Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ортақ түйткілдер ТАЛҚЫЛАНДЫ

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ортақ түйткілдер ТАЛҚЫЛАНДЫ
ашық дереккөз
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ортақ түйткілдер ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жуырда Астана қаласында Орталық Азия елдері әйелдер диалогінің халықаралық конференциясы өтті. Алқалы жиынға «Өңірдегі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес: тиімді және тұрақты бірлескен шешімдерді іздеу» тақырыбы арқау болды. Биыл Орталық Азия әйелдері диалогіне Қазақстан төрағалық етті. Осы орайда Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов шетелдік меймандарға диалог аясындағы белсенділігі үшін алғысын білдірді. Талқылауға Қазақстан және Өзбекстан парламенттерінің спикерлері, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан парламентшілері, мемлекеттік органдардың басшылары, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов еліміздің Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогіне 2023 жылғы төрағалығын қорытындылай келе, осы уақыт ішінде инновациялар мен технологияларды, жаһандық аспектідегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті дамыту, климаттың өзгеруі, терроризм мен экстремизмге қарсы күресте әйелдер мен жастардың рөлі сияқты өзекті мәселелер көтерілгенін атап өтті. – Қазақстан адам құқықтары, әйелдер құқығы, гендерлік теңдік және басқа да көптеген халықаралық конвенцияны ратификациялады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді. Біз өтініш беру тәртібінен анықтау тәртібіне көштік. Бүгінде заң шығарушы ретінде жұмысты тереңдете түстік. Депутаттар осы саладағы заңнамалық түзетулердің жаңа пакетін әзірлеуге кірісті. Ең әуелі, біз тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікті белгілеуді жоспарлап отырмыз. Бұл мәселеде идеологиялық жұмысты дұрыс жүргізу қажет. Отбасындағы ерлердің толық үстемдігі туралы бұрмаланған идея өткеннің еншісінде қалуы керек. Мектеп қабырғасынан бастап жас ұрпақтың санасына дұрыс құндылықтарды сіңіру қажет. Халық арасында құқықтық мәдениет қалыптастырып, тұрмыстық вандализмнің кез келген түріне төзбеушілік танытқан жөн. Мемлекет басшысы айтқандай, әділдікті және заң үстемдігін қатаң ұстануға тиіспіз, – деді спикер. Ал Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева биылғы конференцияның «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні» аясында өтіп жатқанын, бұл Орталық Азияда зорлық-зомбылықтың кез келген түрінен азат аумақ құруға деген ұмтылысты айқын көрсететінін айтты. Конференцияда сөз алған Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваға гендерлік зорлық-зомбылықпен күрестегі өзбекстандық тәжірибемен бөлісті. Биыл Өзбекстанда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы заңнама қайта қаралған. – Біз Орталық Азия көшбасшы­лары әйелдері диалогін 2020 жылы құрған болатынбыз. Осы уақыттан бері диалог барысында тәжірибе алмасып келеміз. Бірінші кезекте заң шығару аясында. Шынында да қазіргі кезде ең маңыздысы – гендерлік теңдік аясында құқықтық негіз құру. Біз нормативтік-құқықтық негізді жақсартып, әйелдеріміздің дамуына жағдай жасап жатырмыз. Өзбекстанда гендерлік теңдік бойынша құрылым жұмыс істейді. Оның жұмысына диалогта қарастырылатын мәселелер енгізіледі. Біз өзіміздің ұлттық Өзбекстан көшбасшы әйелдерінің диалогін құрдық. Оның аясында өзекті мәселелерді қарастырамыз. Әйелдердің заңды мүдделерін күшейту, олардың қоғамдағы және мемлекеттік тұрғыдағы рөлін күшейту бойынша жұмыс істейміз. Бірқатар нормативтік-құқықтық акті қабылданды. Олар әйелдердің мүдделерін қорғауға бағытталған. Қазақстан гендерлік теңдік бағытында Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін біріктіре алды. Әйелдер мәселесіне қатысты заң жобаларына, үкіметтік шешімдерге Парламент тарапынан бақылау болды. Осы ретте үкіметтік емес ұйымдардың да ықпалын арттыру қажет, – деді Танзила Нарбаева. Қырғызстанның Жогорку Кенеш төрағасының орынбасары Жәмиля Исаева Орталық Азиядағы гендерлік зорлық-зомбылықты заңнамалық деңгейде қылмыс деп таныған бірінші ел Қырғызстан екенін атап өтті. Ал жиынға қатысушы депутаттар Қазақстанда зорлық-зомбылықпен күрес жүргізу барысында қандай бастамалар көтеріп жатқанын баяндады. – Қыркүйек айында Мемлекет басшысы отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейтуге тапсырма берген болатын. Мен «АMANAT» фракциясының депутатымын. Біздер осы бағытта заң жобасын әзірлеп, Үкіметке жолдадық. Бұл құжаттан оң қорытынды күтіп отырмыз, – деді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова. Форум соңында делегаттар Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогі конференциясына қатысушылардың «Өңірдегі гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл: тиімді және орнықты бірлескен шешімдер іздеу» мәлімдемесін қабылдады. Диалог мүшелері өз мәлімдемесінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрін айыптайды және әйелдерді қорғау мен қолдаудың тиімді заңнамалық және құқықтық тетіктерін құруды қолдайды. Еліміздің 2023 жылғы Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогіндегі төрағалығы тұсында бірқатар іс-шара өтті. Дания Еспаева осы өңірлік алаңды институционалдық тұрғыдан нығайту бойынша ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Мәселен, биыл маусым айында Астанада өткен «Инновациялар мен технологияларды дамытудағы әйелдердің рөлі» конференциясында әйелдердің инновациялық жобалары мен жаңа технологиялары таныстырылған. «TechnoWomen Орталық Азия» әйелдер қауымдастығын құру бастамасы қолдау тауып, нәтижесінде Теңдік ұрпағы форумы аясында Қазақстан «Гендерлік теңдікке арналған технологиялар мен инновациялар» іс-әрекет коалициясына қосылды. Бұған қоса қазан айында Алматыда азаматтық қоғамның, белсенділердің және халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткен «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» халықаралық конференциясында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қарарларының қағидаттарын іске асыру мәселелері талқыланды. Диалог мүшелері мен Орталық Азия елдерінің азаматтық қоғам өкілдерінің Еуропарламент құрылымдарының жұмысымен танысу үшін 2023 жылғы қарашадағы Брюссельге сапары жоғары бағаланды. Айта кетейік, Орталық Азия елдерінің әйелдер диалогі аймақтағы әйелдер арасындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайтудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған бейресми алаң болып саналады. Бұл «БҰҰ-әйелдер» ұйымының, БҰҰ Орталық Азиядағы превентивті дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының (UNRCCA) және БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) қолдауымен құрылды. Диалог 2020 жылдың желтоқсанында басталған. Диалогке 2021 жылы Өзбекстан және 2022 жылы Түрікменстан төрағалық етті. Ал биыл Орталық Азия әйелдері диалогына Қырғызстан төрағалық етеді. Талғат Нұрханов t.nurkhan1991@gmail.com
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар