарықты реттеу маңызды. Ысырапшылдыққа жол бермеудің қатарына қажет емес кезде жарықты өшіру және бір уақытта бірнеше жарық көзін пайдаланбау секілді тәртіпті ұстану жатады.

Сондай-ақ тиімді жылыту шарты жылу мен қуат шығындарын азайтады. Үй-жайларды оқшаулау, терезелердің тығыздығын тексеру және ескірген батереяларды ауыстыру да басты мәселенің бірі. Суды үнемдеп, оны дайындауда жылыту және тарату ісі айтарлықтай энергияны қажет ететінін түсінуіміз керек. Суды үнемдеудің арқасында энергия тұтынуды да азайтуға болады екен. Кіржуғыш машиналарды жоғарғы қуат тиімділігімен басқару және оларды оңтайлы үнемдеу үшін рұқсат етілген максимумды толтыру шығынды азайтады. Мұның ыдыс жуғыштарға да қатысы бар. Ыдыстардың сәйкес өлшемдері мен қақпақтарын таңдау арқылы электр пешін тиімді пайдаланған абзал. Сонымен қатар қуат шығынын азайту үшін қажет көлемдегі электр шәйнектерді таңдаудың да артықшылығы мол. Жалпы алғанда, тұрғындар А, А+ және А++ жоғары қуат тиімділігі рейтингтері бар құрылғыларды сатып алуы керек. Тұрмыстық техниканы заманауи құрылғылармен ауыстыру энергияны тұтынуды 40 пайызға азайтады.

АҚТОТЫ ЖАҢАБАЙ 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар