Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

"Әуенді Тараз кештері" аудан өнерпаздары Тараз төрінде

"Әуенді Тараз кештері" аудан өнерпаздары Тараз төрінде
ашық дереккөз
"Әуенді Тараз кештері" аудан өнерпаздары Тараз төрінде
Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде «Әуенді Тараз кештері» атты мерекелік концерт өтті. Ұлттық өнерді кеңінен насихаттап, жазғы мезгілде ашық аспан астында өңір тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылған шараның шымылдығын К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының өнерпаздары ашты. Концерттік бағдарламада ел білетін ескі һәм есті әндермен қатар, бүгінгі сахнаның сәніне айналған бірқатар әуезді әндер шырқалып, би де биленді. * * * Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан аудандардың мәдениет күндерін Байзақ ауданы бастап берді. Аудан әкімдігінің қолдауымен өткен іс-шарада Байзақ ауданының өнерпаздары әсем ән шырқап, күй күмбірлетті. Бағдарлама «Шолпан» халықтық ән-би ансамблінің сүйемелдеуімен Алмахан Исабаевтың орындауындағы «Байзақ жері» әнімен басталып, «Әлқисса», «Қанекей, тілім сөйлеші», «Шырқа, даусым», «Туған жерім – өз елім», «Елге сәлем», «Отан-Ана», «Ауылға барам», «Мақтанышым – Отаным» секілді бірқатар патриоттық шығармаларға ұласты. Сондай-ақ аудан өнерпаздары «Бір тамаша ән үшін», «Неге-неге?», «Беу құрбым», «Арман-ай», «Ғашықпын», «Сырғаңның сыңғыры» атты заманауи әндер шырқаса, «Шолпан» халықтық ән-би ансамблі «Қазақ» және «Өзбек» биін биледі. Байзақтықтар бастаған бұл іс-шараны өткен апта соңында Жамбыл ауданының өнерпаздары жалғастырды. Бағдарлама «Аса сазы» ән-би ансамблінің «Қазақ» биімен басталып, «Жаса қазағым», «Сәлем, Қазақстан», «Қазағым», «Алатау», «Туған ел», «Мен қазақтың ұлымын», «Жайна, Жамбылым» секілді бірқатар патриоттық шығармалар орындалды. «Әдемі-ай» тобының өнері де тараздықтарды тәнті етті. Жақсылық Қалтешов орындаған «Жаса, қазағым», «Сенесің бе?» әндері жиналған жұрттың көңілінен шықты. Бұл концертте патриоттық әндер де тамаша орындалып, жүректерге жетіп жатты. Іс-шара ауылдық мәдениет үйлерінде де талай талапты әншілер жүргенін дәлелдеді. Концерттік бағдарлама соңын аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындылады. Осы сәтте кең алаңдағы жүздеген көрермендер де толқып, тебіреніп, үлкен әсерге бөленді. * * * Тараз аспаны кезекті рет әуезді әнге бөленіп, Жамбыл ауданының өнерпаздары шаһар тұрғындарын бір серпілтіп тастады. Кешкі салқынмен басталған «Әуенді Тараз кештері» атты концерттік бағдарлама «Көне Тараз» этномәдени кешенінде өтті. Ашық алаңда өткен кеште Тараз тұрғындарына арнап «Әдемі-ай» тобы «Жаса, Қазағым», «Сенесің бе?», «Әдемі-ай», «Үмітім гүлім» әуендерін шырқаса, «Салбұрын» тобы «Алатау», «Қыздар-ай» әндерін әуелетті. Ал «Үміт» тобы «Қыздарда достық болмайды», «Ағайын дос», «Бақытты әйел», «Гүл-гүл жайна», «Еркеледің сен» әндерін орындады. Сондай-ақ қала тұрғындары назарына «Қазағым», «Қыздар-ай», «Туған ел», «Бозбала – бойжеткен», «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Күмбүр-күмбүр», «Арман-ай», «Маралдым», «Сенің ғана», «Жайна, Жамбылым», «Бақытты әйел», «Мен қазақтың ұлымын», «Алғыс», «Дей салдым-ай», «Арманым, қиялымын», «Алға», «Сәлем, Астана», «Домбыра» әндері айтылып, кеш «Атамекен» әуенімен түйінделді. * * * Талай текті тұлғаларды тудырған Жуалы топырағының бүгінгі буынына да өнер ұшқыны молынан қонған. Оны біз әр аптаның соңында «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өтіп жатқан «Әуенді Тараз кештері» концертінен де байқадық. Кешенде жуалылықтар өз өнерлерін паш етіп, Тараз тұрғындары тамаша концерттің куәсі болды. Концерттік бағдарлама «Қызғалдақ» бишілер тобының мың бұрала билеген «Көңілді бикештер» атты биімен басталды. Мұнан соң «Жуалы жауһарлары» тобының орындауындағы «Ұлы дала», «Таразым», «Жуалының тау самалы», «Сарыжайлау» патриоттық әндері Тараздың шалғай түкпіріне дейін әуелеп жетіп жатты. Осы орындаудағы «Қазақстаным», «Елге тілек», «Жуалым» әндері де жүрекпен орындалды. «Бөкейтау» вокалды аспапты ансамблінің өнері де әулиеаталық жұртшылықтың көңілінен шықты. Олар «Перронда», «Қайдасың?», «Үкілі қыз», «Кетем, кетем дейсің?» әндерімен және Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен попурри орындап, ерекшеленді. Сондай-ақ орыс және өзге тілдердегі әндер де шырқалды. «Империя» тобы «Қазағымсың», «Қызымын бақытын тапқан өнерден» әндерін тарту етсе, Жаңабаевтар отбасылық ансамблі «Мерейлі отбасы» әнін нақышына келтіріп орындады. Нұржан Жаңабаев, Жәнібек Бестерек секілді есімдерін ел білетін жерлестері де концерттің қонағы ретінде сахнаның сәнін кіргізді. Екеуінің бірге орындауында «Бақытым қайда деме», «Күзгі бақ» әндері жүздеген әнсүйер көңілдерге серпін берді. Концерт жуалылық өнерпаздардың қосыла шырқауында Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекен» әнімен мәресіне жетті. Бұл әнге көпшілік көрермендер де қосылып, Тараз аспанында патриоттық ән әуезі қарлығаш армандардай қалықтап тұрды. Жиналған жұртшылықтың бұл концертке көңілі әбден толғаны анық. * * * Бірнеше аптадан бері өткізіліп жатқан концертте келесі болып Талас ауданының өнерпаздары өнер көрсетті. Таластықтардың концерті «Гүлдер-ай» би тобының қазақ және шығыс билерімен басталды. «Талас» квартеті орындаған Абайдың «Желсіз түнде жарық айы» жүректерге жеткені анық. Мәдениет саласының үздіктері Бекзат Сейдуалиева халық әні «Бес қопа», Шәмші Қалдаяқовтың әні «Сыған серенадасы» әндерін шырқаса, Жанар Мырзамбетова да «Жүрегімде жүрсің сен» әні және үздік әндерден попурри орындап, тараздықтардың құрметіне бөленді. Есімдері облыс аумағына кеңінен таныс «Көңілашар» үштігі Нарша Қашағанұлы ақынның сөзіне жазылған «Таласым», Кенен Әзірбаевтың «Көкшолақ» әндерін Тараз аспанында қалықтатты. Сондай-ақ Рауан Қуат, Нұрым Қойгелдиев, Әйгерім Нұраханова, Дархан Бердібай орындаған әндердің де тамсана тыңдайтын тыңдаушылары табылғанын көзіміз көрді. Нұрлан Кейкіманов, Айдынбек Әлімбай, Дана Шалқарбаева, Құндыз Асановалар да ән әлемінің майталмандары екендерін дәлелдей білді. Бірнеше республикалық байқаулардың лауреаты, өзгеше дауыс иесі Еркем Шоқыбасованың да шоқтығы талайдан биік тұрды. Ол орындаған «Сүгірдің термесі», «Аравай» шығармалары шынайы және табиғилығымен ерекшеленді. Тараздықтар таланттардың ордасы таластықтардың тамаша концерттік бағдарламасын тыңдап, бір серпіліп қалды. * * * Мұнан кейінгі аптада шаһар жұртшылығының назарына Т.Рысқұлов ауданының өнерпаздары ұйымдастырған концерттік бағдарлама ұсынылды. Құландықтар тамаша іс-шараның шымылдығын «Басқар Битанов» атындағы халық театрының «Көш керуені» театрландырылған көрінісімен түрді. Бағдарламадағы «Әдемі-ау» халықтық би ансамблінің «Қазақ» биімен ашқан өнерпаздар сахнаны сәнге бөледі. Аудан өнерпаздарының концертке жоғары деңгейде дайындалып келгені көрініп тұрды. Атап айтқанда «Сұлутөр» халықтық вокалды ансамблі Досым Сүлеевтің «Қайдасың?», «Күт мені», «Қуанышым менің» әндерімен ерекшеленді. «Құлан әншілері» квартеті Құрмаш Махановтың «Таразым», «Құлан сазы» фольклорлық ансамблі Нұрғиса Тілендиевтің «Алатау» әндерін кең тыныспен орындады. Оңалхан Наурызбаев «Туған жерім – Құланым», «Арайлы таң» әндерін жүректерге жеткізді. «Ару қыздар», «Достар» триосы да көңілдің қылын тербеп, бебеулетіп әсем ән шырқады. Шығармашылық кештегі Нұрлан Әмірбетов пен Айша Жүнісованың, Аружан Оразалы мен Ерболат Қылышевтың жарасымды дуэттері көпшілік көңілінен шықты. Республикалық байқаулардың жеңімпазы Аружан Оразалы орындаған халық әні «Желкілдек», «Жасасын өмір» әндері концерттің ажарын аша түскендей. Ал Ақнұр Тілешов «Біз екеуміз», түрік әні «Рина риді» тамаша орындап, жүректерге жеткізді. Жазира Шүкеева «Жан гүлім» әнімен жүздеген жүректерді жадыратты. Концерт соңында барлық әншілер құландық ақын Асхат Қылышбектің сөзіне жазылған «Қазақстаным» әнін шырқады. Осылайша құландықтар қасиетті өнердің үлгілі ордасы екендерін тағы да бір танытты. Айта кету керек, іс-шара ағымдағы жылдың 26 тамызына дейін аудан өнерпаздарының қатысуымен әр аптаның жұма күндері «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде өтетін болады. Әр аудан өнерпаздарының «Әуенді Тараз кештері» атты концерттік бағдарламасын тамашалауға шақырамыз!

«Аr-aІ»-ақпарат

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар