Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ҮЛГІЛІЛІКТЕР ҮЛГІ КӨРСЕТУДЕ

ҮЛГІЛІЛІКТЕР ҮЛГІ КӨРСЕТУДЕ
ашық дереккөз
ҮЛГІЛІЛІКТЕР ҮЛГІ КӨРСЕТУДЕ
Ауданымыздағы Қостөбе, Түймекент, Үлгілі ауылдық округтері «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» жобасына еніп, тұрғындарының төмен пайызбен несие алғаны белгілі. Несиеге қол жеткізгендердің басым бөлігі бүгінде мал басын көбейтуде. Бұлардан басқа ауылдардағы шаруа қожалықтар, жекелеген азаматтар да мал шаруашылығына ден қоюда. Алайда мал саны көбейгенімен жаятын жердің тарылып бара жатқаны шындық. Бұл ретте ауыл маңындағы жерлер жекешенің қолына өтіп кетсе, көптеген жерлерді жыңғыл, шеңгел, қамыс басып, жайылымдық жер тарылуда. Осылайша, жайылымдық жер мал ұстайтын ағайынның жанды жеріне айналғалы қашан. Бүгінде көпшілікті алаңдатқан мәселенің шешімін табу оңайға түсіп тұрған жоқ. Жалпы мәселенің шешімін табудың бірден-бір жолы – аналық бастар болмаса, басқа малдардың барлығын қолда ұстамай, сыртқа шығару керек. Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітов те, аудан әкімі Бақыт Қазанбасов та халықпен кездесулерінде айтып жүр. Сондай-ақ өндірістік кооперативтер мен жекелеген шаруа қожалықтар өздері пайдаланбай отырған жайылымдарды меморандум арқылы жайылым таппай отырған азаматтарға уақытша пайдалануға бергендері ләзім. Бұл туралы да ауданда біршама жұмыстар жүргізілуде. Аудан бойынша қолдағы малды сыртта бақташыға баққызу бойынша Үлгілі ауылдық округінде жақсы жұмыстар қалыптасқан. – Үлгілі ауылдық округінің жер қорында 4458,8 гектар жайылым жер бар. Оның 236,2 гектары елді мекен жерінде. Көделідегі 4222,6 гектар жер шаруа қожалықтарына тиесілі. Елді мекен шетіндегі жайылымға шығатын мүйізді ірі қара – 146, жылқы – 93, уақ мал – 530. Барлығы – 769. 2022 жылдың алты айында мал саны 14 969-дан 15 257-ге өсті. 2022 жылдың 6 айы бойынша 259 аулада 1 085 ірі қара, 2 506 ұсақ мал, 296 жылқы бар. Оның ішінде 30 ірі қара, 201 ұсақ мал, 52 жылқы байлануда. Сондай-ақ 36 шаруа қожалықта 867 ірі қара, 9 647 ұсақ мал, 856 жылқы тіркелген. Оның ішінде 43 ірі қара, 852 ұсақ мал және 64 жылқы байлауда тұр. Елді мекен сыртына барлығы 12 968 мал шығарылып, «Бансет» шаруа қожалығының жерін пайдалануда. Шаруа қожалық жетекшісі Шайахмет Ибраймов малдың да, малшының да барлық жағдайын жасауда. Жайылым мәселесін шешу мақсатында босалқы жер қорынан елді мекенге 33,6 гектар жер бекітілді. Вегетациялық кезең біткеннен кейін 594 гектар жер көлеміне шаруа қожалықтармен меморандум жасалды. Көделіде 680,2 гектар жер теліміне жылқы шығарылды. Бүгінгі күнге 378 малға 914,4 гектар жайылым жерге қажеттілік туындап отыр, – дейді Үлгілі ауылдық округінің әкімі Омарғали Ибрагимов. Міне, осылайша жетіспей жатқан жайылымдық мәселесін өздері шешіп отырған үлгілілік азаматтар өзгелерге үлгі көрсетуде. Ендеше барлық ауыл, елді мекендерде бойдақ малдарды сыртқа шығарып бағуға жұмыс істелуі керек.

Сүндетулла АБЫЛАШҰЛЫ, Байзақ ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар