«Интеллектум» жобасы таныстырылды
Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Интеллектум» жобасының таныстырылымы өтті. Аталған жобаға кітапхананың тұрақты оқырмандары, сонымен қатар ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар және психолог, ерекше балалармен жұмыс істейтін арнайы маман Анар Оразбекова қатысты.
Балалардың ой-өрісін дамытуға арналған жоба зейін мен ойлау қабілеттерін шыңдайтын «EQUILIBRIO», «Q-Bitz», «Look Look», «Blocks Дженга BNT-666» секілді ойындар жүйесін құрайды. Мұны ойнау арқылы визуалды мұқияттылық, концентрация, ойлау және мәселені шеше алу қабілеттерінің артатынын айтады мамандар.
Іс-шарада сөз алған Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гүлфайруз Іңкәрбекова аталмыш жобаның мақсат-міндеттеріне тоқталды.
– Бұл жоба өскелең ұрпақтың зияткерлік қабілетін, көрнекі ойлауын, психомоторикасын, есте сақтау қабілетін дамыта отырып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырады деп сенеміз. Сонымен бірге кітап қорына келіп түскен баланың ой-өрісін дамытатын түрлі ойыншықтар мен басқатырғыштарды қолдана отырып инновациялық ұрпақ қалыптастырып, түрлі ойын кезінде, жаттығу барысында балалардың қызығушылығын және бейімділіктерін байқауды көздеп отырмыз. Және жас оқырманның зеректігі басым, сабырлы тұлға болуына жағдай жасауға таптырмас құрал деп есептеймін, – дейді Гүлфайруз Іңкәрбекова.
Айта кетерлігі, кітапханада баланың дамуына арналған ойыншықтар тегін әрі шектеусіз уақытқа пайдалануға беріледі. Ата-аналар мұндай мүмкіндік үшін кітапхана басшылығына рақмет айтып, ризашылықтарын білдірді.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ
Келесі мақала