Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Басты мақсат - ағын су тапшылығын болдырмау

Басты мақсат - ағын су тапшылығын болдырмау
Ашық дереккөз
Кейінгі екі жылда «Тасөткел» суқоймасы бөгетінің сейсмикалық тұрақтылығын жоғарылату бойынша құрылыс-жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқаны баршаға мәлім. Өткен аптада суқоймада атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында Шу ауданына Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Сушаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев пен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының міндетін атқарушы Бақытжан Кемелбеков арнайы келді. Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков суқойманың бүгінгі жай-күйінен бөлек, ондағы түйткілді мәселелерді де баяндады.

Айта кету керек, пайдалануға берілгеніне жарты ғасырға жуықтаған «Тасөткел» суқоймасының суы бүгінде екі бірдей ауданға ырзық болып отыр. Тұтастай алғанда, бастапқы жоба бойынша аталмыш суқойма 620 миллион текше метр су жинауы қажет болған. Алайда қажеттілігіне қарай мұндағы судың көлемі өзгеріп отырады.

Сондай-ақ суқоймадан ұзындығы 38,3 шақырымды құрайтын сол жағалау магистральді каналына, ұзындығы 48,8 шақырымды құрайтын оң жағалау магистральді каналы және ұзындығы 52,7 шақырымды құрайтын «Тасөткел» магистралдьді каналына су бөлініп жатыр. Аталған каналдар аудандағы егіс алқаптарына ағын су жеткізуде үлкен маңызға ие екенін айта кеткен жөн.

Алайда мұндағы қайта жаңғырту, яғни сейсмотұрақтылығын нығайту жұмыстары бұрнағы жылдары тым саябырсып қалды. Дейтұрғанмен өткен жылдан бастап құрылыс қарқыны қайта жанданып, қазіргі кезде жұмыстың басым бөлігі аяқталып үлгерген.

Дәл осы суқоймада ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген Әділхан Омаровтың айтуынша, суқойманың ішін түгелдей тазартпаса, бұл жердегі судың нақты мөлшерін болжау қиын. Жоба бойынша суқойманың тереңдігі 19 метр болғанымен жарты ғасырдың ішінде судың түбіне құм жиналып, әр жерден аралдар пайда болған.

Осыған байланысты Сушаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев жауапты тұлғаларға қаржы мәселесіне қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Кездесуде суқойманың құрылысынан бөлек, егістік жерлерді сумен қамтамасыз етуге қатысты қалыптасқан мәселелер де айтылып, оның шешілу жолдары қарастырылды. Сондай-ақ суқойманың құрылысына, егіс науқаны қарсаңындағы ағын су бойынша бірқатар мәселе талқыға салынды.

Одан бөлек аудандағы ПУИД-2 бағдарламасы аясында құрылысы жүргізіліп жатқан каналдарға қатысты да бірқатар түйткілдің бар екені айтылды. Каналдардың құрылысына жауапты мердігер мен техникалық қадағалаушы комитет төрағасына шешілуі тиіс мәселелерді баяндады.

Өз кезегінде аудан әкімі Бақытжан Оразалыұлы комитет төрағасына Дулат, Балуан Шолақ ауылдық округтері мен Д.Қонаев ауылындағы каналдардың құрылысын жылдам аяқтап, тұрғындарға ағын суды мейлінше ертерек беруге қатысты мәселелерді көтеріп, назарына ұсынды. Тұтастай алғанда, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар мен шешімін күткен мәселелердің оңды шешілуі тапсырылды.

Ерғали Қартайған,

журналист,

Шу ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар