ТҮЙТКІЛДЕР ТҮЙІНІ ТАРҚАТЫЛАДЫ
Нақты мақсат болмай нәтижеге жету әсте мүмкін емес. Елдің өсіп-өркендеуі үшін салмақты стратегия керек. Міне, осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев уақыттың сын-қатерлеріне төтеп беретін бірқатар реформаны қолға алды. Бұл туралы Президент былтыр Республика күніне орай сөйлеген сөзінде де нықтап айтты.
«Қазақта «Егемен елдің еңсесі биік» деген сөз бар. Азаттықпен бірге ұлттың рухы көтерілді. Халқымыз көптеген табысқа жетті. Тәуелсіздік жылдарын біздің халқымыз абыроймен жүріп өткен дара жол деуге болады. Осы кезеңде біз қуатты әрі жауапты мемлекет ретінде қалыптастық, елдігіміздің тұғырын нығайттық. Көк туымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Көрші елдермен сындарлы келіссөз жүргізіп, шекарамызды біржола шегендедік. Соның арқасында шынайы достық шекарасы қалыптасты, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздігімізді қамтамасыз еттік.
Мемлекетіміздің жетістіктерін қаперден шығармай, үнемі айтып жүру керек. Өйткені оның бәрі – Қазақстанның шынайы егемендігінің жемісі. Сонымен бірге, әрине, қателіктер де болды. Оны ұмытпаған жөн. Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін одан қорытынды жасалуға тиіс.
Еліміз соңғы жылдары түбегейлі жаңғырды. Біз ауқымды, бірегей конституциялық реформа жасадық. Біздің геосаяси ортамызды алып қарасақ, бұл маңызды қадам теңдессіз реформа болды. Жалпыұлттық референдумда халқымыз бұл өзгерістерге барынша қолдау білдірді. Азаматтардың саяси үдеріске қатысу мүмкіндігі айтарлықтай артты. Мемлекет пен қоғамның қарым-қатынасы жаңа сипатқа ие болды. Яғни жалпыұлттық диалогтың ауқымы кеңейді. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Мұның бәрін саяси реформаның басты мазмұны деуге болады», деді Мемлекет басшысы.
Еліміздің басқа аймақтарымен қатар, Шу ауданында да байыпты бастамалар лайықты нәтижесін беруде. Бұл тұрғыда мемлекеттік бағдарламалар мен жарқын жобалардың тигізіп жатқан көмегі көп. Соның нәтижесінде 2023 жылдың 11 айында ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасты.
Агросектор алға басуда
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылығын дамытудың маңызы зор. Шу ауданында Жер-анадан нәсіп теріп, берекесін тасытып отырған азаматтар аз емес. Сонымен қатар атакәсіп –
малшаруашылығына да бет бұрғандар жетерлік. Осы орайда «Ауыл аманаты» жобасының кең көлемде жүзеге асырылуы саланы серпілтуге оң септігін тигізіп отырғанын айта кетуіміз керек. 2019 жылы басталған «Ауыл аманаты» жобасы 5 ауылдық округте іске асырылған болатын. Жобаның бес бағыты бойынша 683 өтінім қарастырылып, барлығы 3,7 миллиард теңге несие берілді. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 175-тен 32-ге, яғни 81,8 пайызға төмендеді. Жұмыссыздық деңгейі төмендеп, ауыл тұрғындарының тұрмыстық деңгейі артуда. 2024 жылы аталған жоба Алға, Далақайнар, Өндіріс, Балуан Шолақ ауылдық округтерінде іске асырылатын болады.
Бүгінде Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес жайылым жерлерді тиімді пайдалану мәселесіне баса назар аударылуда. Осы бағытта ауданда зерделеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 93,8 мың гектар жайылым жер жетіспейтіндігі анықталды.
Мәселені шешу үшін бірқатар жұмыс жүргізілді. Елді мекеннің жайылым жерлерін ұлғайту бойынша аудандық босалқы жер қорынан қосымша 98,3 мың гектар жайылымдық жер учаскелері ауылдық округтерге бекітіліп берілді. 2023 жылы пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы 23 000 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған болатын. Былтыр жалпы мемлекет меншігіне 23 475,16 гектар жер қайтарылды. Оның ішінде 5 223,43 гектары егістік болса, 18 103,07 гектары жайылымдық.
Сонымен қатар былтыр 21 шаруа қожалығына тиесілі ауылшаруашылығы мақсатындағы 49 446 гектар жайылымдық жердің игерілмей жатқаны анықталды. Яғни мал басы тіркелмеген. Оның ішінде 5 ірі шаруа қожалығының жері 38 906 гектар болса, қалғаны 16 шағын шаруа қожалыққа тиесілі. Жер телімдерін игермеген шаруа қожалықтары бойынша Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес шара қолдану үшін облыстық жер инспекциясымен бірлесіп жұмыс атқарылуда. Бұл бағытта зерделеу шаралары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Жалпы ауданда 94 канал бар. Оның ішінде үшеуі магистральдік, 91-і шаруашылық канал. Қазіргі таңда ПУИД-2 жобасы аясында 5 863 гектар суармалы алқапты қамтитын 16 нысанға қайта жаңғырту жүргізілуде. «Туннель Садд Ариана» компаниясы 2022 жылдан бері осы жұмыстармен айналысуда. Оң жағалаудағы магистральді канал бойындағы «Андреевка», «Ақтөбе», «Госфонд», «Госфонд-1», «Қалығұл», «Подхоз», «Киров», «Ленина-2», «Огородный» арналарының жөндеу жұмыстарын биылғы суғару маусымына дейін аяқтау жоспарлануда. Ал «Огородный-1», «Огородный-2», «Ленин-1», «Красная весна-1», «Красная весна-2» және «Поселковый» каналдарын қайта жөндеуден өткізуге қаражат тапшылығы туындап тұр. Дегенмен қосымша қаржыландыру мәселесі Су ресурстары комитетінің техникалық кеңесінің қарауында.
Бүгінгі таңда «Ақтөбе» және «Огородный» каналдарында жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Одан бөлек сушаруашылығы жүйелерін қалпына келтіру жол картасы аясында аудан аумағындағы 35 канал бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. 31 канал республикалық меншікке өткізілді.
Далақайнар ауылындағы 4 каналға 67,3 миллион теңге қаралып, құрылыс жұмыстары былтырғы қыркүйек айынан басталды.
Сонымен қатар 2-кезеңдегі 45 канал аудан теңгеріміне алынып, жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Нәтижесінде 2026 жылдың соңына дейін барлық каналдарды жөндеуден өткізу жоспарда бар.
Инфрақұрылым игілігі
Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – бұқараны баспанамен қамту. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде жалпы 1 790 адам тіркелген. Аталған мәселені шешу мақсатында 2023 жылы бюджеттен 576 миллион теңге бөлініп, тұрғын үйлер сатып алынды. Сәйкесінше кезекте тұрған 60 азамат баспаналы болды.
Сонымен қатар Төле би ауылында 14 пәтерлі жатақхананың кілті тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға табысталды.
«Асарлатып үй салу» жобасымен 2020 жылдан бастап жалпы 19 тұрғын үй тапсырылды. Соның ішінде былтыр 4 үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек тағы 5 үйді 2024 жылы кезең-кезеңімен беру жоспарлануда. Ал «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен 30 маманды үймен қамту жоспарланып, меже бүгінде 100 пайызға орындалды.
Биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 663 миллион теңге бөлу туралы ұсыныс қолдау тауып отыр. Сол сияқты Шу қаласындағы «Жетісу» тұрғын аумағында 80 пəтерлі тұрғын үйдің құрылысын жүргізу үшін 400 миллион теңге қарастырылды. Нәтижесінде 2024 жылы тұрғын үй кезегіндегі 140 азамат баспаналы болады деп жоспарлануда.
Тағы бір айта кетерлігі, 2020 жылы 5 қабатты 80 пәтерлік 3 үйдің құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген болатын. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттың мерзімі өтуіне байланысты өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, бюджеттік өтінім ұсынылды. Егер аталған жоба қолдау тапса, онда баспанамен қамтылатын азаматтар қатары тағы да арта түспек.
Жалпы ауданда 142 көппәтерлі үй бар. Соның ішінде 34 үй 2012-2021 жылдар аралығында мемлекеттік бағдарлама арқылы жөндеуден өткен. Былтыр облыстық бюджетті нақтылау барысында 167 миллион бөлініп, Шу қаласындағы 9 көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы шаруалар мұнымен шектеліп қалмайды. Қосымша тағы 10 көппәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Облыс әкімдігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына 2024 жылға бюджеттік өтінім берілді.
Ауызсу мәселесін шешу үшін де ауқымды істер атқарылуда. Ауданда 35 елді мекеннің 26-сы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Яғни елді мекендердің ауызсумен қамтылу деңгейі 74,3 пайызды құрап отыр. Дейтұрғанмен түйткілдер түйіні рет-ретімен тарқатылып келеді. Елді мекендерді орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету үлесін арттыру үшін былтыр 6 ауылда құрылыс жұмыстары басталған болатын. Оның ішінде Көкқайнар, Ақтөбе және Еңбекші ауылдарындағы шаруалар аяқталды. Ендігі кезекте Шу қаласының «Қант зауыты» ықшамауданындағы, Төле би ауылының сол жақ беткейіндегі және Көктөбе ауылындағы жұмыстар жақын уақытта өз мәресіне жетеді деп күтілуде. Сауытбек ауылындағы құрылыс жұмыстары тиісті деңгейде орындалмауына байланысты бүгінде мердігерге қатысты сот органдарына талап-арыз жолданып, 6,7 миллион теңге айыппұл өндіру бойынша шешім шығарылды.
Ал ауызсумен қамтылмаған Еңбек, Жиенбет, Жайсан ауылы, Тасөткел суқоймасы бойынша тиісті жобалар республикалық бюджет есебінен қолдау тапты. Сол сияқты Бөлтірік ауылындағы жұмыстарға облыстық бюджет есебінен 200 миллион теңге қаражат бөлініп, былтырғы қараша айында су шығару имаратының құрылыс жұмыстары басталды. Осы тірліктер ойдағыдай жүзеге асса, 2025 жылға дейін елді мекендерді ауызсумен қамту 100 пайызға жетеді.
Көгілдір отын жайы да көпшілікті толғандырмай қоймайды. Шу ауданындағы 35 елді мекеннің 18-і табиғи газбен қамтылған. Атап айтқанда, Шу қаласы, Жаңажол, Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші, Төле би, Бірлік, Қонаев, Көктөбе, Бірлікүстем, Алға, Сауытбек, Жайсан, Абай, Оразалы батыр, Ақсу, Тасөткел ауылдары мен Тасөткел суқоймасына көгілдір отын жеткізілген. Ал Мойынқұм, Жиенбет, Еңбек, Ақтөбе, Аспара ауылдарына құбыр тартылған. Ендігі кезекте қалған Бәйдібек, Ақтасты, Бөлтірік, Балуан Шолақ, Далақайнар, Шоқпар ауылдары мен Шоқпар стансасына ішкі жүйеге жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Осы жерде айта кететін жайт, 6 ауылды, яғни Көкжиек, Құмөзек, Еспе, Алайғыр, Құлақшын, Жиделі елді мекендерін газдандыру экономикалық жағынан тиімсіз болып тұр. Себебі аталған ауылдар қосылу нүктесінен алшақ орналасқан және халық саны аз.
Сондай-ақ былтыр ауданда жалпы 14 әлеуметтік нысанды табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 12-сі білім нысаны, біреуі көппәтерлі тұрғын үй және СПТУ-24 жатақханасы. Жалпы қаражат көлемі 831,5 миллион теңгені құрап отыр. 2024 жылға 3 медициналық нысанды газға қосу жұмыстары жүргізіледі.
«Жолдың жайын жүрген біледі» деген сөз бар. Қай өңірдің басшысы болса да жолдың жай-күйін жақсартуға күш салады. Себебі жол – экономиканың күретамыры. Шу ауданы бойынша жалпы автомобиль жолдарының ұзындығы 844,82 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар 2 жолдың ұзындығы 118 шақырым. Сондай-ақ облыстық маңызы бар 3 жолдың ұзындығы 112,1 шақырым болса, аудандық маңызы бар 17 жолдың ұзындығы 71,72 шақырым көлемінде. Ішкі көше жолдарының ұзындығы 543 шақырымды құрайды.
Былтыр ауданда көше жолдары бойынша 45 жоба жоспарланып, жұмыстар толық аяқталды. Ауылдық округ тарапынан құны 126,6 миллион теңге болатын 8 жоба әзірленген. Бүгінгі таңда 4 жоба бойынша асфальт төсеу және 4 жоба бойынша орташа жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды.
Сондай-ақ аудандық маңызы бар Жаңажол ауылына кіреберіс 6,9 шақырым жолға 310,3 миллион теңге бөлініп, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылы жалпы ұзындығы 26,87 шақырымды құрайтын көше жолдары бойынша 16 жоба жоспарланып, 849,7 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі таңда тиісті жұмыстар толығымен аяқталған.
Шу ауданын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес аудандық маңызы бар Жайсан, Бірлік, Тасөткел және Балуан Шолақ-Бөлтірік-Ақтасты ауылдарына кіреберіс автомобиль жолдарын орта жөндеу жұмыстарын жүргізуге 50/50 паритетті қаржыландыруға ұсыныс беріліп, қолдау тапты. 2024 жылға арналған «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында көшеішілік 26 шақырым жолды жөндеу жұмыстарына ұсыныс берілді.
Сонымен қатар Шу қаласы мен елді мекен көшелерін орта жөндеу үшін 50/50 паритетті негізде 15 жоба іске аспақ.
Шу қаласында ұзындығы 204,2 шақырымды құрайтын барлығы 313 көше бар болса, оның ішінде 164-і мүлдем асфальтталмаған. Осы орайда былтыр қаланың жолын жөндеуге 462 миллион 412 мың теңге қарастырылды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 212 миллион теңгеге артық. Бөлінген қаражаттың нәтижесінде ұзындығы 22 шақырым болатын 17 көше, 3 жаяу жүргіншілер жолы және 11 көшеге шағал тас төсеу жұмыстары жасалды.
2024 жылдың жоспарына 32 көшені асфальттауға бюджеттік ұсыным берілді. Аталған ұсыным негізінде ұзындығы 16,072 шақырымды құрайтын жолдар жөнделетін болады. Сондай-ақ биыл 28 шақырым болатын 20 көшеге шағал тас төсеу және 6 көшеге жаяу жүргіншілерге арналған тротуар салу жоспарымызда бар. Тиісті сметалық құжаттамалар әзірленген. Жалпы сомасы 270 миллион 885 мың теңге.
Білім биікке бастайды
Біз биік белестерді бағындыруымыз үшін адами капиталды дамытуға да жіті көңіл бөлуіміз керек. Бұл тұрғыда білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт салаларында да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Әсіресе материалдық-техникалық базаны нығайтуда ілгерілеушілік байқалады.
Жалпы ауданда 114 білім мекемесі бар. Оның ішінде 47 мектеп, 37 балабақша, 4 колледж, 7 мектептен тыс мекеме, 1 коррекциялық кабинет қызмет көрсетуде. Құрылысы 2021 жылы бастау алған Төле би ауылындағы 300 орындық Әл-Фараби атындағы мектеп былтыр есігін айқара ашты. Ал 2024 жылы 5 жаңа мектеп, 2 жапсарлас құрылыс салу, 5 мектепте күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, бюджеттік өтінім берілді.
Бүгінде 3 жаңа құрылыс жобасы қолдау тапты. Атап айтқанда, Жиенбет ауылында 100 орындық мектеп, Шу қаласында әрқайсысы 600 орындық екі білім ошағы бой көтеретін болды. Сонымен қатар Шу қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы мектепке жапсарлас құрылыс ретінде акт, спортзалдар және асхана салынады. Бұдан бөлек Шу қаласындағы Макаренко атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Бұл жұмыстар биыл басталады деп жоспарланып отыр.
Денсаулық сақтау саласына келсек, қазіргі таңда 32 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Былтыр Төле би ауылында 48 орындық балаларды оңалту орталығы және Жиделі стансасында 5 келушіге арналған медициналық нысан пайдалануға берілді. Биыл Аспара стансасында 5 келушіге арналған медициналық нысанның жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, 2025 жылға құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Сонымен қатар Шу қалалық ауруханасын күрделі жөндеу мен қайта жаңғыртуға жобалық-сметалық құжат әзірлеу үшін 15,6 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде медицина саласындағы қажеттілік толық шешімін табатын болады.
Ауданда 48 мәдени ошақ бар. Атап айтқанда, 21 мәдениет үйі мен клубтар, 25 кітапхана, 1 мұражай, 1 мұрағат жұмыс істеп тұр. Былтыр Абай ауылында 100 орындық мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, тамыз айында пайдалануға берілді. Дегенмен Ақсу, Далақайнар ауылдық клубтары апатты жағдайда болса, Мойынқұм, Ақтөбе, Алға, Белбасар, Жаңажол елді мекендеріндегі клубтар ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. Осы 7 жобаның барлығы құрылыс жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Бұл тұрғыда тиісті шаруалар атқарылуда. 2022 жылы Ақтөбе, Белбасар ауылдары бойынша мәдениет үйлерінің құрылысына жобалық-сметалық құжат дайындауға 6 миллион теңге қаралып, сараптама қорытындысы алынды. Биыл Белбасар ауылында 320 миллион теңгеге 100 орындық мәдениет үйінің құрылысын жүргізу ұсынысы қолдау тауып отыр. Ақсу және Далақайнар ауылдарындағы мәдениет үйлерінің құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамалардың мерзімі өтуіне байланысты түзетулер енгізілуде. 2025 жылы Сауытбек, Көкқайнар, Бірлік ауылдарындағы мәдениет ошақтарын күрделі жөндеу қарастырылуда. Сонымен қатар 2028 жылға дейін Мойынқұм, Алға ауылдық клубтарының құрылысы жоспарланған. Бүгінгі таңда Мойынқұм ауылдық клубының құрылысына жобалық-сметалық құжат дайындауға облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан салалық келісім алынды.
Дәл осындай қаржыландыру тетіктері спорт саласында да жан-жақты ескерілуде. Ауданда 5 спорт мекемесі бар. Нақты айтқанда, 4 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 1 бұқаралық спорттық шаралар өткізу орталығы саламатты өмір салтын насихаттауға өзіндік үлестерін қосып келеді. Былтыр Қонаев ауылында құны 369,1 миллион теңгеге спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Биылғы жоспар ауқымды. Заманауи үлгіде стритворкаут, баскетбол, футбол алаңшалары және балалар ойын алаңшаларын салу бойынша 15 жоба қолға алынып отыр. Сонымен қатар 9 құрылыс бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайын. Шу қаласы, Жаңажол, Бірлік, Ақтөбе, Көктөбе, Шоқпар ауылдары бойынша бюджеттік өтінім облыс әкімдігінің құрылыс басқармасына ұсынылды. Көкқайнар, Балуан Шолақ ауылдарына қатысты 2 жобаның сараптама қорытындысы күтілуде. Нысандарды күрделі жөндеу бойынша тағы екі жобаға жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Аймақта бұдан өзге де шешімін күткен мәселелер аз емес. Шу қаласындағы аумағы жөнінен ең үлкен «Жеңіс саябағына» және Төле би ауылындағы М.Жүнісалиев саябағына көңіл бөлудеміз. Осы орайда қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық-сметалық құжат дайындалуда.
Шу қаласындағы Айнакөл көшесіне іргелес жатқан аумақта Атшабар құрылысын жүргізуді бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып жүзеге асыратын боламыз.
Теміржол вокзалының ғимаратын және аумағын жөндеу мәселесі де өзекті болып отыр. Негізгі ғимараттар «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамының теңгерімінде болғанымен вокзалға іргелес жерлер қала аумағына тиесілі. Сондықтан да осы аумақтарды жөндеу және абаттандыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттар жасалуда. Биыл іске асыру жоспарымызда бар.
Шу қаласындағы аудандық полиция бөлімі ғимаратының тозығы жетуіне орай жаңа ғимарат құрылысына жобалық-сметалық құжат әзірленген. Сараптама қорытындысы алынды. Бүгінгі күнде құрылыс басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған.
Қаладағы орталық көше бойындағы ескерткіштердің маңын абаттандыру, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу күн тәртібінен түспейді. Бұл бағытта 2024 жылға С.Шәкіров көшесі бойындағы С.Шәкіров ескерткіші маңындағы аллеяны абаттандыру бойынша тиісті құжат әзірленуде.
Шу қаласының кәріз және шайынды су жүйелерін қайта жаңғыртудың аяқталмаған нысаны бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленіп, сараптамаға жолданды.
Сондай-ақ ауданымызда кезекте тұрған азаматтарды үймен қамту мақсатында Шу қаласындағы әскери қалашықта орналасқан 75 пәтерлі 4 үйді күрделі жөндеуден өткізу мәселесі де аудан әкімдігі тарапынан зерделенді. Дегенмен бұл үйлер сейсмикалық сараптамадан өтпей, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жарамсыз болып, бұзу жолдары қарастырылуда.
Шу қаласы, Төле би, Қонаев ауылдарының тұрмыстық қатты қалдықтарын тастайтын полигонының жұмысын жүйелендіру бойынша жұмыстарды атқарудамыз. Шу қаласының полигоны жеке инвесторға сенімгерлік басқаруға берілді. Аталған бағытта қалған ауылдармен де жұмыстар жүргізілетін болады.
Яғни жеке инвестор полигонды күтіп ұстап, сонымен қатар қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын болады. Бұл жұмыстар қолға алынды. Сонымен қатар қоқыс жәшіктерін жаңарту мәселесіне де көңіл бөлінуде. Сондай-ақ қоқыс жәшіктері тұратын орындарды да кезең-кезеңімен ретке келтіруді биылдан бастап жүзеге асырамыз.
Міне, тұрғындарды толғандырған түйткілдер осылай өз шешімін тауып келеді. Ең бастысы алға қойған мақсатымыз айқын. Жұмыр жоспар да құрылған. Осы орайда аянбай еңбек ете беретін боламыз.
Бақытжан Жәнібеков,
Шу ауданының әкімі
Келесі мақала