Алдағы мақсат айқын
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты кең көлемді сұхбатында жаңа 2024 жыл айрықша маңызды жыл екендігін, өйткені осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болатынын айтты.
Президент атап өткендей, 2023 жыл маңызды саяси оқиғаларға толы жыл болды. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты.
Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстары белсенді жүргізілді. Әлеуметтік салада қордаланған мәселелер шешімін таба бастады. Барлық өңірлерде білім ошақтары, «Жайлы мектептер» құрылысы басталды.
Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемеақы төленетін болды. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді.
Мемлекет басшысы 2024 жылы осы жұмыстардың бәрі жалғасатынын айтып, еліміздің алдында тұрған міндеттер қатарында жаңа экономикалық үлгіге көшу үрдісі тұрғанына тоқталды. Сондай-ақ 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді қазіргіден 2 есеге арттыру мәселесі басты стратегиялық мақсат ретінде белгіленді. 2024 жылы Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымдарға төрағалық етеді. Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу ұлттық спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында айтулы оқиға болмақ.
Мазмұнды сұхбатында Мемлекет басшысы: «Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз», деді.
Президент сұхбатында атап айтқандай, еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағаланып, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құратын қоғамда ұлтымыз өсіп-өркендейді. Күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегін кемелді етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз.
Жанар ОРЫНБАЕВА,
облыстық қоғамдық кеңес хатшысы
Келесі мақала