Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Кәсібіңе мен сенің басымды ием!»

«Кәсібіңе мен сенің басымды ием!»
ашық дереккөз
«Кәсібіңе мен сенің басымды ием!»
Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жүрегі ауырып, дертіне ем іздегенде дәрігер­лер­ге арнап осылай өлең шығарған екен. Бірнеше мәрте аурухана төсегіне таңылған ол «Өзімнің жүрегімдей қайда маған» деп, ақ халатты абзал жандарға деген ілтипатын жыр жолдарымен жеткізді. Гиппократқа ант беріп, адам өмірі үшін жауапты болған арлы дәрігерлер арамызда қаншама? Біз бүгін облысымыз­дағы медицина мамандары туралы сөз қозғамақпыз. 

Жүрек дерті өлімге бастай ма?

Республика бойынша жүректің дертіне дауа табатын ең білікті, ең танымал мамандар біздің шаһарда жұмыс істейді. Осы сөздің мәніне терең үңілу үшін облыстық аурухананың кардиология бөліміне бас сұқтық. Бөлім басшысы Рауза Жұбандықовамен дидарласып, сұхбаттастық. 35 жыл еңбек өтілі бар дәрігердің айтуынша, жан-жақтан мықты кардиолог іздеп сабылғандар Таразға ағылады екен. 2009 жылдан бері өңір медицинасының кардиология саласы жаңа бағытқа бет бұрған. Америкалық әдіс-тәсілді пайдалана отырып, жедел түрде жүрегі ауыратын адамдарға ота жасауды бастаған. Осы істі қолға алардың алдында Үкімет әр облыстан дәрігерлерді Израильге екі айға оқуға жіберіпті. Шетелде тәжірибе жинақтаған мамандар алгоритммен жұмыс істеуді үйренген. Жаңа стандарт бойынша ем-дом жасауға машықтанған. Облыс кардиологиясы бұл әдісті 2011 жылы жүзеге асырған. Сондай-ақ бөлімге озық үлгідегі заманауи аппараттар сатып алыныпты. Осылайша мамандар жіті инфаркт дертімен келіп тұрған науқасқа ауруды тамырдың деңгейінде тоқтатып, созылмалы жүрек жетіспеушілігінің алдын ала бастады. Мұны жүрекке қалқанша (стенд) салу деп атайды. Бұл кәдімгі тамыр арқылы инвазивті түрде ота жасау деген сөз. Осылайша Рауза Мақсұтқызы бастаған облыс кардиологтары қаншама науқасқа жәрдемші бола біліпті. – Облыс кардиологиясы 1985 жылдан дами бастады. Оның басында біздің ұстаздарымыз Давид Безмозгин мен Анархан Әзімханов тұрды. Осы кардиологтар сол кезде қалалық аурухананың терапия бөлімінен кардиология бөлімінің ашылуына ұйытқы болды. Мен институт бітіріп келісімен сол бөлімде дәрігерлік қызметімді бастадым. Амалбек Тшанов облысқа әкім болып тағайындалғанда бірінші қолға алған жұмыстарының бірі 60 орындық кардиология бөлімін облыстық ауруханаға ауыстыруға ықпал етуі еді. Міне, содан бері осы салада дәрігер-кардиолог болып еңбек етіп келемін. Біздің жұмыста шапшаң қимылдап, зыр жүгіріп жүріп еңбек ету керек. Жамбылдық бір шоғыр кардиолог-дәрігерлердің ұстазы Анархан Әзімханов ағамыз бізден осыны талап етті. Өзім де жұмысқа келген дәрігерлерден «Адамды жақсы көресің бе?» деп сұраймын. Өйткені біздің сан түрлі қауырт жұмысымыздың бірі – жүрегі шаншып, жаны қиналып келген адамға жылы сөзімізді арнап, дәрігерлік мейірімімізді көрсете отырып, науқасты дертінен айығатынына сендіру. Облыстық ауруханада науқасқа 40 төсектік орын қарастырылған. Каранография, компьютерлік томография сынды неше түрлі аппараттар бар. Жүрек ауруы көбіне қыс айларында өршиді. Ал көктем, жаз айларында бәсеңдейді. Күн жылынғанда адамның қантамырлары кеңейіп, аурушаңдық саябырсиды. Осы саладағы тәжірибеме сүйенсем, мимен жұмыс істейтін интеллигент адамдар жүрек ауруымен көп ауырады. Бірақ қазіргідей цифрландыру дәуірінде шопан да, қол еңбегімен айналысатындар да жиі сырқаттанатын болып жүр. Оған адамның дене қимылының аздығы, үнемі күйзелісте жүруі себеп болуда. Аурудың түп-төркіні стресс пен депрессияға түсуден болады. Сондықтан жұртшылық жүрегіне салмақ салмай, жоқ жерде ойға шомып, мұңға батпай, өзін күйзеліске түсуден сақтағаны жөн. Барлық түйткілдің шешімі болады. Дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстанған жөн. Жас кезінде жүгірмеген адамға қартайғанда жүгіруге болмайды. Тек жүру қажет,– дейді бөлім меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Рауза Жұбандықова. Мұнда кардиология мен кардиореанимация ісі бірге жүргізіледі. Науқас ауруханаға түскеннен кейін бір сағаттың ішінде дерттің түрі анықталып, түрлі көмек көрсетіледі. Рауза Жұбандықова ең үздік маман деп рентген хирургиясының бөлім басшысы Берік Керімқұловты атап өтті. Израильге бірге оқуға барған білікті маманмен әлі күнге қатар қызмет істеп келе жатқандығын мақтанышпен тілге тиек етті. Сонымен қатар Лаура Медетова, Мамур Ақтанқызы секілді дәрігерлердің еңбегі ерен. Кейіпкеріміз өмірлік серігі Жандар Миятұлы екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Жұбайы – мал дәрігері. Облыстың ветеринария саласына еңбек сіңіріп жатқан азамат. Жарасымды жұптың бір-бірімен сырласып, талқылайтын тақырыптары да көп. Отандасқандарына да 35 жыл болыпты. Әңгіме арасында дәрігер «Жұмысым – екінші отбасым, кейде одан да жоғары» деп айтып қалды. Бұл енді өз мамандығына адалдықтың бір үлгісі болса керек.

Суретшілікті серік еткен дәрігер

Дәрігерлер арасында да тек адам емдеп, науқасқа көмек бергеннен басқа болмысы бөлек ерекше жандар бар екен. Солардың бірі – эндокринология бөлімінің басшысы Әсел Зинулина. Болмысы бөлек дейтініміз оның жаны бір мезгіл қолына қалам мен майлы бояу алып, сурет салғанды қалайды. Кейіпкеріміздің қолынан шыққан туындылар кәсіби суретшінің жұмысынан кем түспейді. Оның картиналарын «Құдды бір хас суретшінің өзі салған ба?» деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Біз бөлімге кіріп барғанда оның қолынан шыққан бірнеше туынды төрде ілініп тұрды. Дәрігер өзінің бұл қырын ұяла жеткізді. Кішкентай қызы көркемсурет үйірмесіне қатысады екен. Жұмыстан соң ол миын тынықтыру үшін сурет салады. Бүгінде бұл әдіс ауыр науқастармен алысып, үйге шаршап барғанда өзін тынықтыруға арналған терапия көрінеді. Кейіпкеріміз әңгіме арасында сурет салғанда шаршағаны басылып, ерекше күйге түсетінін сөз етті. Әсел Асанқызы 1980 жылы дүниеге келген. Осы салада қызмет атқарып жүргеніне 15 жыл болыпты. Эндокринологиялық бөлімге облыстағы бүкіл елді мекеннен келген науқастар жатқызылады. Оның айтуынша, шынтақ пен қолтық қарая бастаса, тез арада анализ тапсырып, дәрігерлік кеңес алу керек. – Суретшілік – ол менің екінші қырым. Адамның кескін-келбеті мен жануарлардың бейнелерін салғанды жақсы көремін. Миым демалады. Ал дәрігерлік менің негізгі кәсібім. Жұбайым мүлде бөлек салада жұмыс істейді. Екі ұл, бір қызымыз бар. Жалпы жұртшылыққа қалқанша безімен көбіне кімдер ауыратыны таңсық болуы мүмкін. Сондықтан осы дертке тоқтала кеткенім жөн деп ойлаймын. Негізінде қалқанша безі ауруының қай түріне болса да көбіне әйел адамдар шалдығады. Себебі нәзікжандыларда жүктілік, босану және бала емізетін кезеңдері болады. Осының барлығы гормондарға әсер етеді. Медицинада оны үйлесімділіктің бұзылуы, теңгерімсіздік (дисбаланс) деп айтып жатады. Сонымен қатар жасөспірім балалар жиі ауырады. Өйткені жүктілік кезінде ақауы бар анадан туылатын бала көбіне осы ауруға шалдығады. 70 жастан асқан кісілер де қалқанша безінің ауруларына жиі душар болып жатады. Олардың сүйектеріндегі кальцийдің мөлшері мен гормондардың жұмысы азаяды. Үлкен кісілер тісі жоқ болғаннан кейін құрамында йоды бар тағамдарды көп жей алмайды. Микроэлементтер бұрынғыдай сіңбейді. Сол себептен әйел адамдар мен үлкен кісілер көп ауырады, – деді Әсел Асанқызы. [gallery size="medium" ids="23561,23563"]

Уақытылы емделудің маңызы зор

Мұндағы ең мақтаулы дәрігердің бірі – Нұрбану Бердімбетова. Ол өз ісініе адал, білікті эндокринолог дәрігер. Бастапқыда қызметін Қордай ауданында жалпы тәжірибелік дәрігер болып бастаған ол бүгінде облыстық ауруханада ең білімді, тәжірибелі эндокринологтардың бірі. Оның емін алып жатқан науқастармен тілдескенімізде Нұрбану Мейрамбекқызының өз ісіне деген жауапкершілігін, мейірімділігін, тағы да басқа қасиеттерін айтып тауыса алмады. Зейнет жасындағы ем алушы Айсұлу Базарбаеваны қалқанша безі ауруы мазалап жүргеніне жеті жыл болыпты. Емді осы ауруханадан алады екен. Ол: «Сөзге сараң, бірақ өз ісіне берік Нұрбанудан ем алғаныма қуанамын», дейді. Ал Нұрбану өз сөзін дәрігерлік жұмысын түсіне білген отбасына алғыс айтудан бастады. – Жұбайым мен енем түсінігі өте жоғары адамдар. Түнгі ауысым, кезекшілік дегенге барынша түсіністікпен қарайды. Әуелі отбасыма алғыс айтқым келеді. Менің жоғары мәртебелі дәрігер атанып жүргенім отбасымның арқасы. Балаларымды «қыңқ» дегізбей қарап отырған енем өте алтын адам. Ал жолдасым тіптен керемет жан. Отбасында түсіністік болмаса, қызмет жолда қалады. Үйдегі көңіл күй дұрыс болса, жұмысың да алға басады. Кез келген ауруды асқындырмай, оның алдын алуымыз керек. Қалқанша безі – адам ағзасындағы ең маңызды мүшелердің бірі. Қалқанша безінен гормондар бөлінеді. Гормондар адам ағзасының жұмысын реттеп отыратынын ескерсек, бұған 80-85 пайыз қалқанша безі жауап береді. Жалпы қалқанша безі ауруларының пайда болуының себептері көп. Оның ең бірінші себебі – тұқым қуалау. Екінші – адамның жүйке жүйесіне психикалық-эмоционалдық күш түсу. Оған көп жағдайлар әсер етуі мүмкін. Үшінші – дұрыс тамақтанбау. Ағзаға керекті дәрумендер мен минералдар түспеген жағдайда, сондай-ақ нашар экологиялық ахуал да аурудың пайда болуына әсерін тигізбей қоймайды. Қазір адамдардың көпшілігінде созылмалы аурулары бар. Сол аурулардың да әсері көп. Және ағзаға йод жетіспегенде қалқанша безі аурулары пайда болады. Радиациялық, химиялық зауыттарда жұмыс істейтін адамдар қалқанша безі ауруларына жиі шалдығады. Оларға еңбек жағдайында токсин арқылы зиян тиіп, қалқанша безінің жұмысын тежеп тастайды. Қалқанша безінің аурулары өте қауіпті. Оны біз асқындырып алмас үшін алдын алып отыруымыз керек. Гипертиреоз, гипотиреоз дедік. Қалқанша безінің бұл ауруларын асқындырып алмас үшін емделу қажет. Науқас дер кезінде емделмесе, гипотиреоздық комаға әкеліп соғуы мүмкін. Ол қалқанша безінің ісініп, адам денесінде сұйықтықтың пайда болуына әсер етеді. Сол себептен жүректің қызмет етуі де әлсірейді. Жүрек ақаулары пайда болады. Уақытылы ем қабылдамаған науқастардың көздері шарасынан шығып кетеді. Зоб кезінде түйіндер емделмейтін болса, өседі және обыр ауруына әкеліп соғуы мүмкін, – деді Нұрбану Бердімбетова. Нұрбану Мейрамбекқызы шынында да жүзінен шуақ төгілген, мейірімді жан болып шықты. Бұған біз онымен әңгімелесу барысында көз жеткізе түстік. [gallery ids="23562,23564"] Мамандықтың бәрі жақсы. Дегенмен адам өміріне арашашы дәрігерлік мамандықты таңдау адамға үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдағы науқастан тыжырынбайтын, қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайды қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы керек. Біз сөзге тартқан дәрігердің барлығы да осы талаптарға сай келіп тұрды.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар