Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жылдар алмасса да түпкі мақсатымыз өзгермейді»

«Жылдар алмасса да түпкі мақсатымыз өзгермейді»
ашық дереккөз
«Жылдар алмасса да түпкі мақсатымыз өзгермейді»
Өзіне тән ерекшеліктерімен есте қалған Қоян жылы да тарих қойнауына енді. Өткен жылы құқық қорғау саласында ел-жұртты елең еткізер жақсы жаңалықтар көптеп орын алды. Осы орайда облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арманбек Баймурзинмен сұхбаттасып, өңірдегі құқық қорғау қызметкерлерінің қылмысқа қарсы күресте, азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауда қандай нәтижелерге қол жеткізгені туралы сұрап білген болатынбыз. – Арманбек Хакімбекұлы, әңгіменің ауанын өткен жылдың қорытындысымен бастасақ. Өзіңіз басшылық жасайтын салада ауыз толтырып айтарлықтай тындырымды тірліктер атқарылған секілді... – Ең алдымен, сіздерді жаңа жыл мерекесімен құттықтағым келеді. Газет ұжымына шығармашылық табыс тілей отырып, оқырмандарыңыздың көп болуына ниеттестік білдіремін. Жылдар алмасса да біздің түпкі мақсатымыз өзгеріссіз қалады. Қызметтегі басты міндет – қылмыстың алдын алу және заңсыздықпен күресу, жедел-іздестіру және профилактикалық қызмет сапасын жақсарту. Біздің департаментте осы іспен айналысатын бөлім біртұтас, жылжымалы және техникалық жағынан ойдағыдай жабдықталған құрылым. Өткен жылы облыс тұрғындары­ның арасында қылмыстық құқықбұзу­шылықтардың саны айтарлықтай азайып, 15 пайызды құрады. Ауыр және аса ауыр қылмыстар саны 19,4 пайызға, қоғамдық орындарда орын алған құқықбұзушылықтар 19 пайызға, масаң күйде жасалған қылмыстар 8,6 пайызға, кәмелетке толмағандармен болған оқыс оқиғалар 28,1 пайызға, қару қолданумен болған қылмыстар саны 53 пайызға кеміді. Сондай-ақ кісі өлтіру, жыныстық зорлық-зомбылық, тонау, бұзақылық, қоғамда жиі кездесетін пәтер, қалта, ұялы телефон, мал ұрлығының ашылу көрсеткіші жақсарды. Бұл көрсеткіш аймақтағы қауіпсіздік жағдайының бірқалыпты екенін айқындайды. Биыл да жұмысты осы қарқынмен жалғастырып, одан әрі жоғары көрсеткішке қол жеткізуге барымызды саламыз. ҚР Ішкі істер министрі салаға қатысты проблемалық-бағдарлы тәсілді енгізе отырып, құқықбұзушылықтың алдын алудың толыққанды жүйесін құру міндетін қойды. Қазір азаматтармен ашық сөйлесуге, қызметкерлердің тұлғалық дамуына, меритократия қағидатын нығайтуға және жеке құрам арасындағы моральдік-психологиялық ахуалды жақсартуға баса назар аударылуда. – Жаңа технологияларды енгізу мен цифрландыру жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарына қандай әсер етуде? – Департамент полиция қызметін цифрландыруды кезең-кезеңімен дамытып жатыр. Бұл қылмыстың алдын алуға да, қылмысты тезірек ашуға да мүмкіндік береді. Біздегі бөлім озық технологиялармен жабдықталған. Мысалы, «DP Операциялық басқару орталығы» қызметкерлердің күнделікті жұмыстарында көмектесетін аналити­калық функциясы бар «Briefcam» бағдарламасын орнатты. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында 25 экипаж жол қозғалысы ережелерін бұзуды автоматты түрде тіркеп, патрульдеуде. Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы апаттар жиі болатын учаскелерде 22 «Автоураган» аппараттық-бағдарламалық кешені, 25 «Аркан» және «АвтоСканнер» жылжымалы кешендері қойылған. Сонымен қатар қалада «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің 48 бекеті орналастырылған. Қалалық патрульдік полиция батальонына да 25 электрмобиль сатып алынды. Электрмобильдерді сатып алу – қазіргі заман сұранысы, ең бастысы, қоршаған ортаға құрмет. Электрмобильдерге техникалық қызмет көрсету үшін жүргізілген есептеулер нәтижесінде әр көлікке 600 мың теңгеден бюджет үнемделді. Электрмобильдердің басты артықшылығы – жылдамдығы, яғни қылмыскердің соңына түскенде таптырмас мүмкіндік. Реті келгенде айта кетейін, облыс жолдарындағы жол-көлік оқиғаларын 16,6 пайызға, зардап шеккендер 13,5 пайызға, қаза тапқан азаматтар санын 1,4 пайызға кемітуге қол жеткіздік. Бірақ шынын айтсақ, көрсеткіштердің төмендеуіне қарамастан, бұл нәтижеге әлі де көңіліміз толмайды. Өйткені біз тізбелеп отырған статистика, яғни сандар – адамдардың өмірі мен тағдыры. Кез келген жол-көлік оқиғасы күллі бір отбасының қайғысы екенін ұмытпаған жөн. Қазіргі кезде жиі кездесетін жайт – кәмелетке толмаған жасөспірімдердің көлік тізгіндеп жүруі. Жасы да, тәжірибесі де жетпей тұрғанымен автомобиль айдап, тұрғындарға қауіп төндіретін жастарға үйінде түсіндіру жұмыстары жүргізілсе жөн болар еді. Мұнымен бірге жаз мезгілдерінде жасөспірімдер электрскутерлер мен скутерлердің көбейетіні үлкен алаңдаушылық туғызады. Соның салдарынан өткен жылы жаяу жүргіншілермен соқтығысқан 383 оқиға тіркелді. Оның үстіне жаяу жүргіншілер де жолда жүру ережелерін жиі бұзады. Былтыр азаматтардың, үлкендердің, балалардың жолды дұрыс емес жерден кесіп өту фактілері көп тіркелді. Біз өзіміз ережелерді сақтамай жүрсек, балаларға қандай үлгі көрсетеміз? Жас аналардың көлік жүргізгенде бүлдіршіндерін балалар орындығынсыз алдыңғы орындыққа отырғызуы да дұрыс емес. Көлік басқарып келе жатып телефонға үңіліп, назарын басқа жаққа аударып отырудың соңы орны толмас өкінішке әкелуі ғажап емес. – Жамбыл дегенде өзге өңірдегілер бірден Шу өңірін ауызға алып, «шөп» жайлы қалжыңмен қағытып жатады. Бұл жөнінде не айтар едіңіз? – Иә, өкінішке қарай, Шу алқабы ұзақ жылдан бері есірткінің ошағына айналып келеді. Дегенмен департамент нашақорлыққа қарсы күрестің стратегиясы мен тактикасын құрып, сол бағытта қызмет атқаруда. Тарқатып айтсақ, белсенді азаматтармен және ғылыми қоғамдастықпен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Е.Бадаевпен және экономика ғылымдарының кандидаты С.Құлмановпен бірге алғаш рет қарасораны гербицидтерді қолдану арқылы тиімді жоюды зерттеу мәселелері пысықталды. Жабайы кендірдің залалдануы 1989 жылғы есептеулер бойынша, яғни КСРО кезінен бері 138 мың гектардан асады. Содан бері ешқандай зерттеу жүргізілмеген. Облыс әкімдігінің қолдауымен өткен жылы алқапқа зерттеу жұмыстары жүргізілді. Зерттеу кезінде арамшөп алқабы 62 мың гектарды құрайтыны анықталды. Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі заттарын сатып алу, тасымалдау және сатудың жолын кесу бойынша бірқатар шараны жүзеге асырды. Былтыр облыста 562 есірткі қылмысы анықталып, 5 тонна 837 келі зиянды зат тәркіленді. Полиция департаментінің базасында былтырғы 10 шілдеден бері «Narko shekteu Taraz» «Telegram»-боты жұмыс істеп жатыр. Бот іске қосылған уақыттан бері 1 587 өтініш түсті, оның 1 388-і интернет кеңістігінде орналасқан интернет-сайттарға қатысты. Қазіргі уақытта 922 сайт толық өшірілді, 466-сы бұғатталуда. – Қоғамды алаңдатып отырған өзекті тақырыптардың бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Облыстық полиция департаменті нәзікжандылардың қауіпсіздігі үшін қалай күресіп жатыр? – Ел-жұртты алаңдатқан, өзекті жайттардың бірі – осы тұрмыстық зорлық-зомбылық. Сондықтан бұл жағдай департамент жұмысындағы басым бағыттардың бірі болып отыр. Ең әуелі айтарым, өткен жылдың 1 шілдесінен бастап полиция отбасылық-тұрмыстық саладағы құқықбұзушылықтарды декларативті тіркеуден детективтік тіркеуге көшті. Өткен жылы осындай 47 қылмыс анықталса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 38 фактіні құрап, статистикалық мәліметтер бойынша қылмыстық көрсеткіш 23,7 пайызға артқан. Өкініштісі, осы қылмыстардың барлығын әйелдер шағымы арқылы ашпадық, өзіміз анықтадық. Полиция қызметкерлері отбасында құқықбұзушылықтардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға үлкен мән береді. Құқық қорғау қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-бабы бойынша заңсыз әрекеттері үшін 1 670 азаматты жазаға тартты. Кодекстің 461-бабы бойынша 160 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот белгілеген мінез-құлыққа қатысты ерекше талаптарды орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 669-бабы бойынша 98 тұлғаға әкімшілік жаза тағайындалды. Сондай-ақ былтыр дағдарыс орталықтарына 165 баласы бар 68 әйел орналастырылды. «Ана үйі» орталығына 23 баласы бар 23 әйел жіберілді. – Сөз соңында полиция мен халық арасында сенімге негізделген қарым-қатынас орнату барысында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінен хабардар етсеңіз. – Бұл жерде сапалы қызмет көрсету және халықпен сенімді қарым-қатынас орнатуға көп септігін тигізетін полицияның сервистік моделінің рөлін айрықша атап өткім келеді. Бұл модельдің мәні – қоғам мүшелерінің қауіпсіздік мәселелерді анықтау процесіне белсенді қатысуында. Азаматтарды тарту шеңберінде құқықбұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа қарсы күрес кеңінен, жан-жақты пайымдалады. Бағдарламаны жүзеге асыру аясында департамент басшысы ретінде өзім және аудандық полиция бөлімшелері басшылары азаматтарды тұрақты түрде қабылдаймыз. Өткен жылы мен 423 азаматты қабылдасам, аудандық полиция бөлімдерінің басшылары 1 329 азаматты қабылдап, арыз-шағымдарына құлақ түрген. Өтініштердің басым бөлігі оң шешімін тапты. Жеке кездесулер айтылған сынға дер кезінде жауап беріп, кемшіліктерді жоюға септігін тигізеді. – Арманбек Хакімбекұлы, бізбен әңгімелесуге уақыт бөліп, оқырмандар көкейіндегі сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін рақмет айтамыз!

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар