Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақстан-Қатар қарым-қатынасы нығаяды

Қазақстан-Қатар қарым-қатынасы нығаяды
ашық дереккөз
Қазақстан-Қатар қарым-қатынасы нығаяды
Қазір Қазақстан-Қатар қарым-қатынастары ең жақсы кезеңді бастан өткеріп отыр. Елдеріміз арасында тығыз саяси диалог, кеңейіп келе жатқан экономикалық серіктестік және табысты мәдени-гуманитарлық байланыстар қалыптасқан. Соңғы үш жылда қол қойылған екіжақты келісімдер әртүрлі саладағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға берік негіз болды. Қос мемлекет арасындағы осындай берік байланыс одан ары жандана түспек. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар мемлекетіне жасаған ресми сапары соны аңғартты.  Қатар мемлекетінің Әмірі Қазақстан Президентін «Diwan Amiri» сарайында қарсы алды. Келіссөз алдында Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің Әнұрандары шырқалды. Мемлекет басшысы Қатар Әмірінің шақыруын зор ризашылықпен қабыл алғанын жеткізді. Президент осы елге алғаш рет мемлекеттік сапармен келіп отырғанын, сондықтан оның мән-маңызы ерекше екенін атап өтті. – Қатар – ислам әлеміндегі біздің сенімді әрі маңызды әріптесіміз. Екі елдің қарым-қатынасына тың серпін беретін кез келді деп ойлаймын. Қазақстан мен Қатар байланыстарын толық стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруді ұсынамын. Сапар кезінде өте маңызды құжаттарға қол қойылады. Бұл келісімдер біздің ынтымақтастығымызды стратегиялық деңгейге көтереді. Біз үшін Қатар өте ерекше ел, сіздермен байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Сондықтан бұл қатынастарымызды одан әрі дамыту үшін күш-жігерімізді саламыз. Бізге көрсетілген қонақжайлығыңызға ризашылығымызды білдіреміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өз кезегінде Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни Қазақстан Президенті сапарының мән-маңызына тоқталды. – Жоғары мәртебелі Президент мырза, біздің елімізге ең алғашқы мемлекеттік сапармен келіп отырғаныңызға қуаныштымын. Бүгінгі келіссөздер екі ел арасындағы қарым-қатынастарды еселей түсетініне сенемін. Біз Астанада да кездестік. Бүгінгі жүздесуіміз бұрынғы келіссөздер негізінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын қадағалап, алдағы жоспарларды айқындауға мүмкіндік береді. Екіжақты ынтымақтастық аясында энергетикалық, сауда-экономикалық және инвестициялық жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Осы сапар аясында біздің елдің ірі бизнес өкілдерімен кездесулер өткізесіз. Бұл аталған салалардағы ықпалдастықты ілгерілетуге тың серпін беретініне сенімдімін, – деді Қатар мемлекетінің Әмірі. Қасым-Жомарт Тоқаев Қатарды жақын болашақта Қазақстандағы ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін жеткізді. Президент Қазақстанның Қатар нарығына жалпы құны 250 миллион доллар болатын 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін айтты. Сонымен қатар жақын арада тауар айналымын 500 миллион долларға дейін арттыру туралы айтылды. Келіссөз барысында ауылшаруашылығы, көлік-логистика, туризм мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы Қатарды Шығанақ пен Орталық Азияны байланыстыратын интермодальді көлік желісін дамыту үшін күш-жігер біріктіруге шақырды. Бұл аймақтағы экономикалық белсенділікті ынталандыруға ықпал етеді. 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырған еліміз қазір бидай мен ұн өндіру бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылық саласындағы ынтымақтастықты арттыруға негіз бар екеніне назар аударды. Сонымен қатар мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселесі талқыланды. Мемлекет басшысы 2025 жылы екі ел астаналарында Қазақстан мен Қатардың мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды. Бұл шаралар мәдени мұрасы бай халықтарымызды жақындата түсетініне сенім білдірді. Бұдан бөлек аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәни арасындағы келіссөз қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды: 1. Қазақстан Республикасы мен Қатар мемлекеті арасындағы ұстап беру туралы келісім; 2. Қазақстан Республикасы мен Қатар мемлекеті арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім; 3. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар мемлекетінің үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасынан келген жұмыскерлерді Қатар мемлекетінде жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісім; 4. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қатар мемлекетінің Байланыс және ақпараттық технологиялар министрлігі арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум;
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар