Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҮМІТТІҢ ӘЛЕМІ, ҰЛТТЫҢ ӘУЕНІ...

ҮМІТТІҢ ӘЛЕМІ, ҰЛТТЫҢ ӘУЕНІ...
ашық дереккөз
ҮМІТТІҢ ӘЛЕМІ, ҰЛТТЫҢ ӘУЕНІ...
Ақын десе тағдырынан таяқ жеп, өмірдің соқтықпалы-соқпақты жолдарынан сүрініп-жығылып, заманға деген өкпесі қара қазандай бір пендені елестетіндер аз емес. Тіпті ел аузында ақын деген сөзбен алқаш деген сөздің қосарланып жүретін кездері де болды. Бірақ шын мәнінде ақын жаны жақұттай таза екенін, ақықтай мөлдір екенін кім түсінсін?! Ақын деп ат беріп қойғанымызбен олар да адам, ет пен сүйектен жаралған пенде.  Оның ақындығы өлеңінде және жүрегінде болса керек. Біздің қоғамда кейбіреулер ақындарда бақытты балалық шақ та, бақытты отбасы да болмайтын сияқты көреді. Алайда өмір талаптарына бағынбайтын еркін жандардың жүрек дүрсілі туғызған өлеңдері арқылы ғана оларды ақын деп бағалап жүргеніміз болмаса, олар да өзіміз сияқты адамдар. Сіздің басыңыздағы қасірет оларда да бар, қуанышыңыз да солай. Алайда сол қасірет пен қуанышқа олар сәл басқашалау қарайды. Біздің бұл сөзімізге сондай ақынның бірі, еңбекқор журналист, қарымды қаламгер, талантты ақын Үміт Битенова дәлел бола алады десек, артық айтпаған болар едік. Ол кісі бақытты ақын ғана емес, ақжарқын ана, ақ жаулықты әже бола білген адам. Үміт Қыранқызы 3 ақпан күні асқаралы алпысқа толғалы отыр. Ақын алпыс жасқа атсыз-атақсыз келген жоқ. Ол кісіні жақсы көрген халқы бәрін берді. Үміт Қыранқызы да халқына рухани азық сыйлап келеді. Олай дейтініміз, осы күнге дейін Ү.Битенованың қаламынан шыққан «Ауады да тұрады аңсарым», «Көңіл күнделігі», «Шын ғашықтар қосылмайды деген кім?», «Мендегі іңкәр махаббат», «Ешкімге айтпаған сырларым» атты жыр кітаптары мен «Мен сүйген жар» ғұмырбаяндық мағлұматтар кітабы, «Қай жерден кетті қателік» прозалық шығармалар жинағы, «Балабақшадан басталған» атты мемуарлық романы жоғарыда айтқан сөзімізді растай түседі. Ал осыншама еңбек жазып, оқырманына ұсынған ақынға елі «Құрмет» орденінен бастап, ҚР Білім беру ісінің үздігі және ҚР Мәдениет саласының үздігі, Талас ауданының Құрметті азаматы, Жамбыл облысының «Жыл патриоты» деген сияқты мәртебені берді. Ол туған жерін жүрегімен, жанымен сүйген ақын. Өзінің әкесі күйеу атанып, анасы келін болып түскен жұртын есіне алған ақын былай дейді. – Әкем Қыран Бұлдыбайұлы Әулиеата өңіріндегі бұрынғы Луговое ауданында туған. Төменгі Талас пен Аса өзенінің сағасын жағалай орналасқан Үшарал ауылындағы орта мектепті тәмамдаған. Кейін анам Тұрсынды ауылына алып қашып келіп, үйленгенде 1957 жыл екен. Анам Тұрсын – соғысқа дейінгі репрессия жылдарындағы бай-құлақтарды түртпектеген тепкіден жасырынып, жұпыны, жұтаң халқына бас-көз болып, Қап тауларын асып, Тәжікстан паналап, аман қалған қара қыпшақ-қонақбай Мәмбетұлы Дүрен (Дүрмағамбет) бидің үміт еткен қызы. Атасына мың лағнет, фашистік Германия ұлан-ғайыр шекарамызды ескертусіз бұзып кіріп, Кеңес халқының ашаршылық пен қуғын-сүргіннен аман қалған санаулыларының есін шығарып, түзеле бастаған тұрмысын астан-кестен еткенін жақсы білесіздер. Сол фашистерге қарсы жаппай Отан қорғау күресі жүріп жатқан тұста соғысу түгіл, еңбекке жарамсызданып, бауырдың айықпас шемен дертіне ұшыраған орта жүздің қара қыпшағы Дүрен атамыздың Қожамсүгір бабадан тарайтын Қонақбай руы Қызылорданың қазіргі Шиелі ауданына қоныс аударады. Нағашы атамның бірінші әйелі Орынкүл бірнеше сәбиі шетіней беріп, аумалы-төкпелі дүрбелеңде «Тұрсын» деп ырымдап атын қойған қыздарын өмірге әкеліп барып, келесі баласын босану кезінде қайтыс болған көрінеді. Көрер жарығы бар ол қыз баланың есімін Орынша деп атайды. Тұрсынды бауырына басып, өз қызындай өсіріп, бағып-қаққан Күләш апамыздың анамыздың өгей шешесі екеніне ол кісілер о дүниелік болып, өзіміз егде тартқан осы шағымызда бір-ақ сендік емес пе, жарықтық?! Руы ошақты Күләш апамыздың төркіні – Қызылорданың Тереңөзегі төңірегінен тамыр тартатын, қазіргі Жамбыл облысының солтүстік-шығысы жақтағы Талас ауданы деп аталатын табиғаты қатал, қысы суық, жазы ыстық, Мойынқұмның бел ортасындағы, шеті Бетпақдаламен шектесетін өңірді атақонысына айналдырып, ертеден мекен еткен, қазақтың дәл өзіндей еңбекқор момынторы ел. Өзінің бұ дүниелік емес екенін іштей сезген Дүрен атам ел-жұрты, туған-туыстарының қарсылығына қарамай, дімкәс кіші қызы Орыншаны өз бауырларында қалдырып, тұлымшағы желкілдеген тұңғышы кішкентай Тұрсынын жетектеп, Тұрар байдың аманаттаған жалғыз қызы, өзінің Күләштай ардақты жарын қайын жұртына – апамыздың еліне аман-есен жеткізу үшін тәуекелге басын тігіп, ұзақ жолға сапар шегеді. Бұл шақ Жамбыл облысының өз алдына отау болып құрылуына байланысты, яғни Оңтүстік Қазақстан облысынан бөлініп алынған Талас ауданының Жамбыл облысы құрамына кіргізілуімен тұспа-тұс келген шақтар еді. Күләш апамның ауылы – Қызыләуіт, Қаратау, Қарой, Қасқабұлақ ауыл-аймақтарының жер көлемі мен Байжансай руднигінің жоны да бекітіліп берілген Үшарал ауылдық округі. 1939 жылы «Талас» асылтұқымды қой совхозы, 1957 жылдан «Талас» асылтұқымды қой зауыты» болған, 1994 жылдан «Талас» акционерлік қоғамы болып қайта құрылып, асылтұқымды қаракөл қойын өсірумен айналысатын қазіргі шаруашылық – менің де атамекенім, – дейді ақын. Иә, шежірелі даласын айтса арыдан қозғайтын ақынның алағайлы-бұлағайлы шақтары да аз болмаса керек. Дейтұрғанмен: «Шыдамсыз едім, шыдауды үйрендім, Сүрінсем, сұраусыз едім – құлауды үйрендім, Көрсетпей жылаушы едім – көрсетіп жылауды үйрендім, Сынбаған, шытынамаған, қылаусыз едім – жамап-жасқап, құрауды үйрендім. Өмір бәрін үйретті», – деп өзі айтпақшы, өмір бәрін үйретті. Жар да сүйгізді, сүйікті де етті. Бір сөзбен айтқанда, ақынға Алла Тағала бақыттың дәмін көбірек татқызды. Ақынның тағдыры ақынмен жарасып, жар қызығын бірге көрген қос ақын бүгінде алпысқа келіп, ұлын ұяға қондырып, балапан немерелерін әлдилеп отыр. Ақынның жары деп отырғанымыз – Алашқа танымал аймаңдай айтыскер ақын, қазақтың жайлау көңіл азаматы Ербол Қамбатыров. Ол кісі өзінің Үміт апамызбен таныстығын тағдырдың сыйы деп біледі. – Біздің бір сәйкестігіміз, Үміт апаңның да, менің де анам бір мектепте оқыған. Одан кейін Үміт екеуміз үш жасымызда ауылымыз Үшаралдағы балабақша есігін бірге ашыппыз. Балабақшаның бір тобында тәрбиеленіп, мектептің бірінші сыныбына бірге бардық. Мектепте он жыл бірге оқыдық. Арман қуып жоғары білім алу үшін студенттік өмірімізді екі қалада – ол Шымкентте, мен Жамбылда (қазіргі Тараз) өткізіп, араға төрт-бес жылды салған тағдыр бізді бір ұжымда, Үшарал орта мектебінде әріптес етіп ауылымызда қайта тоғыстырды. Міне, содан бері екеуміз бар болғаны бірнеше ай ғана бөлек ұжымда жұмыс істеппіз. Қалған уақытта өмірде де, өнерде де, жұмыста да жұбымызды жазбай, балалықтан басталып, жастық шағымызбен жарасқан шынайы достығымыздың даңғыл жолы бізді сезімнің ұлы шыңына шығарып, мәңгілік махаббаттың мекеніне алып келді. Осынша уақыт бойы Үміт менің жүрегімнің жебеушісі, өнерімнің демеушісі, еңбегімнің елеушісі болып келеді. Мен сол үшін бағалаймын оны. Қазіргі таңда үш ұлымыз бар. Бес немереміз бар. Шыны керек, біз балаларымыздың іштей өнерге баруын қаламадық. Өйткені өнер жолы өте ауыр жол. Соны біз өз басымыздан өткізгендіктен де олар сол азапты көрмесе екен дедік. Бірақ бәрібір ұлдарымыздың ішінде біреуі актер болды. Қалғандары басқа мамандықпен жұмыс істеп келе жатыр. Жалпы тағдырымыздың оң қадамына әсер еткен ол Үміттің өнерге деген тазалығы мен түсінігінің әсерінен деп ойлаймын. Үміт Ұлбике ақын атындағы айтыстың үш мәрте бас жүлде иегері болды. Ол кезде айтысудың өзінің қызығы бөлек еді. Ал 1993 жылы Төле би бабамыздың 330 жылдығына арналған республикалық айтыста мен бас жүлде алдым. Ол да бір жастық шақтың қызықты сәттері еді. Биыл Үмітпен шаңырақ көтергенімізге 36 жыл болыпты. «Бақытты едік біз неткен, Өмірді бірге өреміз. Қайтамыз бірге қызметтен, Қызықты да бірге көреміз» деген өлеңінің шығуы да содан, – дейді ақын Ербол Қамбатыров. Бір ақын – бір әлем. Ал құстың қос қанатындай болған бір шаңырақтағы екі ақынның әлемі мүлде басқа болса керек. Алайда екі адамның да бір-бірінің таланты мен тағдырына қайшы келмей, бірін-бірі қолдап отыруы екінің бірінің қолынан келмесе керек. Ербол мен Үміттің арасындағы ұлы махаббат, міне, сондай нәзік сезімдердің арасын үзбей жалғап отырғандықтан да былайғы жұртқа аңыз болып жүр. Сондықтан да Ербол ағамыз: «Бүгін мейрам мен үшін, сен үшін де, Несі мейрам болмасаң сен ішінде. Өмір жүгін көтерем өзіңмен бір, Өзіңменен жеңіліс, жеңісім де!» деп жырлады. Иә, махаббат та, бақыт та осы екі ақын сияқты қадіріне жеткен, бірін-бірі аялаған жандарға ғана бұйырса керек. Алпысқа келсе де бір-біріне деген құрметі артпаса, кемімеген мұндай шаңырақтың иелері кейінгі жастарға үлгі бола бермек.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар