АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастауыш ардагерлер ұйымы мүшелерін қабылдап, құрмет көрсетті. Облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиын еркін форматта өтті.
Алғашқы болып сөз алған облыс басшысы Ербол Шырақпайұлы ардагерлерді құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
– Мемлекеттік басқару жүйесінде қызмет етіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестеріңізді қостыңыздар. Бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған сіздерге қызмет ету – біздің парызымыз деп ойлаймын. Осында отырған бірқатарыңызбен жеке таныспын. Облысымыздың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік тұрақтылығына үлкен үлес қостыңыздар. Қазірдің өзінде еңбек демалысында жүргендеріңізге қарамастан, әртүрлі шараларда қолдан келген көмектеріңізді жасап, әсіресе қоғамдық өмірге белсене қатысып, өскелең ұрпаққа өздеріңіздің аталық тәлім-тәрбиелеріңізді беріп келе жатырсыздар. Осы үшін сіздерге үлкен ризашылығымды айтамын, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Кездесу барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі мен көп жылғы жемісті еңбегі үшін бір топ ардагерді облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттап, сый-құрмет көрсетті. Атап айтсақ, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған билер кеңесі төрағасының орынбасары Талғат Жұмабек марапатталды. Сонымен бірге «Әулие-Ата-Демеу» корпоративтік қорының директоры Бәтес Егембердиева облыс әкімінің Құрмет грамотасына және еңбек ардагері Сланбек Алдабергенов пен Михаил Епинин облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Мұнан соң сөз кезегін алған бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, зейнеткер Сағынхан Әміреқұлов, бастауыш ардагерлер ұйымының мүшесі, зейнеткер Қайрат Шотпақов көрсетілген құрметке ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала