Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Орман қорын қорғау – жауапты міндет

Орман қорын қорғау –   жауапты міндет
ашық дереккөз
Орман қорын қорғау – жауапты міндет
Кеше облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің төрағалығымен өткен кеңесте табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының жыл ішінде атқарған жұмысы сараланып, табиғи орман қорларын қорғау және жабайы аңдардың өсу барысы сияқты бірқатар мәселе қаралды. Басқосуда баяндама жасаған басқарма басшысы Олжас Баққараев облысымыздағы мемлекеттік орман қорының жалпы көлемі 4 миллион 427 мың гектарды құрайтынын, оның орманмен көмкерілген жерлері 2 миллион 357 мың гектар екенін атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, жалпы орман қоры жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын алып жатыр. Бұл тұрғыда «Жамбыл облысында 2021-2025 жылдары ормандарды молықтыру және молайту туралы» кешенді жоспар бекітілген. – Жоспарға сәйкес, биыл 31,1 миллион түп сексеуіл және қарағаш орман екпелерін құру көзделген болатын. Орман екпелерін құру көшет егу және ағаштардың тұқымын себу арқылы жүргізіледі. Осыған орай көктем айында 5,7 мың гектар аумаққа 16,6 миллион түп сексеуіл және қарағаш көшеті отырғызылды. Күз айларына 13,1 мың гектар жерге 14,5 миллион түп сексеуіл тұқымын себу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда 6,9 мың гектар аумаққа тұқым себу жұмыстары жүргізілді. Қалған аумаққа тұқым себу жұмыстары жылдың соңына дейін толық орындалатын болады. Сонымен қатар осы жылдың 11 айында 1 994 жеке және заңды тұлғаға орман билеті жазылып берілді. Сондай-ақ қазіргі таңда орман пайдаланушылардан мемлекетке 55 миллион теңге түсті, – деді О.Баққараев. Сонымен қатар ол ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен бекітілген облыстағы орман қоры аумағында өрт қаупі бар маусымның да аяқталғанын, алайда бұл жаздың да шығынсыз болмағанын тілге тиек етті. – Жыл басынан бері мемлекеттік орман қорының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрттің алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шара жоспары бойынша 11 154,5 шақырым өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары жүргізілді. Орман қорын күзету және өртке қарсы техникаларды ұстау үшін жанар-жағармай толық қаралған. Сонымен қатар төтенше жағдай туындаған кезде пайдалану үшін 31 000 литр бензин, 15 000 литр дизельдің резервтік қоры әзірленген. Ал орман өрт сөндіру стансалары 6 өрт сөндіру автакөліктерімен, 13 Уаз-330365 АЦ-0,9 маркалы кіші кешенді техника құралдарымен, 66 әртүрлі маркадағы МТЗ тракторларымен және 14 дана жартылай тіркемелі 3 тонналық өрт сөндіргіш әмбебап цистерналармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алайда орман өрттерін болдырмау бойынша барлық атқарылған іс-шараларға қарамастан, ағымдағы жылдың өрт қауіпті маусымы кезеңінде орман қоры жерлерінде 7 орман өрті оқиғасы тіркеліп, 1474,87 гектар алқапты қызыл жалын шарпыды. Оның ішінде 771 гектар алқап орманмен көмкерілген, 704 гектары ормансыз жерлер. Орман өртінен келген шығын көлемі 1 миллион 360,9 мың теңгені құрады. Белгілі болғандай, 2 орман өрті найзағайдан, 2 орман өрті адамдардың өрт қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан орын алған. 2 оқиға бойынша кінәлі тұлғалар анықталып, аталған азаматтарға айыппұл салынды және табиғатқа келтірілген залал толық өндірілді, – деді О.Баққараев. Баяндамашы орманшаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасы туралы және жабайы аң аулаушылардың жолына тосқауыл қою мәселесі бойынша атқарылған жұмыстарға, өңірімізде жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және тиімді пайдалану мәселелеріне де тоқталды. Жиында сондай-ақ «Сапсан» жедел қызметі, Қосқұдық орманшаруашылығы, Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеме басшыларының да биылғы 11 айда атқарған жұмыстары туралы есептері тыңдалды. Басқосуды қорытындылаған Қанатбек Қайшыбекұлы табиғи ресурстар мен орман қорларын қорғау аса жауапты міндет екенін тілге тиек етіп, бұл бағыттағы жұмыстарды өз деңгейінде атқару керектігін тапсырды. Шапағат ӘБДІР
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар