Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Интернет- алаяқтықтан қалай сақтануға болады?

Интернет- алаяқтықтан қалай сақтануға болады?
ашық дереккөз
Интернет- алаяқтықтан қалай сақтануға болады?
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы 9 айда елімізде 15 мыңнан астам интернет-алаяқтық тіркелген. Оның 3 мыңнан астамы банк қызметкерлерінің атынан жасалған екен. Онлайн сауда – интернеттегі алаяқтықтың ең көп таралған әдісі. Яғни алаяқтар белгілі сауда алаңының сайттарына, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде хабарландырулар мен жарнамалар орналастырады. Олар тауар немесе қызмет түрлеріне төмен баға ұсынып, алдын ала төлем жіберуді немесе толық төлемді сұрайды. Әдетте тұтынушылар арзан бағаға қызығып, алданып қалады. Биыл осындай 6,8 мыңға жуық қылмыс тіркелген. «KZ-CERT» компьютерлік инциденттерге әрекет ету қызметінің мамандарының айтуынша, шабуылға ұшырағандардың әлеуметтік желілерде байланыс деректерінің дербестігі сақталмағаннан байланыс деректері таралып кеткен екен. – Мәселен, сіз белгілі бір зат не тауарды сату туралы хабарландыруды интернетте орналастырдыңыз делік. Алаяқтар сізге хабарласып, оны сатып алу жөнінде келіседі және сіздің банктік картаңызға тауарға ақша аудару үшін сілтеме жібереді. Одан әрі сілтеме бойынша өтіп, сіздің банк картаңыздың CVV/CVC-коды көрсетілген деректерін енгізу ұсынылады, оларды енгізген соң банк картасының шотынан ақша алынады. Осылай алаяқтар әлеуметтік инженерияның көмегімен төлем картасының мәліметін алып, қаржыға қол жеткізеді, – дейді мамандар. Осы орайда KZ-CERT қызметкерлері интернет алаяқтықтан сақтану жолдарын ұсынады. Ең бірінші кезекте, интернет жүйесінен келген сілтеме бойынша өткен кезде доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек. Әлеуметтік желілердегі өз профиліңіздің дербестігін баптауларда байланыс деректерін, яғни қызметтік және жеке телефон нөмірін көпшілікке қолжетімді етпеген дұрыс. Егер мобильдік нөмірді бизнес-аккаунт арқылы көрсеткен болсаңыз, жеке және жұмыс нөмірлерін бөліп алыңыз. Яғни жеке нөмірді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдаланған дұрыс. Есептік деректеріңізді үнемі тексеріп, көп факторлы аутентификация пайдаланылатын сенімді парольдерді қолданыңыз. Браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларда пайда болатын түрлі терезелер мен хабарламаларға қатысты абай болыңыздар. Сондай-ақ банк картаңыздың деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтпау керек. Айта кету керек, банктен келіп түсетін SMS-кодты ешбір жағдайда бейтаныс жандарға хабарлауға болмайды. Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмелері бен банк картасының суретін ешкімге жіберуге болмайды. Аяулым Жаманқара
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар