Дақыл өсірудің инновациялық тәсілі
Бұған дейін газетімізде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты облыстық байқауда инновациялық грантты ұтып алған жас кәсіпкер Азиз Рзаев жайында жазған едік. Азиз байқауда гидропоника әдісін қолдану арқылы дәнді дақыл өсірудің инновациялық тәсілін ұсынған болатын.
Міне, сол уақыттан бері бірнеше ай өтті. Осы аралықта кейіпкеріміз қажетті құрал-жабдығын орнатып, қолға алған ісін жүзеге асырып үлгерген.
Тараз қаласының «Agro Green Tehnology» ЖШС көмегімен қажетті құрал-жабдық жеткізіліп, технология ретке келтірілді. Біз бұл кешенді өз көзімізбен көріп, жұмысымен танысу үшін аталмыш нысанға бардық. Сөрелері бар жабдықталған контейнер үйінің ауласындағы гараждың ішіне орналастырылыпты. Жеті қатар сөрелер қабат-қабат орналасқан. Шеттерінде су шашатын түтікшелері мен өсімдіктерге жарық түсіретін фитошамдар қойылған. Мұның бәрі автоматтты түрде жұмыс істеп, компьютер арқылы басқарылады. Қазіргі таңда мұнда гидропоника әдісімен бидай өсіріліп жатыр.
– Менің жұмысыма өнген бидайы бар сөрелерді шығарып, содан кейін дәнді сулап, қайтадан сөрелерге салып, контейнерге қою кіреді. Бар болғаны осы ғана. Анда-санда ылғалдылықты тексеремін, зеңнің пайда болмауын бақылау қажет. Сонымен бірге жүйенің қандай да бір бөлшегі бұзылып қалса, оны жөндеу қажет, – дейді ісін жаңадан бастап келе жатқан кәсіпкер.
Бір кешенге қызмет көрсету үшін екі адам жеткілікті. Технологиялық процесс күніне 150-200 килограмм өнген бидай алуға негізделген. Қазір Азиз өнімді алдын ала келісімшарт жасасқан серіктестеріне жеткізеді. Бүгінгі күнге жұмыс реттеліп, тура жолға қойылған, дегенмен оның айтуынша бастапқыда оңай болған жоқ. Іс жүзінде құрал-жабдықты реттеу бойынша үлкен жұмыс атқарылған.
– Мамандармен бірге құрал-жабдықты реттеу үшін екі ай уақыт кетті. Бұл жерде ылғалдылық, сөрелердің орналасуы және тұқым сұрыптары ескерілуі қажет. Құрал-жабдық пен технологиялар Израильден әкелінген. Контейнерді қосымша жылытуға тура келеді, өйткені біздің климат ол жақтан салқындау. Мұның бәрін жөнге келтіргеннен кейін де қиындықтар болды. Мен тұқым жеткізушілермен алдын ала келісімшарт жасадым, олар тұқымды сапалы, жақсы деп мақтады. Алайда бұл тұқымның өнгені қиын болды. Мен жүйеден көріп, мамандарға қоңырау шалып, кеңес алдым, олар маған әңгіменің бәрі тұқымда екенін түсіндірді. Сатып алған тұқымды қайтаруға тура келді. Енді қымбат болса да, сапалы тауар алған дұрыс екеніне көзім жетті, – дейді Азиз.
Кәсіпкердің айтуынша, малды бордақылау ісінде өнген арпа мен бидайдың әдеттегі жемнен артықшылығы басым. Біріншіден, оның көлемі ұлғаяды, 1 килограмм бидай сеуіп, 7 килограмм құнарлы әрі дәмді көк майса алуға болады. Шартты түрде екі есе шығынды азайтып, малға 1 килограмм жемнің орнына 3,5 килограмм өнген бидай беруге болады. Екіншіден, мал көк майсаны тұтыну арқылы тез салмақ қосады. Малшылар құрғақ жемнен гөрі малдың өнген бидайды түк қалдырмай жейтінін байқаған. Жалпы, артықшылығы көп, кемшіліктер қатарында өнімнің бағасы. Дегенмен жас кәсіпкердің есебі бойынша шығындар 2,5 жылдың ішінде ақталады. Содан кейін Азиз кәсіп аясын ұлғайтып, тағы бір құрылғы орнатуды жоспарлап отыр.
– Маған бұл іспен айналысқысы келетін таныстарым мен көршілерім жиі келіп тұрады, оларға барынша кеңес беруге тырысамын. Білгеніңді жаныңдағыларға айту керек деп санаймын. Жаңа технологиялар туралы көп адам біліп, бұл іске бет бұрса жақсы емес пе? Жақында аудандағы бір колледж басшылығымен агроном студенттерін гидропоника технологиясымен танысу үшін маған жіберу туралы ауызша келісім жасадық, – дейді Азиз Рзаев.
Айтпақшы, жақында жас кәсіпкер гидропоника үшін құрылғылары бар жаңа контейнер сатып алып, орнатып қойыпты. Жаңа құрылғыларды осыған дейін серіктестік танытқан мекеме жеткізіп берген. Орнатылған жаңа құрылғыны іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Осылайша жас кәсіпкер бизнесі кеңейе түсуде. Жақында ол Ноғайбай ауылындағы ауыл шаруашылығы колледжінің агроном мамандығын алып жатқан студенттері арасында екі семинар өткізіп, білімімен бөлісуді де жөн көріпті. Білімгерлер осы арқылы жаңа, заманауи технологиялардың қалай жұмыс істейтіндігін өз көздерімен көруге мүмкіндік алған. Сонымен бірге семинарға қатысқан барлық білімгерлерге арнайы сертификаттар да табыс етілген.
Біздің кейіпкеріміз үнемі ізденіс үстінде жүреді екен. Гидропоникадан басқа ол бизнестің өзге де түрлерін қарастырып, өз ісін әртараптандыруды жоспарлауда. А.Рзаев жастарды бір орында тұрып қалмай, жаңашылдыққа ұмтылып, жаңа белестерді бағындыруға шақырады.
Серғазы Манасбаев, Қордай ауданы
Келесі мақала
Хагги Ваггидің бала психологиясына кері әсері бар ма?
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024