Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазынашылық жүйенің жаңа белесі

Қазынашылық жүйенің жаңа белесі
Ашық дереккөз
Биыл Қазақстанның қазынашылық жүйесінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Атаулы мерейлі мерекеге орай кеше «Достық» үйінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің қатысуымен салтанатты жиын өтті.

  Қазақстанның қазынашылық жүйесінің қалыптасуы мен дамуы тәуелсіздік жылдарымен тікелей байланысты. Мемлекетіміздің өсуі және нығаюы, бюджетке түсімдердің және қаражат шығыстарының біртіндеп өсуі мемлекеттік қаржылық басқаруды және қаржылық жүйені қайта құруды реформалауды талап етті. Туындаған барлық мәселені шешу мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті 1994 жылғы 27 қаңтарда «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылығын құру туралы» жарлыққа қол қойды.

Содан бері Қазақстанның қазынашылығы бюджет жүйесінің бір буыны ретінде мемлекеттік қаржыны басқару жүйесінен лайықты орын ала отырып, орасан зор қалыптасу және даму жолынан өтті. Салтанатты жиын барысында көрсетілген бейнероликте де Қазақстанның қазынашылық жүйесінің, облыстық департаменттің құрылу, даму тарихы, бүгінгі жетістіктері, саланың аяғына тік тұруына үлес қосқан ардагерлердің өлшеусіз еңбегі көрсетіліп, басқа да мол мағлұматтар берілді. Жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев 30 жылдық мерекемен құттықтай отырып, сала қызметкерлеріне ерен еңбегі үшін алғыс айтты. – 1994 жылы Қазынашылықтың Бас басқармасы құрылып, бюджет қаражатының ұтымды және мақсатты пайдалануын қамтамасыз етті.

Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы саласына ерекше көңіл бөлуде. Нәтижесінде бәсекеге қабілетті қаржы секторы қалыптасты. Бүгінде бұл саланың мемлекет алдындағы экономикалық міндеттерді жүзеге асыруда алар орны ерекше. Сондай-ақ еліміздің экономикалық қуатын еселеп, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын арттыру қаржы саласына тікелей байланысты. Қазынашылық жүйесі 30 жылда әртүрлі даму кезеңдерінен өтіп, бүгінгі таңда еліміздің қаржылық жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды.

Қаржы жүйесін дамытуға қазынашылық органдарының қосқан үлесі зор деп сеніммен айта аламын. Бұл саланың темірқазықтай қалыптасуына осы жерде отырған сала ардагерлері мен қызметкерлері мол үлес қосты. Сіздердің ерен еңбектеріңіздің арқасында өңір экономикасы қарқын алып, 2023 жылдың бюджеті 99 пайызға игерілді. Алдағы уақытта да осынау биік межеден көрініп, өңір әлеуетін арттыруға күш салады деген сенімдемін.

 

Сіздерді мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін.Еңбектеріңіз жемісті болып, қызметте жаңа белестерге жетуге тілектеспін, – деген Ербол Шырақпайұлы бірқатар сала өкілдерін «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, облыс әкімінің «Құрмет» грамотасымен, «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің Құрмет грамотасымен, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитетіне – 30 жыл» төсбелгісімен марапаттады. Басқосуда облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев те құттықтау сөз сөйлеп, еңбегімен еленген департамент қызметкерлеріне арнайы грамота, төсбелгілерді табыс етті.

 

Сондай-ақ жиында сала ардагері Айбарша Сүндетқызы да ақжарма тілегін арнады. Салтанатты жиынның соңында облыстық филармонияның өнерпаздары әннен шашу шашты.

Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар