Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МАҢДАЙЫМЫЗҒА БІТКЕН БАҚ

МАҢДАЙЫМЫЗҒА БІТКЕН БАҚ
ашық дереккөз
МАҢДАЙЫМЫЗҒА БІТКЕН БАҚ
Тәуелсіздік десе ойымызға ең алдымен қазақ елінің өткені мен бүгіні, болашағы оралатыны белгілі. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Биыл қастерлі тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас қағым сәт. Дегенмен бұл көптеген халық үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз», деп, тәуелсіздіктің 30 жылдығын әр онжылдық бойынша үш белеске бөліп, қорытынды жасаған еді. Аталған мақаласында Мемлекет басшысы «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сұрақтарға нақты жауап береді. Қазір сырғыған уақыт төртінші онжылдықтың екі жылын да артқа тастап үлгерді. Ал қазақстандықтардың асыл мұраты – әділетті Қазақстан құру, тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайту, елдің маңдайына біткен бақытты баянды етіп, мемлекетімізді дамыту, өркендету. Біз жалпы халық болып осы жолда еңбектеніп жатырмыз. Еліміз алғаш өз тәуелсіздігін жариялағанда мен де осы Әулиеата өңірінде ат үстінде жүрген, үлкенді-кішілі қызметтің басы-қасында болған азамат едім. Сол кездерден бастап осы күнге дейін еліміздің кез келген саласында уақыт талабына сай сан түрлі реформалар жүргізілді. Мемлекет дамуының алғышарты ретінде көптеген ірі бастамалар мен кешенді бағдарламалар жұмыс істеді. Соның арқасында әлемнің дамушы елдерімен иық тіресе алатындай жағдайға жеттік. Жан-жақтағы алыс-жақын мемлекеттермен достық қарым-қатынас орнаттық. Бір кездері сыртқа тарыдай шашылған қандастарға дейін атажұрттың ауасымен тыныстауға, туған жерде тұрып, елге қызмет етуге жағдай жасалды. Осы айтып отырған және басқа да баянды тірліктердің барлығы да тәуелсіздігіміздің арқасында атқарылды. Сондықтан мен бұл мерекені мерекелердің төресі деп есептеймін. Осы орайда тәуелсіздігіміз баянды, ел іргесі бүтін болып, мемлекетіміздің алар асуы, бағындырар шыңы биік болсын деп тілек айтамын. Ел аман, жұрт тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар