Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ

МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ
ашық дереккөз
МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ
«Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін, үлкенді-кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады», деп академик, ғалым Қаныш Сәтпаев айтқандай, ғылым мен білімнің негізгі міндеті – халыққа қызмет ету. Өз салаң бойынша елге қызмет ету үшін дұрыс мамандық таңдау аса маңызды. Мамандық таңдау мәселесі жас түлектер үшін өте өзекті тақырып. Мәселен, бүгінгі заман талабына сай кей мамандықтар өз маңызды­лығын жоғалтса, еңбек нарығындағы сұранысқа қарай жаңа мамандықтардың қатары өсіп келеді. Сондықтан бүгінгі жас түлектеріміз осы өзгерістерге мән беріп, дұрыс таңдау жасаса дейміз. Десе де инженер, технолог, педагог сынды маманға сұраныс әрдайым жоғары. Бұл саладағы мамандардың жетіспеушілігі әлі де өзекті болып тұр. Еліміз күн өткен сайын жаңарып, сан түрлі ғимараттар бой көтеріп, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Әр ғимарат сапалы, берік, адамзатқа ұзақ жылдар қызмет етуі үшін қаншама маман еңбек етеді. Инженер-ғалымдар зерттеу жасайды, жақсы нәтижеге ұмтылады. Байқасақ, осы бір саланың өзіне қаншама білікті маман қажет екенін аңғаруға болады. Техникалық мамандықтарға деген сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді. Елімізде бұл салаға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл Мемлекет басшысы ұстанған басты бағыттардың бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев салаға деген көзқарасты өзгертуге шақырды. Гуманитарлық мамандықтарға әуестену кезеңі келмеске кетіп, техникалық мамандықтарға мән беретін кез келгенін айтты. Осы мақсатта елімізде 2025 жылға дейін шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары ашылмақ. Мәселен, өңіріміздегі іргелі білім ордасы – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде биылғы жылдың қыркүйек айында Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылмақ. Еліміздің химиялық кластерін ұйымдастыру үшін Жамбыл облысын таңдау кездейсоқ емес, өңірімізде минералдық шикізаттың ірі қоры бар. Өндіріс қарқынын арттыру үшін жоғары білікті инженерлік, техникалық кадрларды даярлаудың маңызы зор. Үшжақты келісім аясында жүзеге асатын бұл бастама жақсы нәтиже береді деп күтеміз. Жоғары оқу орнының табалдырығын жаңадан аттап, үлкен өмірге қадам жасайтын түлектеріміз болашақта дұрыс таңдау жасау үшін ЖОО жыл бойы кәсіби бағдар жұмыстарын жүргізеді. Оқу орнында қандай білім беру бағдарламалары барын, университеттің мүмкіндіктерін, жаңалықтарын, студент үшін жасалған жағдай турасында ақпараттар береді. Осы тұста Дулати университеті өңіріміздегі іргелі білім ордасы әрі ғалымдардың ғылыми ортасы екенін айтқым келеді. Мұнда өңірдің мәселелерін, оның ішінде жергілікті кәсіпорындар мен ұйымдардың экономикалық-экологиялық проблемаларын тиімді шешуге мүмкіндік беретін ғылыми әлеует пен материалдық-техникалық база шоғырланған. Университет­тегі ғы­лыми-зерт­теу жұмыстары 2 ғылыми-зерт­теу институтында, 10 орталық­та, инженер­­­лік зертхана мен университет кафедра­ларында шоғырланған. Ғылыми-зерттеу жұмыстары ҚР Ғылымды дамы­тудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жаратылыстану, техникалық, ауылшаруашылығы, экономикалық және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар саласындағы ғылыми бағыттар бойынша жүргізіледі. Қазіргі уақытта 71 ғылыми-зерттеу тақырыбы бойынша зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Университет Қазақстан Республикасы­ның іргелі және қолданбалы зерттеулер бағдарламаларының басымдығына сәйкес қалыптасқан ғылыми бағыттарды жетілдіруде, іздестіру-зерттеу жұмысының ресурстарын жаңартып, гранттық конкурстарға қатысуда. 2023-2024 оқу жылында 50 ғылыми-зерттеу жобасы іске асырылуда. 2023 жылы ғылыми-зерттеу жұмыстарды нақты жалпы қаржыландыру 259 271,08 мың теңгені құрады. 2022 жылы қаржыландыру 144 398 мың теңгені, 2021 жылы 127 602 мың теңгені құраған болатын. 2023 жылы университет ғалымдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті қаржыландыратын жалпы сомасы (2023-2025 жылдар) 319,8 миллион теңгеге 6 гранттық жобаны жеңіп алды. Сондай-ақ университет ғалымдары ҚР басқа жоғары оқу орындарының ғалымдарымен ортақ ынтымақтастықта, меморандумдар негізінде ғылыми жобалар бойынша бірлесіп зерттеу жүргізетінін атап өткен жөн. АҚШ, Германия, Португалия, Оңтүстік Корея, сондай-ақ ТМД елдерінің университеттерімен бірлесіп халықаралық жобаларға қатысуға өтінімдер берілді, оның ішінде 2023 жылы 1 жоба жеңіске жетті. Ғылыми зерттеулерге деген сұраныс­тың жыл сайын өсіп келе жатқанын ғы­лыми жобаларды қаржыландыру көле­мінен байқауға болады. 2023 жылы гранттық қаржыландыру жобаларынан, халықаралық жобалардан, шаруашылық-шарттық жұмыстар мен тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерден түскен инвестициялар көлемі ұлғайды. Мәселен, 2023 жылы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті гранттық қаржыландырудың 15 жобасынан 197,9 миллион теңге, 3 халықаралық жобадан 50,1 миллион теңге, 1 шаруашылық келісімшарттық жобадан – 2 миллион теңге, ғылыми зерттеу және тәжірибелік конструкторлық жұмыстардан 6,8 миллион теңге, стартап жобалардан 9,2 миллион теңге тартылды. Университет ғалымдары гранттар, атаулы стипендиялар алуға арналған түрлі конкурстарға белсенді қатысады. Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атты байқауында соңғы 3 жылда Дулати университетінің 6 оқытушысы жеңімпаз атанды. 2023 жылы өткен «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» байқауының жеңімпаздары – химия магистрі, «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының аға оқытушысы Рабиға Құдайбергенова және «Автоматика және телекоммуникация» кафедрасының профессоры Мұхтар Жүнісбеков. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу, тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірістерді ұйымдастыру, студенттерді ғылыми ізденіске және ғылыми-өндірістік қызметке белсенді тарту үшін университетте бірқатар ғылыми-зерттеу бөлімшесі құрылды және жұмыс істейді. Бұған дейін университетте 6 ғылыми-зерттеу зертханасы жұмыс істеп келді. Былтыр олардың саны 8-ге жетті. Гранттық қаржыландыру есебінен университетте ғалымдар Арман Қабдушев «Амангелді» газ кен орнының проблемалық мәселелерін шешуге бағытталған «Тампонаждық материалдар мен бұрғылау ерітінділерінің қасиеттерін зерттеу» зертханасын және Маржан Қалмаханова Жамбыл облысы өңірлерінің суын тазартуға бағытталған «Суды тазарту және материалдар» зертханасын құрды. 2023 жылы университет базасында 3 диссертациялық кеңес құрылды. Оларды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті 3 күнтізбелік жылға құрды. 2023 жылы екі докторант Н.С.Мырзақасымова мен Е.И.Атенов диссерта­циялық жұмыстарын алғашқы болып қорғады. Бұл жаңалық Дулати университеті үшін ғана емес, бүкіл отандық ғылыми қоғамдастық үшін маңызды болды. Дулати университетінде студенттердің ғылымға көңіл бөліп, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына басымдық беріледі. Студенттердің оқу уақытынан тыс ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуының ең көп тараған нысаны – тақырыптық принцип бойынша құрылған студенттік ғылыми үйірмелер. Студенттердің ғылыми үйірмелерінде студенттер ғылыми-зерттеу жұмысының бастапқы дағдыларын, жаңа техникалық және шығармашылық идеяларды іздеу әдістері бойынша теориялық және практикалық дағдыларды игереді, әртүрлі технологиялар мен құрылғыларды әзірлеумен және жетілдірумен айналысады, арнайы ғылыми әдебиеттермен жұмыс істеу дағдыларын бекітеді және тереңдетеді, өз мамандығы бойынша жұмыс істеудің практикалық дағдыларын үйренеді. Студенттер университетішілік конфе­рен­цияларға ғана емес, сонымен қатар университеттен тыс әртүрлі деңгейдегі конференциялар мен конкурстарға да белсенді қатысады, онда олар өздерінің ғылыми нәтижелерін лайықты түрде ұсынады және сынайды. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарындағы студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық конкурсына студенттердің 249 ғылыми-зерттеу жұмысы ұсынылды. Университетішілік комиссия ҚР жоғары оқу орындарында студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарының республикалық конкурсының 2-турына қатысу үшін 213 жұмысты қарап, іріктеп алды. Біздің ЖОО-ның 48 студенті жеңімпаз атанды. Жыл сайын Дулати университеті студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары республикалық конкурсының 2-кезеңін өткізу бойынша базалық ЖОО болып келеді. Өткен жылы Дулати университетінің студенттері мен жас ғалымдары 42 стартап-жобаны ұсынды, оның ішінде 34 стартап-жоба студенттерге тиесілі. 42 стартап-жобаның жалпы инвестиция көлемі 9 212 200 теңгені құрайтын 12 жобасы жеңімпаз атанды. Оның ішінде 11-і жалпы инвестиция көлемі 8 712 200 теңгені құрайтын студенттердің стартап-жобасы және біреуі инвестиция көлемі 500 000 теңгені құрайтын жас ғалымдар­дың стартап-жобасы. Солардың біршамасына тоқта­лып өтсек, Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау университетінде «AtyrauSmartTeamHackathon» ҚР жоғары оқу орындарының студенттері арасында республикалық хакатонда «Қолданбалы информатика және бағдарламалау» кафедрасының студенттері Рамиль Шайнусов, Нұрбек Берікбай II орынға ие болып, 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды. Дәл осы кафедраның келесі студенттері – Аңсар Шабденбек, Еркежан Үкібаева, Ерсар Ахметқалиев, Шыңғысқорай Бәйтереков AstanaHub атынан StartupIDEA-BATTLE ІТ-бизнес-идеяларын беру конкурсында 500 мың теңге көлемінде ақшалай демеушілік алып, 40 команда арасында үздік ондыққа кірді. «Мелиорация және агрономия» кафед­расының студенті Алиман Әуесханова Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық байқауына «Медиа» номинациясы бойынша қатысып, 3 000 000 теңге жеңіп алды. Университетіміздің студенттері мен жас ғалымдарының 6 жобасы Тараз қалалық жастар ресурстық орталы­ғының «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық байқауында түрлі номинациялар бойынша 500 000 теңге көлемінде грант жеңімпазы атанды. Университетте студенттердің ғылыми қызметін ынталандыру мақсатында «Студент-зерттеуші» біліктілігін беруге конкурс өткізу дәстүрге айналды. Біліктілік студенттерге қорытынды ғылыми жұмысы, оқудағы жоғары үлгерімі үшін университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен беріледі. Жалпы университет ғалымдары өңірдің проблематикасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізеді және жобалар мен ғылыми-техникалық әзірлемелердің гранттық конкурстарына қатысады. Бірлескен халықаралық ғылыми жобаларды іске асыру және университет мамандарының біліктілігін арттыру үшін жақын және алыс шетелдердің ғылыми орталықтарымен және жоғары оқу орындарымен шығармашылық байланыстар кеңейтілуде.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар