Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

"ЖАЙЛЫ МЕКТЕП" – ЖЕМІСТІ ЖОБА

"ЖАЙЛЫ МЕКТЕП" – ЖЕМІСТІ ЖОБА
ашық дереккөз
"ЖАЙЛЫ МЕКТЕП" – ЖЕМІСТІ ЖОБА
Бүгінде елімізде орта білім беру саласында оқушылардың алаңсыз оқуы үшін түрлі кешенді бағдарламалар іске асырылуда. Соның бірі – Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы. Жобаға сәйкес облыста 2025 жылға дейін 950 орындық 12 мектеп салу көзделген. Атап айтқанда, Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында 600 орындық 1 мектеп, Жамбыл ауданының Шайқорық ауылында 600 орындық 1 мектеп, Қордай ауданының Қаракемер ауылында 300 орындық, Қарасу ауылында 300 орындық, Қордай ауылында 900 орындық мектеп, Меркі ауданының Меркі ауылында 600 орындық 1 мектеп, Шу ауданындағы Шу қаласы мен Төле би ауылында 600 орындық мектеп, Тараз қаласы бойынша «Шөлдала» алқабында 600 орындық, №13 ықшамауданында 1 200 орындық, «Ұлы дала» ықшамауданда 1 200 және 2 000 орындық мектеп ашылады. Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаевтың айтуынша, 5 мектеп құрылысын биыл аяқтау көзделсе, қалған екеуі 2025 жылы пайдалануға беріледі. Айта кететін жайт, «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынған білім ордаларының өзіндік ерекшелігі болады. Қазір бізде балалар арасындағы буллиң мәселесі өте өзекті болып отыр. «Жайлы мектептердің» қалыпты мектептерден бір айырмашылығы – бастауыш сыныптар мен ересек сыныптардың кіріп-шығатын есігі жеке болады. Яғни әртүрлі блокта орналасады. Олар бір-бірімен мектеп ішінде кездесе алмайды. Бастауыш сынып оқушыларының өз спортзалы, өз дәретханасы, өз асханасы болады. «Жайлы мектептердің» құрылысын үйлестіруші ретінде қордың еншілес ұйымы – «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы таңдалған екен. Тиісінше жоба аясындағы құрылыс жұмыстарына осы компания жауапты. Дәлірек айтсақ, «SamrukKazyna Construction» құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзім мен талаптарға сәйкес салынуын бақылайды, мердігерлерді таңдаудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Нысанның сапасы мен уақытылы қолданысқа берілуін қадағалайды. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтің айтуынша, компания құрылыстың егжей-тегжейлі жоспарын дайындаған. – Ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін елімізде 401 жаңа мектеп салу қарастырылып отыр. Заманға сай салынатын бұл мектептер 842 мың оқушыға шақталған. Осының нәтижесінде, елдегі үш ауысымды оқу үдерісінен құтылуға мүмкіндік бар. Мәселен, Алматы облысында салынатын 63 жаңа мектепте 136 мыңға жуық бала оқитын болады. Ал елордадағы 24 жаңа мектептің 88 мың оқушыны қабылдауға мүмкіндігі бар, – деді М.Айманбетов. Мәулен Айманбетов мердігерлерге қатаң талаптар қойылатынын айтып отыр. Жобаларды бағалау кезінде қолданыстағы стандарттар, ел Үкіметі бекіткен техникалық тапсырма, сондай-ақ озық халықаралық тәжірибе ескеріледі. Құрылыста отандық өндіріс материалдарын пайдалануға басымдық берілмек. – Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1 200, 1 500, 2 000 немесе 2 500 орындық деп белгіленген жеті түрлі нұсқаның біріне сай салынуы қажет. Олардың әрқайсысында робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, ауданы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ мектептерде бастауыш сыныптары мен орта буын, жоғары сынып оқушыларына бөлек спортзалдары болады. Әр сыныпта интерактивті тақта және мұғалімге арналған компьютер қойылады. Жаңа мектептерде ерекше балалар үшін кедергісіз орта құрылуы керек: арнайы пандустар, лифтілер, дәретханалар, инклюзивті білім беру бөлмесі дайындалады. Сонымен қатар интерьер дизайнының бірқатар элементі мен архитектуралық шешімдері ұлттық нақышта жасалуға тиіс, – деді компанияның басқарма төрағасы. Министрліктің дерегі бойынша, соңғы 20 жылда елімізде 1 мыңнан астам мектеп салынған. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында алдағы бірнеше жылда 1,5 миллион жаңа оқушы орнымен қамтамасыз етуді тапсырды. Жоғарыда айтқанымыздай, оның 842 мыңы «Жайлы мектеп» жобасы аясында шешімін таппақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру нәтижесінде елімізде 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылатын болады.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар