Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ғасыр жасаған қайсар жан

Ғасыр жасаған қайсар жан
ашық дереккөз
Ғасыр жасаған қайсар жан
Біздің нағыз Отан үшін отқа түсіп, жер үшін жанын бере күрескен батырларымыз бүгінде ардагер болып арамызда жүр. Тіпті уақыттың ұршықтай иірген иірімімен олар да сиреп барады. Санаулы қалған сайыпқыран батырларымыздың жартысы мәңгілік мекеніне сапар шексе, бірді-екілі қаһармандарымыз ғана жүзге келіп, берекеміз бен бірлігіміздің арасын жалғап арамызда жүр. Солардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шаңбаев ақсақал. Екі дәуірдің куәгері, бұйырса, 10 ақпан күні 100 жасқа толады. Шалданбай ақсақал соғысты да, бейбітшілікті де, аштықты да, тоқтықты да көрген адам. Мұндай ғасыр жасаған адамның кеудесі қазынаның қақпасына айналмауы да мүмкін емес. Осындай батыр ақсақалды көргенде Бұқар жыраудың мына бір жыр жолдары көмейіңде бүлкілдеп тұрары хақ. «Тоғызыншы тілек тілеңіз, Төреңіз тақтан таймасқа. Тоқсандағы қарт бабаң, Топқа жаяу бармасқа» демеуші ме еді?! Иә, бұл тілектің ар жағында қартайғанда жалғыз қалмасын, сүйеніші болсын деген де емеурінді білдірсе керек. Өйткені қатары сиреген қарттарымыздың жиі жалғызсырап қалатыны да бар. Алайда Құдайдың берген қуатының арқасында тоқсанға келіп тон іздемеген атамыз, бүгінде жүзге келіп те жылу іздеп отырған жоқ. Жүрісі әлі де болса ширақ. Сөздері – сергек, ойы – тұнық. – Мен 1924 жылы Т.Рысқұлов ауданының Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым өткен отызыншы жылдардағы қиын нәубет әлі күнге дейін көз алдымда. Сол тұстағы көрген қиындықтар төзімділікке тәрбиелеп қана қоймай, басқа түскен ауыртпалықтарды жеңе білу қасиеттерін де үйретті. 1942 жылы әскерге шақыру хатын алған кезде небәрі он сегіз жаста едім. Сөйтіп, әскери жолым Волга өзенінің бойындағы оқу-жаттығудан басталды. Сол жерде төрт ай оқығаннан кейін 27 желтоқсанда пароходпен Сталинград қоршауына аттандық. Соғыс жылдарындағы көрген машақатты айта алмаймын. Тізеден қар түсіп, үскірік аяз болды. Соған қарамастан, жеңіс үшін тек қана алға қарай ұмтылдық. Сөйтіп, немістермен алты ай бойы қырғын соғыс жүргіздік. Содан соң генерал Павел Павлович басқарған Сталинград майданының әскерлері келіп, жауды артқа шегіндірді. Біз сол Павловичтің әскеріне қосылып, Кательниково, Запорожье, Одесса қалаларын, Румыния мен Венгрияны жаудың қолынан азат еттік. Содан Одердегі Франкфурт қаласы арқылы Берлинге жақындап, 9 мамырда Жеңіс күнін Берлинде тойладық, – деп, ақсақал өміріндегі қиын-қыстау кезеңдерді еске алды. «Қырық жыл қырғын болса да ажалы жеткен өледі» дегендей, атамыз соғыс біткеннен кейін, яғни 1946 жылы елге аман-есен оралады. Алайда ауылына келген кезде Шалданбай ата соғысқа аттанған ағасының хабар-ошарсыз кеткенін естиді. Содан, ағасының артында қалған 2 ұл, 2 қызын асырап-бағу үшін оқудан бас тартып, тракторшы болып жұмыс істейді. Атамыздың жасы 100-ге келсе де балалық шағы мен соғыс жылдарында көрген қиыншылықтарын ұмытпаған. Ұрпағым өмірімнен сабақ алса екен деп тіледі. – Анамыз оншақты бала тапқан жан екен. Менің көзім соның бесеуін көрді. Соғыс жылдары шынымен де қиын кезеңдерді бастан кешірдік. Тіпті майданда жүрген кездерде күннің көзін көрмейтінбіз. Жарылған снарядтардың түтіні мен иісінен тұншығып, тыныс ала алмайтынбыз. Міне, сондай азапты күндерден кейін жеңіске жеттік. Соның бәрін артқа тастап, тәуелсіздік аспанының астында өмір сүріп жатырмыз. Аллаға мың шүкір! Бейбіт заманды көреміз деп ойламақ түгіл, аман қалудың өзін ойлау дүдәмал болған заманнан өттік қой. Сондықтан да жастар осы күннің қадірін білуі керек деп есептеймін. Қазіргі таңда өз кіндігімнен тараған 9 бала бар. 9 баламнан тараған 90-ға жуық немере-шөберелерім бар. Осындай қызықты тәуелсіз Қазақстан болмаса, тыныштық болмаса көрер ме едім?! – деп күрсінді ардагер. Қызыл аяқ қыр басып, жалаң аяқ жар басып жүріп жеткен осы күнге бес уақыт шүкірлік етіп отыратын атамыз бүгінде немере-шөберелерінің қасында, бала-шағасының ортасында бақытты ғұмыр кешуде. Ал балалары атамыздың бойындағы еңбекқорлық пен қажыр-қайратын көріп жігерленетінін айтады. – Әкем соғыстан келгеннен кейін анамызбен бас құрап, балалы-шағалы болыпты. Мен үлкен қызымын. Қанша айтқанмен соғыс көрген адам болғандықтан ба, әкеміз отбасына өте қатты көңіл бөлетін. Өте мейірімді болды. Осы күнге дейін өз немерелерін саусағымен санап отырады. Әкеміз де, анамыз да біздің лайықты білім алуымызды қатты қалап, бәрімізді оқытты. Үйде отырғанда бізге баршылық пен тоқшылықтың қадірін білуді жиі айтып отыратын. Оның үстіне әкеміз өте еңбекқор адам. Біз ес білгеннен ол кісінің тынымсыз еңбегінің жемісін жеп келеміз. Сондықтан да шығар, 100-ге келсе де сөздері мен қимылы тың. Кейде 60-70 жасында мыжылып орнынан тұра алмай жататын адамдар болады. Соған қарап әкеміз сол еңбегі мен өзінің әскери тәрбиесінің арқасында осы жасқа жетіп отыр-ау деп ойлаймыз. Бұйырса, енді 10 ақпан күні бір ғасыр жасаған тойын туған ауылына алып барып, туыс-туғандардың арасында атап өтсек деп отырмыз, –дейді қызы Клара Шаңбаева. Расында, жүзге келу оңай емес. Атамыздың кеудесіндегі орденьдер мен медальдар – жүріп өткен жолдарының бедерлі белгісіндей көрінеді. Көпті көрген көненің көзі Шалданбай Шаңбаев жастарды оқуда озат, еңбекте ешкімнің ала жібін аттамай, адал болуларын айтып, ақ батасын беріп, ел мен жердің амандығын тілеп отыр.

Шапағат Әбдір

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар