Пияздың "отанында" пияз неге қымбат?
"Айтақтай-айтақтай қасқырлардан ұят болды" деген екен баяғыда еріншек иттеріне налыған бір аңшы. Сол айтпақшы, айта-айта ақжем, жаза-жаза жауыр болса да қымбатшылық мәселесін қайта көтеруге мәжбүр болып отырмыз.
...«Пияз Жамбыл облысының брендіне айналып келеді» деп масаттанып, мақтанғанда алдымызға жан салмаймыз. Мақтанатынымыздай да бар. Себебі Жамбыл облысында еліміздегі пияздың 75 пайызы өсіріледі.
Облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы егін және су шаруашылығы бөлімінің басшысы Әбдірасыл Желеубаевтың айтуынша, Жамбыл облысының тұрғындары бір жылда 25-30 мың тонна ғана пияз тұтынады екен. Ал Қазақстанның орташа жылдық қажеттілігі – шамамен 300-400 мың тонна. Өткен жылы облымызда 1,2 миллион тонна пияз жиналған. Енді өзіңіз-ақ есептей беріңіз. Жамбыл облысының пиязы ішкі нарықтағы сұранысты өтеуге толық жетеді. Алайда ішкі нарықты қамтып, артылғанын шетелге экспорттап жатқанымызды қайтейік, дәл қазір өңірде «ұста пышаққа, етікші бізге жарымастың» кері келіп тұр.
Жуырда редакциямызға Тараз қаласының тұрғыны, көпбалалы ана хабарласты. Аты-жөнін жазбауымызды өтінген ана қымбатшылық халықты әбден қыспаққа алғанын, тіпті бұрын 70-80 теңгеден сатылатын пияздың бағасы 350 теңгеге дейін жеткенін айтып, ашуға булықты.
– Егер құрылыс материалдарының, киім-кешектің, азық-түліктің бағасы қымбаттап жатса, амал жоқ көнеміз. Себебі импортқа тәуелді екенімізді бәріміз жақсы білеміз. Ал пияз бағасының соншалықты қымбаттағанын қалай түсінуге болады. Жамбыл облысы – пияздың «отаны», біздің брендіміз дегені қайда қалды.
Жуырда «Аса» ықшамауданындағы дүкеннен пиязды 350 теңгеге сатып алдым. Не деген сұмдық? Естуімше базарда да пияздың бағасы жылдағымен салыстырғанда өте қымбат. 180-250 теңге аралығында сатылып жатқан көрінеді. Әрине, 350 теңгеге қарағанда сәл де болса арзан шығар. Дегенмен қарапайым халық екі-үш келі пияз алу үшін қаланың бір шетіндегі базарға бармайды ғой.
Жаңалық көре қалсақ, атқамінерлер «баға тұрақтылығы бақылауда», «баға тұрақталып келеді» деп, жаһанға жар салып жатады. Бақылауда болғаны осы ма? Бағаның тұрақталған кезін көргеніміз жоқ. Керісінше күн санап үсті-үстіне қосылуда. Егер дәл осылай жалғаса беретін болса, күндердің күнінде аш-жалаңаш отыратын шығармыз, – деп күйінді көпбалалы ана.
Естіп-білген бір бөлек, көзбен көрген бір бөлек. Тұрғынмен тілдесіп, мән-жайға қаныққан соң уақыт созбастан «Ауыл Береке» базарына барып, саудагерлермен әңгімелесіп, мәселенің мәнісіне үңіліп көрген едік.
Байқағанымыз, базарда пияз бағасы 170 теңгеден басталып, 220 теңгеге дейін жетеді. Тіпті алдыңғы аптада 270 теңгеден сатылыпты. Дегенмен баға күн санап түсіп келе жатқан көрінеді.
– Қазір пияздың көтерме бағасы – 120-140 теңге. Ал Қарабұлақтан (Түркістан облысы) келетін пияздың көтерме бағасы 150 теңгеден жоғары. Мәселен, қазір Қарабұлақтың пиязын сатып тұрмын. Бағасы – 200 теңге. Жергілікті пияз піспей тұрып, Қарабұлақтан сатып алған болатынбыз. Облысымыздың пиязы енді-енді келіп жатыр.
Бағаның қымбат болатын ең негізгі себебі – пияз аз. Жиын-теріннің басталғанына көп болған жоқ. Сондықтан алдағы уақытта баға арзандай береді деп ойлаймын. Жалпы биыл пияз бағасы 270 теңгеге дейін барды. Алдыңғы жылы да, өткен жылы дәл осы уақытта 80-100 теңге аралығында сатылған.
Егер сіз пиязды ауыр жүк көлігімен алып келіп сатсаңыз, бағасы да арзан болады. Өйткені қаппен сатасыз. Ал келілеп сататындар шығындарын жабу үшін үстінен көбірек қосады. Себебі жүк тасушыға, базардағы орнына ақша төлейді. Одан бөлек пакет сатып алады, – дейді Арман есімді сатушы.
Ал өзін Медет деп таныстырған тағы бір сатушы биыл айтарлықтай шығынға батқанын айтады.
– Бірнеше апта бұрын пияз 270 теңгеден сатылды. Сол кезде Қарабұлақтан бірнеше тонна пияз сатып алдық. Қымбат алып қойыппыз. Оған жол шығынын қосыңыз. Көп ұзамай баға 180 теңгеге дейін түсіп кетті. Амал жоқ, өзіміз қымбатқа сатып алып, арзанға сатып жатырмыз.
Салыстырмалы түрде айтар болсақ, биыл пияздың бағасы қымбат болды. Қымбатшылыққа саудагерлерді кінәлауға болмайды. Егістік басынан 50 теңгеге сатып алып, 270 теңгеден сатып жатқан жоқ. Саудагерлер де қымбатқа алып жатыр. Бағаның қымбаттауына біріншіден бұған дейін өнімнің сырттан тасымалдануы және ортадағы алыпсатарлар әсер етуде, – дейді Медет.
Саудагерлердің сөзін сала мамандары да қуаттай түсті. Мамандар араны ашылған алыпсатарлар болмаса бағаның шарықтауына ешқандай негіз жоқ екенін айтады.
– Ерте жиналатын өнім болғаннан кейін алғашында бағасы қымбаттау болғаны рас. Дегенмен өнім көбейген сайын баға арзандай береді. Мәселен, биыл облысымызда 25 мың гектарға пияз егілді. Қазіргі таңда тек 1 800 гектары ғана жиналды. Қалған 23 мың гектар жиналғанша баға 30-40 теңгеге дейін түседі. Қазірдің өзінде баға күніне 5-10 теңгеден түсіп жатыр.
Бүгінде егістік басынан пияз 110-120 теңгеден сатылуда. Былтырғымен салыстырғанда сәл қымбаттау шығар. Дегенмен ерте пісетін дақыл үшін жүйелі баға. Неге дерсіз?! Біз пияз егетін алқапты дайындағаннан бастап, жиын-терінге дейінгі шығынды есептеп шықтық. Сонда ерте пісетін пияздың бір келісі үшін кететін шығын 80 теңгені құрады. Демек, өзіндік құны 80 теңге болса, 100 теңгеден сатылуы шошитындай нәрсе емес. Себебі ерте көктемнен бастап бел жазбай еңбек етіп, маңдайын күнге қақтаған шаруа да пайда көруі керек қой. Қыркүйек айына қарай кеш пісетін пияздың өзіндік құны – 45-50 теңге.
Ал пияз бағасының қымбат болуына алыпсатарлардан басқа ешқандай себеп көріп тұрған жоқпын. Алыпсатар қосады, базардағы саудагер қосады. Сонымен 180-200 теңгеге бір-ақ жетеді. Дегенмен сөз басында айтып өткенімдей өнім көбейе түскендіктен енді баға да арзандай береді, – дейді Әбдірасыл Серікұлы.
Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының сауда және сыртқы экономикалық байланыс бөлімінің басшысы Бақытжан Орынтаев та пияз бағасының қымбаттауына жоғарыда аталған себептердің ықпал еткенін жеткізді.
– Алғашында Өзбекстанның ерте пісетін пиязы келді. Сол кезде баға 270 теңге болды. Кейін Түркістан облысының пиязы келе бастағанда баға 250 теңгеге дейін түсті. Қазір Сарыағаш ауданының пиязы 170 теңгеден (көтерме бағасы) өткерілуде. Бірақ бітіп жатыр. Енді Жамбыл, Қордай, Шу, Байзақ аудандарының ерте пісетін пиязы келе бастады. Жергілікті өнім егістік басынан 100 теңгеден сатылып жатса, «Ауыл Береке» базарындағы көтерме бағасы – 120 теңге. Бүгінде базарда 150 теңгеден сатылуда. Ал қаладағы ірі сауда орталықтарындағы бағасы 180-200 теңге аралығында. Басқарма көтерме саудалаушылар мен шаруа қожалықтардың арасында байланыс орнатылып, алыпсатарларсыз тікелей тасымалдау мақсатында жұмыс жүргізіп жатыр, – деген Бақытжан Маратұлы баға тұрақтылығы бақылауда екенін атап өтті.
Сондай-ақ мамандар қаладағы шағын дүкендерде пияз бағасының 350 теңгеге дейін жетуін сатып алынған құнының қымбат болуымен байланыстырды. Күн санап жергілікті өнім көлемі көбейіп келеді. Сондықтан бір-екі апта аралығында дүкендерде де баға тұрақталатын болады.
Осылайша мамандар жергілікті өнім көлемінің көбеюіне байланысты жуық уақытта пияз бағасының тұрақталатынына сендірді. Солай боларына сенейік. Енді қайта бұл мәселеге айналып соқпаймыз деген ойдамыз.
Талғат НҰРХАНОВ
Келесі мақала