АЛАУЫЗДЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУДА АССАМБЛЕЯНЫҢ ОРНЫ ЕРЕК
Көпұлтты мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығын сақтап, ынтымағымызды ұйытуға Қазақстан халқы Ассамблеясы барынша үлес қосып келеді. Көкшетау қаласының «Достық» үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы журналистер клубының көшпелі отырысында ел игілігі үшін атқарылған жұмыстардың көпшілікке кеңінен жеткізілмей жатқаны айтылды. Республиканың әр өңірінен жиналған журналистерге Ассамблеяның ауқымды жұмыстарды жүзеге асыру үшін жасақталған арнайы кабинеттері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің бүгінге дейін атқарған және келер күнге жоспарлаған межесі таныстырылды.
Ұлтына қарамай бір шаңырақ астына топтасқан халық ішінде татулықты тұрақтандырып, ынтымаққа ұйыстыруды көздеген Ассамблея, оның ішінде «Қоғамдық келісім» мекемесінің игі істері сөз болған басқосуда Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин:
– Әр ұлттың өзіндік болмысы, тұрмыстық салт-дәстүрі бар. Алайда бәріміздің бірлесіп өмір сүріп отырған ортақ үйіміз – Қазақстан. Ондағы мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Ортақ үйдің тыныштығы, бейбіт заманның бақытын сақтау әрбіріміздің әрекетімізге тікелей байланысты. Міне, осындай жұмыстарды бір арнаға тоғыстырып, ұйыстырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі маңызды. Баса айтқым келеді, Ассамблеяға мемлекет тарапынан ешқандай да қаржы бөлінбейді. Тек «Қоғамдық келісім» мекемесінің іс-шаралары үшін қаржы қарастырылған. Ал Ассамблеяға біріккен түрлі этномәдени орталықтар алуан тақырыптағы жұмыстарды, қайырымдылық шараларын өз қаржыларына өткізіп жүр. Сондай-ақ өңірлердегі «Достық» үйлерінде мемлекеттік тілді меңгеруге ниеттілер үшін арнайы кабинеттер де бар, – деп ҚХА журналистер клубының этносаралық, қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті сақтаудағы БАҚ-тың күш-жігерін біріктіруге көмектесетін алаң ретіндегі рөліне тоқталды.
Ғалым Нұрмағамбетұлы отырысқа қатысушыларды этносаралық саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары, жеткен жетістіктері мен проблемалық мәселелері, этносаралық қатынастарды ақпараттық жариялаудың ерекшеліктері туралы хабардар етті. Сондай-ақ спикер журналистердің сұрақтарына жауап беріп, мемлекеттік органдардың этносаралық коммуникацияны дамыту жөніндегі қызметінің өзекті аспектілері мен тетіктері, Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің жаңа бағыттары туралы пікірімен де бөлісті.
Айта кетейік, ҚХА журналистер клубы консультативтік-сарапшылық платформада тұрақты түрде қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту және бұл бағытта қалам тартатын БАҚ өкілдері, блогерлер мен сарапшылардың күш-жігерін біріктіруді мақсат етеді. Клуб төрағасы Азамат Кеңесұлы ел игілігі үшін атқарылған жұмыстардың ақпараттандырылудағы кемшін түсіп жатқанына назар аудартып, шынайы ақпаратпен көпшілікті хабардар ету үшін дұрыс көрсету жолдарына тоқталды. Қазіргідей техника дамыған шақта ұйымдастырылған жұмыстарды сапалы суретпен, бейнетүсіріліммен таратудың тиімді тәсілдерін фрилансер, блогер, креатор Ұлан Абишев түсіндірді.
Екі күндік семинарға қатысқан журналистер ҚХА қызметін жариялау мәселелері бойынша тәжірибе алмасып, этносаралық қатынастардағы ақпараттық ресурстар мен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізудің оңтайлы әдістерін сөз етті. Пікірталас және пікір алмасу форматында өткен отырыс барысында БАҚ пен әлеуметтік желілерде этносаралық қатынастар мәселелерін дұрыс ұсыну және жариялау, бірлік пен келісімді танымал ету мақсатындағы ақпараттық жобалар туралы, әлеуметтік желілерде ақпараттық контентті ілгерілетудің тиімді құралдары туралы мәселелер талқыланды. Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларының Қазақстан халқы Ассамблеясының журналистер клубының мүшелері қатысқан семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
Семинар аясында «Достық» үйінің ауласына түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. «Өнерде шекара жоқ» дегенді тағы бір дәлелдеген қолөнершілер өз қолдарынан шыққан көзтартарлық түрлі бұйымдарын таныстырып, достықты дәріптеді.
Қамар ҚАРАСАЕВА, Тараз-Көкшетау-Тараз
Келесі мақала
БАС ПОЛИЦЕЙ ТҰРҒЫНДАРДЫ ҚАБЫЛДАДЫ
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Танымал корей жүзімі «Шайн Мускат» қауіпті ме? — Зерттеу нәтижелері
- авторAR-AY
- 21 қараша, 2024