БЕСІК-ТАРИХЫМЫЗ БЕН РУХАНИЯТЫМЫЗДЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ
Бесік – ұлтымыздың тарихындағы аса құнды жәдігер. Қазақ бесікке баланың жай төсек-орны ретінде қарамаған. Қайта әрлеп, әдіптеп, бау-шуларын толықтап ұстағанды жөн көрген. Мысалы, қазақ баласы жататын бесіктің жабдықтарының ішінде міндетті түрде жабу, түбек, шүмек және тартпа баулармен қатар жастық болған. Мұның бәрі баланың жайлы жатуына, денесінің кедергісіз өсуіне өз ықпалын тигізген.
Жалпы қазақта бесік туралы ырым-тыйымдар, аңыз-әңгімелер өте көп. Одан бөлек «Бесік жыры» деп аталатын ауыз әдебиетіміздің бір бөлігі де бесіктен басталады. Тіпті кейбір аңыз-әңгімелерге қарап отырсақ, байырғы кезде баланың болашағын да бесікте жатқан кезінде-ақ шешіп тастаған. Мысалы, бесік құда болу дәстүрі осы сөзіміздің бір айғағы іспетті. Бұл туралы «Еңлік-Кебек» жырында жақсы айтылады. Сол сияқты «Қобыланды батыр» жырында кездесетін «Алтыннан бесік қойдырып, ақ торғынға бөлеген» деген жыр жолдары соның бір дәлелі болса керек. Бұдан өзге Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында да бесік туралы айтылады. Демек, бесік ұғымы ықылым заманнан бар екеніне осы мысалдар дәлел.
Бесіктің түп-тамыры тереңде жатқанын дәлелдейтін аңыз-әпсаналар көп. Мәселен, бесікті алғаш рет Алтай мен Жетісуды мекендеген Айдахар би жасатыпты деген аңыз ел ішінде көп айтылады.
Ерте, ерте, ертеде Айдахар деген би болады. Айдахардың әкесі қу медиен далаға ағаш егуді кәсіп қылған Мизам Баб екен. Мизам Баб 150 жыл өмір сүріп, дала өркениетін қалыптастырып, көрген жанның барлығын өзінің бау-бақшасымен таңғалдырыпты. Алайда Мизам Баб мәңгілік сапарға аттанғаннан кейін жау әскерлері қызғаныштан орманды өртеп жібереді. Алыс сапардан келіп, әкесінің орманын өртеп жібергенін көрген Айдахар би қатты ашуланады. Ну тоғайдың жапан далаға айналғанына қатты қапаланады. Сөйтіп, Айдархан би амалсыз ағаш қалдықтарын сүйретіп, үйіне барады. Күндердің бір күнінде Айдахар бидің перзенті тоқтамай жылап, ең атақты деген емшілерге апарады. Бірақ ешқайсысы да нәрестеге көмектесе алмайды. Шырылдап жылаған баланы жұбату үшін бар амалды жасаған би ақыр соңында өртенген ағаш қалдықтарынан бір бесік жасап, баланы соған салып тербетеді. Сонда баласы жылағанын сап тыяды. Сол кезден бастап адамзат тарихында алғаш рет бесік пайда болыпты-мыс.
Содан бері бесік өзінің тарихи рөлін, құндылығын жоғалтқан жоқ. Қазақтың қаншама ұлдары бала болып бесікке жатып, хан болып алтын таққа көтерілді десеңші?! Бұл сөзімізді халық медицинасының өкілдері де растап отыр.
– «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің сөзінен бесіктің бала тәрбиесінде қаншалықты маңызды екенін біле аламыз. Сонымен қатар бесікке бөленген баланың денсаулығы жақсы болатынын бабаларымыз жақсы білген. «Бос бесікті тербетпе», «бесіктің бетін ашық тастама» деген сияқты ырым-тыйымдарды қатаң ұстануының да бала өміріне деген жауапкершіліктің жоғары екенін көрсетсе керек. Бесік баланың өсіп-жетілуіне ғана емес, тазалығына және жүйке жүйесінің дұрыс жетілуіне зор ықпалын тигізеді.
Әрі бесік жай ағаштан жасалмайды. Негізі талдан, қайыңнан иіліп жасалады. Ең әуелі, бесіктің екі жақ басы тұтас қайыңнан, талдан иіліп немесе төрт бөлік қарағай ағаштан қиыстырып доға формасына келтіріліп жасалады. Сөйтіп, аяқтарының аралығын бір-бірімен шабақпен жалғастырады. Бесіктің екі жақ жақтауының да табаны дөңгелектеу болып келеді. Бұл бесіктің тербетіліп тұруына ыңғайлы. Доға тәрізденген бесіктің екі басын бір-біріне қарама-қарсы қойып, араларын екі қатар ұзын шабақтармен біріктіреді. Шабақтар үстінен тұтас тақтай төсеп, оның орнататын жерін дөңгелектеп тесіп, ояды. Бесіктің доға тәрізденген екі басы дәл ортасынан оқтаудай жұмыр ағашпен біріктіріледі. Оның бөлшектері бір-бірімен ағаш желіммен, ағаш шегелер арқылы берік қиыстырылатындықтан тербетіп, яғни қозғаған уақытта сықырлаған бөтен дыбыс шықпайды. Сонымен қатар бесіктің арқалығына әртүрлі сылдырмақтар, ойыншықтар іліп, тұмаршалар тағып қоятын болған. Бұл баланың зерікпей солармен ойнауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ бесікке бөленген нәрестенің кіші дәреті шүмек арқылы, ал үлкен дәреті бесік тесігі арқылы түбекке жиналады. Түбектің түбіне күл салынады. Шүмек өте әдемі етіліп қойдың асық жілігінен жасалады. Оны айрықша аппақ болу үшін сүтке қайнатып та алған. Мұның бәрі де баланың алаңсыз ұйықтауына және тазалықпен өсуіне өз әсерін тигізеді, – дейді халық емшісі Марат Ахметов.
Жалпы қазақтың баласы өмірге өзімен бірге той, қуанышты бірге ала келетін сияқты. Мысалы, бала туа салып шілдехана жасаса, бесікке салғанда да той жасайды. Бесікке салудың да көптеген жөн-жоралғысы бар. Өйткені баланы жай бесікке бөлей салмайды. Оны нағашы жұрты алып келген бесікке бөлеуден бұрын «Тышты ма?» ырымын жасайды. Яғни бесіктің түбек тесігі арқылы бауырсақ және басқа да тәтті дәмдер жапа-тармағай астына тосылған алақандарға тасталады. Сол сәтте бесікке салушы: «Тышты ма?» деп сұрағанда көпшілік те іле-шала «Тышты! Тышты!» деп шу етеді. Баланың санасына қуаныш ұялату мақсатында жасалатын бұл ырымның да орны ерекше.
Одан кейін бесікті көпбалалы, көргенді аналар адыраспанмен, аршамен аластайды. «Иә, Әруақ-Құдай, пәле-жалаңнан сақта, тіл-көзден сақта!» деп бесіктің асты-үстінен айналдырады. Сол сәтте қалған әйелдер бесікті көтеріп тұрады. Ал аластаушы: «Алас, алас, пәледен алас, Иесі келеді, пәледен қаш! Алас, алас, пәледен алас, Көзі жаманның көзінен алас, Тілі жаманның тілінен алас. Отыз омыртқасынан алас» деген сөздерді айтады.
Кейін барып бесікке салушы «Бибі Бәтима» піріне сыйынып баланы бөлеп, бесіктің жеті түрлі «ұйқы жабарын» қоса жабады. Олар: көрпе, шапан, кебенек, тон, жабу, жүген, қамшы. Бұлардың бірін жауып, бірін бас жағына қоюының да өзінің мән-мағынасы бар. Мысалы, қамшы биліктің, жүген байлықтың символы. Ал ең қызығы, бұрындары бесікті алып қашу ырымын да жасаған. Онда бесікке салушы әженің көмекшісі бесікті ары-бері тартқыштайды. Оған өзінің жолын беріп, бесікті алып қалатын болған. Ондағысы «бала бізге де жұғысты болсын» дегені. Оны айналасындағылар әзілдеп «Бесіктің қойына қасқыр шапты, арашаға барайық, мен бала таптым, өз үйіме ала қаштым. Арашаға кім бар?» деген сияқты сөздерді айтып, той иесінен сыйлық алған.
Баланы бесікке салып болғаннан кейін келген адамдарға айна, тарақ, жүзік және тағы да басқа әшекейлер тарту етіледі. Әрі үлкендер той соңында жайылған дастарқанға:
«Ас бергенге бас берсін,
Өмірі ұзақ жас берсін.
Кетпес дәулет,
Кең пейіл берсін.
Ата-анасына мейірімді болсын,
Қатарының алды болсын.
Ырысты, нәсіпті болсын,
Ақ сақалды, сары тісті болсын.
Еліне елеулі, халқына қалаулы болсын.
Әумин!» деп, бата беріп тарасқан.
Міне, сол кезде бесікке бөленген балаға арнайы әжесі тарапынан немесе анасы тарапынан арнайы «Бесік жыры» айтылады.
«Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Әнін тыңдап анаңның,
Тәтті ұйқыға бат, бөпем.
Ел намысын қорғайтын,
Батыл болшы, бөпешім.
Ер намысын қорғайтын,
Батыр болшы, көкешім» деп, әлдиін өзінің тәтті ырғақты әнімен ұйықтатады. Ал бала оянғаннан кейін бесіктен шешіп аларда:
«Апасы шешіп алсын,
Ұйқысы бесікте қалсын,
Балақаным бойын жазсын,
Денсаулығы мықты болсын!» деген сияқты тілек жырларын айтқан.
Қарап тұрсаңыз, қарапайым ғана бесіктің төңірегінде қаншама философия жатыр. Ал сол философия мен дүниетанымның арасын қазақ «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен ана» деп бірауыз сөзбен жалғаған. Ендеше бесігімізден де, есігімізден де құт кетпесін.
Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала