Мұрат Әзімханұлы 1964 жылы Жуалы ауданының Қошқарата ауылында дүниеге келген. 1982 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының дайындау бөлімшесінде оқып, 1983 жылы «Бала емдеу» факультетіне түседі. Аталған оқу орнын 1989 жылы тәмамдағаннан кейін 2005 жылға дейін облыстық балалар ауруханасында балалар хирургі болып еңбек етеді.
2005-2011 жылдар аралығында Еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінде медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімінің басшысы, 2011-2012 жылдары облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасында әкімшілік бөлімінің басшысы қызметін атқарады.
2012-2014 жылдары басқармаға қарасты Қызылтаң ауылындағы «Жүйке аурулар интернат үйінің» директоры болса, 2014 жылдан 2023 жылға дейін №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына басшылық етеді.
2023 жылдың 23 наурызынан бастап №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры қызметі сеніп тапсырылған. Еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан арда азаматтың жастарға айтары да мол. Мұрат Әзімханұлы Желтоқсан көтерілісі кезінде көзге түскен студенттердің бірі болған. Сондықтан да оны ел-жұрт желтоқсаншы батыр ретінде таниды. Кейіпкеріміз өзінің тәуелсіз мемлекет болуға талпынған жастардың қатарынан болғанына дән риза.
– Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келмегенін тарихымыздан тануға болады. «Мың өліп, мың тірілген» халқымыз жоңғар шапқыншылығына ұшырағанда да, Ресей патшалығының қанды шеңгеліне іліккенде де, тіпті бүкіл дүниені дүр сілкіндірген II дүниежүзілік соғыс кезінде де, ашаршылық пен тоқырау жылдарына тап келгенде де ешқашан еңсесін түсіріп, жер бетінен жойылып кеткен жоқ.
Мұның бірден бір себебі – қазақтың киелі топырағында анадан туған алыптардың ұлты үшін, Қазақстанның өз алдына бөлек мемлекет болуы үшін жанын пида етуі еді. Сол бір 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде қазақтың қазақтығын сақтап қалу үшін, тәуелсіз ел болып, ата-бабадан аманат болып қалған жерімізге иелік ету үшін қан төгіп, жазықсыз жазаланғандар қандай құрметке болсын лайық. Ол күндер қазір алыстап кеткенімен отты жылдардың жарасы жазылған жоқ.
Меніңше, нағыз патриоттар да сол қанды жылдардың қасабынан аман қалған азаматтар мен азаматшалар. Өйткені патриотизмді Отанына деген сүйіспеншілік, өз халқына шынайы махаббатын арнау, оның мүддесі үшін кез келген құрбандық пен ерлік жасауға дайын тұру деп түсінемін. Міне, біз сол сезімді өз басымыздан кешкен жандармыз.Әрине, оны бүгінгі ұрпақтарымыз көрмей-ақ қойсын, бірақ оны ұмытпай, біле жүруге міндетті, – дейді Мұрат Әзімханұлы. Иә, өзінің бір сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен үшін Отанға қызмет етуден артық құрметті және жауапты миссия жоқ», – деп еді.
Мұрат Бердалиевтің де ұлы мұраты осы миссияның үдесінен шығу болғанын білеміз. Ол кісі өзінің миссиясын еңбегі мен білімі арқылы өтеген адам. Өйткені медицина саласындағы еңбегі зор. Желтоқсан көтерілісінің басы-қасында болып, сол жылы замандастарымен бірге азап шеккен ағамыз тәуелсіздік алғаннан кейін не істесем де ұлтым үшін істеуге, халқым үшін қандай жағдай болса да дайын болуға бел будым дейді.
– Қоғамда мені адамдар денсаулық саласының қызметкері емес, көбіне желтоқсаншы ретінде танып жатады. Бәлкім, оған біздің кейбір белсенділігіміз себеп болса керек. Ал шындығында, халыққа қызмет ету – қолыңнан келетін істі адал атқару. Әрине, денсаулық сақтау саласында жүріп жинаған тәжірибем бүгінгі жастарға үлгі болуы мүмкін. Әрі қаншама адамның ажалына арашашы болып қалған сәттеріміз де аз емес.
Мейлі, қалай болмасын, не істесем де халыққа пайдам тисе, елдің қажетіне жарасақ екен деген ниетте ғана болдық, – дейді ол. Мінеки, нағыз ұлтының патриоты деп Мұрат Әзімханұлы секілді жандарды айтуға болады. Кейіпкеріміз жұмысының маманы ғана емес, қоғамдағы түрлі мәселеге ашық түрде араласып, жастардың арасынан табылып, оларға кез келген уақытта өз ақылын айтып отыратын аса белсенді азамат. Мұндай азаматтар қашанда елге үлгі бола бермек.
Шапағат Әбдір