Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Маңызды міндеттер айқындалды

Маңызды міндеттер айқындалды
Ашық дереккөз
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебаев, Үкімет мүшелері, Ұлттық Банк төрағасы, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ облыстардың әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы жиында былтыр атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңнің басты міндеттері айқындалатынын атап өтті. Президенттің айтуынша, Үкімет пен әкімдер жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгертуге тиіс. Бюрократияны тоқтату қажет, бізге нақты нәтиже керек. Жұмыс барысында жүйелі ұстаным болғаны жөн. Мәселені жедел шешумен қатар, экономиканың ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету өте маңызды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі экономикалық ахуалға қатысты бірқатар нақты міндетке тоқталды. Осы орайда Президент қазір жаңа Салық кодексі әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Бұл құжат инвесторларға қолайлы жағдай жасау мен бюджетке қажетті көлемде қаржы түсірудің арасында көкейге қонымды теңгерімді қамтамасыз етуі керек. Президент Үкімет жаңа инвестициялық кезеңді бастауға тиіс екенін айтты.

Ол негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатқанына назар аударды. Басқаша айтқанда, экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін. Мемлекет басшысы жарты жылдың нәтижесі бойынша Инвестициялық штабтың жұмысы қорытындыланатынын айтты. Әрбір министр мен әкімнің осы бағытта атқарған жұмысына нақты баға беріледі. Мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау тағы бір маңызды міндет ретінде айқындалды. Бұл жұмыс инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіндегі реформалармен барынша үйлесіп, оны толықтыра түсуге тиіс. Бұған қоса Президент экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін айтты.

Бұл – мемлекеттің экономикалық үдерістерге шамадан тыс араласуынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік беретін өте маңызды реформа. Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарау және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылау, сондай-ақ Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерімен бірлесе отырып, бір ай ішінде Экономиканы ырықтандыру (либерализация) туралы Жарлықты әзірлеу жөнінде тапсырма берілді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беруді талап етті. Тағы бір маңызды міндет – агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемдеп пайдалану.

Президенттің пікірінше, Үкімет агроөнеркәсіп кешенінің шикізаттық бағытынан ауылшаруашылық өнімін өңдеу ісіне көшуге айрықша көңіл бөлгені жөн. Сондай-ақ Мемлекет басшысы су үнемдейтін технологияларды кеңінен қолданысқа енгізудің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бүкіл ел болып суды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Елімізде су тым орынсыз жұмсалады. Қасым-Жомарт Тоқаев коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Оның айтуынша, елді мекендердің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйенің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету – Үкімет пен әкімдіктердің негізгі міндетінің бірі. Мемлекет басшысы Үкіметке елдің коммуналдық-энергетикалық инфрақұрылым нысандарын қайта қалпына келтіріп, дамыту үшін нақты кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды.

Сондай-ақ еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру үшін жұмысты жандандыру қажет екенін атап өтті. Биыл бірінші жартыжылдықта теміржол саласындағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын қамтитын бағдарламалық құжат қабылдау міндеті жүктелді. Президент экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану аса маңызды екенін еске салды. Президент Мемлекеттік және қаржы қызметтерін цифрландыру ісінде айтарлықтай табысқа қол жеткізілгенін айта келе, еліміз қуаты күшті суперкомпьютер құруға кіріскенін мәлімдеді. Ол ғалымдарға ғана емес, сонымен қатар біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі компанияларға да қолжетімді болады.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік сала мәселелеріне айрықша мән берілді. Денсаулық сақтау жүйесінде қордаланған мәселелер де назардан тыс қалмады. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, әкімдерге және «Самұрық-Қазына» қорына «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» және «Жайлы мектеп» ұлттық жобаларын жүзеге асыруға кедергі болып отырған барлық мәселені дереу шешуді тапсырды. (Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінің толық нұсқасы газеттің 2-3-беттерінде).

«AR-AI»-ақпарат

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар