Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ

АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ
ашық дереккөз
АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІ АРДАҚТАЛДЫ
Кеңес одағы әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 35 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану мұражайына қарасты «Даңқ» залында Ауған соғысының ардагерлері «Дарын» лицейінің оқушыларымен кездесті. Оқушылар алдымен «Даңқ» залына экскурсия жасап, экспонаттарды тамашалап, олардың тарихымен танысты. Іс-шара мұражайдағы «Бауыржантану» орталығында жалғасты. Кездесуге облыс және Тараз қаласы бойынша «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ауған соғысының ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Дүкенбай Ермеков, Ауған соғысының ардагерлері Жанболат Қайрат және Мұрат Тазабеков қатысып, естеліктерімен бөлісті. Жиынды ашып, жүргізген «Даңқ» залының меңгерушісі Құрманғазы Демешев іс-шараның маңыздылығына тоқталып, Ауған соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету, жат жерде көз жұмған жерлес азаматтарды еске ала отырып, жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу маңызды екенін тілге тиек етті. – Ауған соғысы әлі күнге дейін тарихи бағасын алған жоқ. Соғысқа барлығы 650 мың, елімізден 22 200-ден астам жауынгер қатысты. Соның ішінде өңірімізден 2 232 адам аттанды. Соның 71-і жат жерде жан тапсырса, біреуі осы күнге дейін із-түссіз жоғалып кетті. 300-ге жуық азамат мүгедек болып оралды. Қазір облыста көзі тірі ардагерлеріміздің саны – 1 003. Оның ішінде медициналық және басқа да штаб жұмыстарына араласқан әйел азаматтар да бар. Қазіргі таңда сол 17 медициналық қызметкеріміз бейнетінің зейнетін көріп отыр. Солардың ішінде ардагерлер кеңесіне мүше азаматтар бірқатар әскери бөлім мен мектептерге барып, жастармен жиі кездесу өткізіп жүр. Әрине, қазіргі қоғамда орын алып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты жастарға ақылын айтатын көнекөз қарттарымыздың орны бөлек. Себебі атпал азаматтардың батасын алған ел көгереді, – деген Дүкенбай Ермеков жас өрендерге өз батасын берді. Еркін форматта өткен кездесу барысында жастар қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Ардагерлер өз ойларымен бөлісіп, бейбіт өмірді сақтауға, ер-азамат ретінде Отанды қорғауға дайын болуға шақырды.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар