Жамбылда екі қызметкер ішімдік ішкені үшін жазаланды
Тараз қаласы әкімдігінің екі қызметкері ішімдік ішкені және балағат сөздер айтқаны үшін тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды Arainfo тілшісі.
Бұл туралы Жамбыл облысының әкімдігінде өткен әдеп жөніндегі кеңесте облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Елдос Бекпатшаев айтты.
– Өткен жылы әдеп нормасын бұзу бойынша жүргізіген жұмыстың нәтижесінде 4 мемлекеттік қызметкер жауапқа тартылған. Айталық, жұмыс орнында ішімдік ішкені үшін Тараз қаласы әкімі аппаратындағы 2 қызметкер, яғни мемлекеттік қызметшілермен көлікті масаң күйде басқарғаны үшін Талас ауданы Кеңес ауылдық округінің әкімінің маманына тәртіптік жаза қолданылды. Ал Жамбыл ауданы Ақбастау ауылдық округінің әкімі қарым-қатынас орнату мәдениетінің төмендігі және бейәдеп сөйлегені үшін жазаланды, – дейді ол.
Айта кету керек, жиында мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу фактісі 2022 жылмен салыстырғанда 50 пайызға төмендегені айтылды.
Келесі мақала