Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ VS АДАМ: төнер қауіп қандай?

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ VS АДАМ: төнер қауіп қандай?
ашық дереккөз
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ VS АДАМ: төнер қауіп қандай?
Жасанды интеллект – ғаламторда жиналған ақпаратты қолдана отырып, кез келген тапсырманы орындай алатын алгоритмдік жүйе. Ол адамның қолынан келе бермейтін тапсырмаларды оңай әрі тез орындайды екен. Бұл адамның жұмысын біршама жеңілдетеді. Бірақ мамандар жасанды интеллекттен адамзатқа төндірер қауіп бар дейді. Жалпы жасанды интеллект дегеніміз не? Зерттеу жасап көрейік. «Жасанды интеллект» сөзін ең алғаш америкалық ғалым Джон Маккарти қолданысқа енгізген. Алғашында ол математикалық теоремаларды автоматты түрде дәлелдеуге арналған бағдарлама еді. Кейін жүйе алгоритмдік жұмыспен ғана шектелмей, талдау жасау, ақпаратты жинау, болжау және жоспарлау сынды функцияларды игереді. Яғни тура адам сияқты ойлау қабілетіне ие болады. Ол үшін адам миындағы нейрондық желілердің сандық форматтағы көшірмесі жасалды. Иә, бүгінде жасанды интеллект арқылы жұмыс істейтін жүйелерді көптеп кездестіруге болады. «Apple» өнімдеріндегі «Siri» дауыс қызметі де, сұрағымызға жауап іздейтін «Google» браузері де, музыка тыңдайтын құлаққаптар да, әлеуметтік желілерде бізге ұнайтын контентті де дәл тауып ұсынатын бағдарламалар да, мессенджер де, біз жазғымыз келетін сөзді алдын ала болжай алатын пернетақта қызметі де, жол көрсететін GPS те – бәрі жасанды интеллект. Демек, жасанды интеллект адам баласының күнделікті өміріне әбден сіңіп қалды десек, артық айтқандық емес. Алайда адамзаттың бұл жетістігі адам мүмкіндігін шектейтінін ұмытпаған жөн. Жасанды интеллекттің қаупі туралы америкалық кәсіпкер, «Twitter»-дің қожайыны Илон Маск та Дубайда өткен Әлемдік үкімет саммитінде айтты. «Жасанды интеллекттің жағымды да, жағымсыз да тұстары бар. Оны пайдаланудың тиімді тұсы өте көп десек те, ол ядролық бомба сияқты үлкен қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармау қажет. Сондықтан бізге бұл саланы әлі де жан-жақты зерттеу маңызды», деді Илон Маск. Жасанды интеллекттің адамға төндірер бір қаупі ретінде оның адамның жұмысын алмастыру мүмкіндігін мысалға келтіруге болады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметттік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2030 жылға қарай елімізде 5 саланың қызметін «жасанды интеллект» алмастыратынын айтқан. Болашақта ауылшаруашылығына қорап ораушылар, құрылыста шыны кесушілер, машина жасауда қоймашылар қажет болмайды. Сонымен қатар мұнай-газ өндірісінде операторлар пилотсыз дрондарға ауыстырылатынын айтады. Осылайша жасанды интеллект барлық салаға біртіндеп енгізілуде. Қазіргі таңда ғалымдар да жүйенің мүмкіндіктерін шектемей, адам санасы секілді әртүрлі функциялармен толықтыруға тырысып жатыр. Ал болашақта бұл жүйені зауыттарды басқаруға, адам денсаулығына қауіпті әрі зиянды жұмыстарды атқаруға пайдалану көзделіп отыр. Жасанды интеллект саласының маманы Ерболат Алпысбаевтың айтуынша, жүйе арқылы киноны да түсіруге болады. – Жақында достарымызбен жиналып, жасанды интеллект туралы талқыладық. Сонда бүкіл әлемді таңғалдырған, кез келген сұрағыңа жауап табуға болатын жаңа жасанды интеллект ChatGPT-ті сынап көру ойға келді. Бірден мини фильм түсірейік деп шештік. Жүйеге «ChatGPT, сен сценариссің» деп жазып, оның атқарар қызметін бекіттік. Қандай тақырыпта фильм түсіретінімізді анықтағаннан кейін бірден жүйе бізге кейіпкерді сипаттап, диалогтарды ұйымдастырып берді. Тіпті оның желісімен фильм де түсірдік. Әрине, сахнадағы диалогтар сәл шикілеу, адамның фантазиясына жетпейді ғой. Бірақ идея алып, оны әрмен қарай өрбітуге жақсы жүйе дер едім, – дейді Е.Алпысбаев. Жалпы жасанды интеллекттің қауқарын күнделікті өмірде орын алып жатқан алгоритмдерден де байқай аламыз. Мәселен, чатботтарды алайық. Ол тұтынушының белгілі бір сұрақтарына тездетіп жауап алуына жәрдемдеседі. Ақпараттарды жинақтау жүйелері деректер жиынтығынан ақпаратты еркін түрде алу және жоспарлау мүмкіндігін ұсынады. Ал ұсыныс жүйелері қолданушылардың бұрын іздеген затын зерттеп, ұқсас дүниелерді автоматты түрде ұсынады. Иә, сіздің қалаған затыңыздың әлеуметтік желіде жарнама секілді шығуы магия немесе шпионның жұмысы емес. Бұл жасанды интеллекттің атқарған ісі. Қазір тіпті жасанды интеллект арқылы эссе де, шығармашылық жұмысты да жазуға болады. Мәтінді жазу үшін оған көп уақыт та қажет етпейді. Максимум 1 минут жетеді. Мұндай чат боттарды көптеген жастар оқу процесінде қолдануда. Жасанды интеллекттің жұмысын адамның жазғанынан айыру да қиын. Кей боттар мәтінді уникалды етіп жазғаны соншалық антиплагиаттан 97 пайызға дейін еркін өткізіп бере алады. Өзінің есімін жасыруды өтінген студент жоғары оқу орнында мұндай чат боттарды үнемі қолданатынын айтады. – Жасанды интеллект туралы ақпараттарды биылдан бастап іздей бастадым. Әлеуметтік желіде жүйе жайлы курсты көріп, бірден сатып алдым. Онда жасанды интеллект туралы біршама құнды кеңестер берілген екен. Бірінде сурет салуға болса, бірі видеоны анимациялап береді. Ал бірінде кез келген сұраныстағы мәтін жазуға болады. Студент болғаннан кейін жазатын мәтіннің санына жетіп болмайсың. Сол себепті де бұл функцияны қолдана бастадым. Кішігірім реферат жазуға сұраныс жіберемін. Ол демде дайындап береді. Әрине, ол мәтінді өзім де өңдеп, білгенімді жазамын, – дейді студент. Ғалымдар мұндай алгоритм адам санасының дамуын тежейді деп қауіптеніп отыр. Олардың айтуынша, жасанды интеллекттің алгоритмдері адамның ойлау қабілетінен де асып түсуі мүмкін. Түйін: Илон Маск айтқандай, жасанды интеллектті зерттеуде барынша абай болған абзал. Расында, көптеген инновациялық ашылулар, бір жағынан, адамзатқа пайдасын тигізсе, екінші жағынан, зиян келтіруі де әбден мүмкін. Аяулым ЖАМАНҚАРА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар