Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жауынгерлердің жұбайлары жарысты

Жауынгерлердің жұбайлары жарысты
Ашық дереккөз
Тараз гарнизонында әскери қызметшілердің әйелдері арасында байқау өтті. Үздік атағы үшін шығармашылық күресте «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері әскери қызметшілерінің оннан астам жұбайы сайысқа түсті. Армия қолбасшылығының пікірінше, бұл конкурсты өткізу әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің ортақ құндылықтарын арттыруға, адамгершілік және патриоттық тәрбиесіне ықпал етеді.

Тараз гарнизонындағы 85395 әскери бөлімі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ең ірі құрылымдарының бірі болғандықтан байқауға Тараз қаласынан бөлек, Меркі мен Тұрар Рысқұлов ауданынан да үміткерлер қатысты. Аталған әскери бөлімінің әйелдер кеңесінің жетекшісі, бөлім командирінің жұбайы Мадина Құндызбаеваның айтуынша, «Жаны жайсаң – жауынгер жары» байқауына қатысу туралы ұсынысқа әскери қызметшілердің жұбайлары қуана келіскен. – Ешкімді көндіріп жатудың қажеті болмады. Жауынгерлердің жұбайлары байқауға ынтамен дайындалып, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне белсене атсалысты. Келіншектердің жауапкершілігінің арқасында сайыс сәтті ұйымдастырылып, көрермендердің көңілінен шықты, – дейді М.Құндызбаева.

Тараз қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылған байқауды тамашалауға келген көрермендердің қарасы қалың болды. Көрермендер залы да, балкон да адамға лық толғанын айта кету керек. Байқаудың алғашқы кезеңінде үміткерлер өздерін таныстырды. Қатысушылар өздері, отбасы, күйеуінің әскери қызметі туралы баяндады. Жарыстың «Үй тапсырмасы» деп атала­тын бөлімінде үміткерлерге жол­да­сы­ның сүйікті тағамын дайындау міндет­телді.

Бұл байқауда қатысушыларға бір күн бұрын күйеулері жәрдемдесіп, үйдегі ас әзірлеу барысын бейнежазбаға түсіріп алған. Сайыс ережесі бойынша, келіншектер қолдарынан шыққан тағамның мәзірімен бөлісіп, дайындалу жолы, тарихы туралы түсініктеме беруі шарт. Сондай-ақ әскери қызметкерлердің жұбайлары күйеулерінің әскери киіміне жаға тігу шеберлігінен жарысып, білімі мен тапқырлығын көрсетіп, викториналық сұрақтарға да жауап берді.

Байқаудың соңғы кезеңінде қатысушылар шығармашылық қабілеттерін көрсетуі керек болды. Әскерилердің әйелдері қарым-қабілеттеріне қарай ән айтып, би биледі. Мәнерлеп поэзия оқыды. Көрермендердің қошеметіне бөленген әр сайыскер өзін шығармашыл тұлға ретінде танытып, жарын да, әріптестерін де қуантты. – Әйелдер кеңесі ұйымдастырған байқау әскери отбасы мүшелерінің басын қосып, бәрімізге жақсы көңіл күй сыйлады. Іс-шара біздің қандай тату ұжым екенімізді және әскери қызметкерлердің әйелдері отбасының мүддесін қорғауға дайын, шынайы, адал өмірлік серік екенін көрсетті, – деп атап өтті 85395 әскери бөлімінің командирі, подполковник Жаныбек Құранбеков. Үміткерлердің өнерін саралап, әділ бағасын беру үшін қазылар алқа­сының құрамына қала әкімдігінің, қоғамдық ұйымдардың, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілерінің отбасы мүшелерімен жұмыс істеу қызметінің өкілдері еніпті. Қазылар алқасын «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали басқарды. – Іс-шара өте жоғары деңгейде өтті.

Бүгінгі сайыс әйелдердің қоғам өміріндегі рөлінің қаншалықты маңызды екенін тағы бір байқатты. Біздің «Анаға тағзым» орталығында ақжаулықты аналарымызға арналған «Алқа» галереясы бар. Көрмеге облысымызға танылған чемпиондарды, композиторларды, жазушыларды дүниеге әкелген аналардың портреттері қойылған. Осы байқауға қатысып жатқан әскери қызметшілердің әйелдері отбасында еліміздің болашақ көрнекті тұлғаларын тәрбиелеп жатқанына сенімдіміз, – дейді Эльмира Иниятқызы.

Әскери қызметкерлердің жұбай­лары өзара сынға түскен байқау қоры­тынды­сымен бас жүлдені сержант Алмас Қалыбаевтың жұбайы Ғалия Омарова жеңіп алды. Бірінші орынды майор Қуаныш Еркебековтің зайыбы Айжан Ақтаева иеленді. II орын сержант Мейіржан Исақұловтың жұбайы Гүлнұр Тойшанға бұйырды. III орынды аға лейтенант Данабек Әнуарбековтің зайыбы Айнұр Әнуарбекова мен сержант Махат Тұрсынбаевтың жұбайы Қазына Көшенова өзара бөлісті. Сондай-ақ жарысқа қатысқан өзге үміткерлер актерлік шеберлігі, үздік костюмі, эрудициясы мен тапқырлығы үшін арнайы жүлдемен марапатталды.

Мадина Құндызбаеваның айтуынша, қорытынды шығару кезінде, ең бастысы, әскери әйелдердің бригада өміріне белсене қатысуға дайындығына мән берілген. Себебі әскери қызметшілердің жұбайлары түздегі жолдасының жағдайын үйде жасап, ошағындағы береке-бірлікті сақтау арқылы күйеулерінің үнемі жақсы көңіл күйде жүруін қамтамасыз етеді. Ал үйде жақсы атмосфера болса, жұмыста толық тәртіп орнайтыны белгілі.

АҚТОТЫ ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар