«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім алушылар мен педагогтарға қауіпсіз және жайлы жағдай жасауды көздейді. Жоба аясында педагогтарға қажетті жұмыс аймақтары, бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектептерге жеке блоктармен, әмбебап шеберханалармен және студиялармен жабдықталған жаратылыстану-ғылыми пәндердің жабдықталған кабинеттері ашылады. Олардың қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталуына да ерекше мән беріледі. Ұлттық жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектеп ашу жоспарланып отыр.
Бұл көрсеткішке жету үшін алдағы екі жылдық кезеңге республикалық бюджеттен 2,3 триллион теңге қарастырылған. Осылайша өткен жылы бірыңғай оператор арқылы нысаналы құрылыс жолымен 208 мектеп, ал жеке инвесторлар арқылы ыңғайлы мектептің талаптарына жауап беретін дайын мектеп ғимараттары, яғни тауар түрінде 9 мектеп салына бастады. Жоспарланған жайлы мектептердің шамамен 60 пайызының құрылысын бастау 2023 жылға дөп келуі мемлекеттің балалар үшін мүмкіндігінше тезірек қолайлы әрі сапалы жағдай жасауға ұмтылатынын байқатты. Жайлы мектептердің барлығы қалаларда да, ауылдық елді мекендерде де бірыңғай стандарт бойынша салынады.
Ұлттық жобаның нәтижесінде үш ауысымды және апатты мектептердің мәселелері, сондай-ақ өңірлер, қалалар мен ауылдар арасындағы теңсіздік мәселесі шешіліп отыр. Бұл білім сапасын айтарлықтай арттырады. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда еліміздің одан әрі саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыруының басты бағдарын айқындап, жаңа әділ қоғам – Жаңа Қазақстанның базалық институттарын қалай құру керектігі туралы айтқан болатын.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауындағы тапсырмасының орындалуы заңды тұрғыдан іске асып жатыр. Сотталған жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына аударылып, мектептер салуға жұмсалу үстінде. 2022 жылы апатты мектептер мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешу үшін 136 мың оқушыға арналған 247 мектеп пайдалануға берілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, 88 мың оқушыға арналған 96 жаңа мектеп салынды. Жаңа мектептер 29 үш ауысымды және 12 апатты мектеп, 113 елді мекендегі оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешті. Мектептердің жұмыс жүктемесі мен апаттық жағдайын шешу мәселесін мемлекеттің барлық баланы қауіпсіз және жайлы жағдайда сапалы оқытумен қамтамасыз етуге деген ұмтылысын көрсетеді, – дейді Сенат депутаты Алтынбек Нухұлы.
Түптеп келгенде, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім сапасын айтарлықтай арттырады. Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында кемінде 7000 заманауи роботтехника, химия, биология және физика кабинеттерін ашу туралы айтқан болатын. Өткен жылы аталған бастаманы орындау мақсатында 718 мектепте 1 067 жабдықталған кабинет ашылды. Мұндай кабинеттер оқушыларға практикалық дағдыларды дамыта отырып, тиімді интерактивті оқытуға мүмкіндік береді, бұл оқу материалын жақсы игеруге ықпал етеді.
Сонымен қатар мұндай кабинеттер оқушылардың техникалық және ғылыми пәндерге деген қызығушылығын оятады. Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап (жемқорлардан қайтарылған қаражат) арнайы шотқа 151,9 миллиард теңге түскен. Нәтижесінде жалпы сомасы 96,5 миллиард теңгеге 76,7 мың оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Былтыр 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 28,6 мың оқушыға арналған 17 мектеп пайдалануға берілді.
1 қыркүйектен бастап 1,6 миллион бала тегін ыстық тамақпен қамтылды. Олардың ішінде 1,4 миллион бастауыш сынып оқушысы және әлеуметтік осал топтардан шыққан 200 мыңнан астам бала бар. Мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін күшейту үшін тиісті жүйелер, атап айтқанда, бейнекамералар, дабыл түймешелері, турникеттер орнатылып, жұмысы қамтамасыз етілген. Бұл ретте өткен жылғы қаңтар айында мұғалімдердің жалақысы тағы 25 пайызға өскенін атап өткен абзал. Осылайша 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы 2 есе көбейіп отыр.
Сондай-ақ қыркүйек айынан бастап 98 мыңға жуық тәрбиешінің жалақысы 30 пайызға артты. Жалпы еліміздің білім саласында оң өзгерістер көп. Мәселен, «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы қолға алынды.
Президенттік жастар кадр резервінің үлгісі бойынша мықты педагогтар қатарынан кадр резервін іріктеу және даярлау жөніндегі бағдарлама әзірленіп, іске асырылып жатыр. Білім беру ұйымдарында тәрбие сапасын арттыру бойынша «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қабылданды. Азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.
2023 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 88 мыңнан астам грант бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 23 пайызға артық. Аталған көрсеткіш 2019 жылдан бастап тұрақты түрде өсіп келеді, ол кезде мемлекеттік тапсырыс көлемі 51 мың грант болған.
1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы 20 пайызға өсіп, 41 898 теңгеге (педагогикалық ғылымдар – 67 200 теңгеге) жетті, магистранттар мен докторанттар шәкіртақылары 15 пайызға өсіп, тиісінше 97 024 және 217 500 теңгеге көтерілді. Биыл 5,9 мың орынға арналған 25 студенттер жатақханасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 5 мың орындық тағы 19 жатақхана ашу жоспарланып отыр. Жалпы 2028 жылға дейін 55,5 мың орын пайдалануға берілетін болады.
Фархат Қайратұлы,
журналист