Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Еңбек адамының екінші қыры

Еңбек  адамының  екінші қыры
ашық дереккөз
Еңбек адамының екінші қыры
Ол күнде таңмен таласа тұра салысымен күртешесінің сыртынан жирен түсті кеудешесін киіп, сары сыпырғышын қолына алып, қала көшелерін тазалауға шығады. «...Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген сөзді бала күнінен үлкендерден жиі естігендіктен бе, бұл сөз санасында мәңгі сақталып қалған. Ес білгелі ерте тұруға дағдылануда осы сөздің де тигізген ықпалы зор. Орнынан аман-есен тұрғанына алдымен Аллаға шүкіршілік етіп, Жер-анамен амандасып, күннен қуат алуға тырысып, табиғатпен іштей сырласады. Өйткені оның жаратылысы нәзік, сезімі сыршыл, шығармашылығы өміршең ақын. Маңдай тер, адал еңбекті жанына жалау еткен ол бүгінде «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істейді. Ақын жүрегі табиғаттың төрт мезгілін бөліп-жармайды, төртеуін де сүйеді. Жаны жабырқағанда жаңбырлы күзбен сырласып, ал көңілі көкке ұмсынып, шабыт тулағанда көкейден көктем жыр болып төгіледі. Ол өзінің суреткерлік шеберлігі арқылы жарқыраған жазды, қаһарлы қысты да қаламының құдіретімен қағазда кестелейді. Бәріне махаббатпен қарап, өмірін өлеңге айналдыру арқылы табиғатты ғана емес, адамның да санасын жат ойдан тазалайды. Қыста жолдың қары мен мұзын күреп, күзде саудыраған жапырақтарды жиып, көктемде көше жиегіндегі көрікті жерлерді гүлзар баққа айналдырып, жаздың шіліңгір ыстығында сұлу көріністі сұрықсыз ететін қоқыстан арылтады. Жұмысым ауыр деп еш уақытта қабақ шытқан емес. «Лас, күлімсі иіс мүңкіген жерде жұмыс істейсің» деп балалары да жиіркеніп көрмепті. Мінезі де жайдары, үнемі күлімсіреп жүреді. Өзі Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі. Өлеңдері «Анадолы Рюзгар» түрік антологиясы жинағына енген. Көбіне халық арасында қоқыс тазалап, көше сыпырып жүрген жанды жұрт «оқымаған, диплом алмаған» деп кемсітіп жатады. Ал Жанаргүл Бекбау осы жұмысқа өз қалауымен келген, жоғары білімі бар жан. Ол өте сауатты. Әлеуметтік желілерді де белсенді қолданады. Әсіресе «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы оқырмандарына ой тастап, адам деген атқа лайық әдебімен қоғамдық пікір қалыптастырып отырады. Көбіне қолы қалт еткенде желідегі игі жақсылармен бірге ән шырқап, ақынжандылармен сөз қағыстырып, шаппа-шап айтыс жасайды. Кейіпкеріміз Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданындағы Жымпиты ауылында 1977 жылы 24 қыркүйекте дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Жаратылыстану-география» факультетін географ-эколог мамандығы бойынша тәмамдаған. Өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқара алу қабілетіне ие болғандықтан «Жасыл ел-Тараз» мекемесінде жол тазалығын сақтау шебері қызметіне көтеріліпті. Қарамағында оншақты жұмысшысы бар. Бәрі бірлесе өздеріне тапсырылған аумақтың шөбін жұлып, арық-атызын тазалап, гүлі мен ағашын суғарып, қар мен мұзын ойып, маңайды айнадай қылады. Отбасында үш ұл, бір қызы бар. Жолдасы Бахтияр ІІ топтағы мүгедектігі бар азамат. Жанаргүл Толашқызы поэзиямен қатар проза, сыни мақалалар да жазып тұрады. Қырғыз тіліндегі өлеңдерге аударма жасайды. Ең алғаш ол аудандық «Қайнар» газетіне штаттан тыс тілші ретінде мақалалар ұсынып тұрыпты. Ол өзінің «Ақындығым – бақытым» деген өлеңінде: «Жүрегімнің түбіндегі жыр-теңіз, Тамшы мұңнан жырларымды құрадым. Ақындығым бақытым ба жаны егіз? Жауап іздеп тылсымдардан сұрадым. Жандүнием жыр толғанып өзгерем, Үр періштем үңілгенде түндіктен. Болмысым да жалғандыққа төзбеген, Жыр құрсақты ажыратып кіндіктен», деп жырлайды. Әлеуметтік желі қолданушылары Жанаргүлдің өлеңдерін жақсы көреді. Таныссыз танылған Жанаргүл өз өлеңдерін жеке кітап етіп шығарсам деген арманмен күн кешуде. Оның осы арманын әдебиетке жанашыр, қалталы азаматтар шындыққа айналдырса деген үміт бізде де бар. Оның махаббат тақырыбында жазған жырлары да құйылып тұр. Жанымды бір мұң жегідей жеген тынады, Түн құзыр сылқым көзімді жас боп шылады. Жүректі ғазиз ұрлаттым-дағы Мәжнүнге, Ләйлі қыз болдым бәріне өзім кінәлі. Ашылып айттым сырымды жыр ғып ұғар деп, Сендік сезімнен, бойыма жұпар жұғар деп. Күндей жылуды шашумен саған риясыз, Жүрмін-ау сендік мейірге ессіз құмар боп. «Барсакелмеске» бір билет берші, бір билет, Сатып алайын жеткенше ақша, құдірет. Сүйме деп мүлде кеудеме қонған бұлқынды, Тартумен мені ақылға кел деп жұмыр ет, – деп, «Сүйіктім» атты өлеңінде нәзікжанды буырқанған сезімін өлеңмен өреді. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күлаш Ахметова апамыз айтқандай, Жанаргүлдің жырларының сырты көркем, іші ізгілік, дәні даналық. Елімізде немесе алысқа бармай-ақ «Өмірім – өлеңім» деп жүрген нәзікжанды аруларымыз баршылық. Енді олардың қатарына Жымпитының қызы, Тараздың келіні осы Жанаргүлді де қоссақ болады екен-ау. Жанаргүл Бекбаудың ойлы, мұңлы, нұрлы шумақтарына қарап отырып, осылай ой түйдік. Байқасақ, «Ел іші – өнер кеніші» демекші, біз білмеген, танымаған өзге салада жүрсе де, қызметі басқа болса да жүрегі ақындық өнер деп соғатын шығармашылық адамдары аз емес. Міне, Жанаргүлдің шығармашылығы осыны айғақтап тұрғандай. Қазір қоғамымызда «пәлен саланың жұмысы жеңіл, түген саланың айлықақысы жоғары» деп, кейбір қара жұмысты менсінбейтіндер бар. Асылында, жұмыстың жамандығы жоқ. Бәрі де қоғамға керек. Тек барыңды салып, өз ісіңді сүйіп істесең әрбір шаруадан ләззат алуға болады. Сонда ғана жетістікке жетесің. Жақында ғана Жанаргүлді өзі жұмыс істейтін мекеме марапаттапты. Адал ісі үшін алғыс хат беріпті. Тіпті қаржылай да қолдау білдірген. Ақын қыздың ендігі ойы – өлеңдерін топтастырып, баспадан кітап етіп жарыққа шығару. «Әлемнің әміршісі – еңбек». Тек еңбектенген адамның ғана жұмысы өнбек. Жұмысшы, еңбек адамы әрі ақын қыздың жырлары оқырманға ұнайды деген ойдамыз. Сондықтан да бірді-екілі өлеңін сол қалпында жариялағанды жөн көрдік. Қос мұңлық Түн жамылған, Ай ғана тек мұңдасым. Соған төгем ішімдегі мұң жасын. Жалын өшкен, самарқаулы күй кешкен, Тағдырыма жазған мұңды тыңдасын. Тізбектелген құстың жолын армандап, Ай кемемен ұштым аспан ардан да ақ. Өзгелерге ұқсамайтын жанымның, Жырларынан төмен тұрар жалған бақ. Сұлу айым – тыңда менің мұңымды, Көтер менің құлдан биік құнымды. Бар болғаны жүрек сүйіп, жанардан, Тамған жасым жуып жатты бұрымды. Жыламаймын, жыламауға бекіндім. Селкеу тартқан қара түнім серпілгін. Түнерген ай, үнсіз қалқып барады, Мұңнан азат, жаным тыныш, еркінмін. Саған ғана сыр ақтарып, сенемін. Ай – серігім, сырға берік сен едің!? Қос мұңлықтың іште жатқан ойлары, Кім-кімді де мазалайды дер едім. Түңілме Кіндіктен ақын болып туылғандар, Өлеңнің белін жұмыр буынғандар. Халқының мұңын шағып, айтқанымен, Құзғынға көңілі қалып суынғандар. Сезімнің кемеріне шомылғандар, Арманға үміт жалғап торынғандар. Жүзетін тағдырына қарсы ағып, Ақынның жүрегінде толқын жыр бар. Қара су қайғысызға балқаймақ па? Түңілме, өмір тартыс тар айлақта. Ұрпағың жыр тұнығын сусындасын, Тараған көркіменен әр аймаққа. Қалқаным, қара өлең – жыр тұмарым! Болған соң оған ынтық шын құмарым. Мерейін ақындардың өсіретін, Қазағым, жансын мәңгі күн шырағың! Шабытым – Жайығым 1 Құлын өлең сарнап жатқан, Кеудемнен оты төгілген. Жыр арқауым – Жайығым, Жазираң әнге көмілген. Шабытым ұшып қырандай, Биікке қанат қағармын. Көктегі таңғы Шолпандай, Жұлдыздан үкі тағармын. Жайығым десе, жүректен, Сиқырлы жырды қашадым. Кітабын өлең түгендеп, Парақтарымды ашамын. Өлеңім болып сағынған, Өр кеудемдегі бақ мекен. Жүрекке нәзік сыр тұнған, Жайығым менің, ақ еркем! 2 Қыз Жібегімдей қыздарың, Адамзатымның жыр-әні! Төлегенімдей бекзатың, Батыл жүректі Ұланы! Ер Исатайдай ұлдары, Жолбарыс тонды қорғаны! Махамбет ақын заманды, Домбырасымен толғады. Сырымдай баба, шешеннің, Ақыл сөздерін үйрендік. Құрманғазыдай күйшінің, Сазына жерік күйге ендік. Жыр бөлшегіме айналған, Ақжайық – құт, қасиет! Кіндігіме байланған, Өр кеудем саған бас иед(і). 3 Ақжайық, ақты бұлаңдай, Тауыңнан шәрбат сарқырап. Қарт Каспий күтер балаңдай, Қойнауына ап арқырап. Мұнайлы өлке, шұрайлы, Табиғаты әсем құралған. Ақбөкен жортқан шөл-сайды, Мақтамай қалай тұра алам? Қызғалдақты дала бұл, Жұпарға көңіл тояйын. Қырмызы гүлді көңілді, Көтеріп бір сәт қояйын. Ғасырға-ғасыр алмасып, Тізілген уақыт жадымда. Ағылды шабыт, Жайығым, Сұлу кейпіңнен жаныма.

Эльмира Байназарова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар