«ХАЛЫҚТЫ КЕЗ КЕЛГЕН ҚАУІПТЕН ҚОРҒАУҒА МІНДЕТТІМІЗ»
Биыл Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында сөйлеген сөзінде: «Құтқару қызметі – өте маңызды сала. Соңғы кезде жер жүзінде төтенше оқиғалар жиілеп барады. Жұртымыз мұндай қауіп-қатерге әрдайым дайын болуы керек. Сондықтан осы салада қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі еліміз үшін өте маңызды», – деп, халқымыздың амандығын және қауіпсіздігін сақтау басты міндет әрі қастерлі парыз екенін айтып, академияның рөліне тоқталған болатын.
Шынымен де азаматтық қорғаныс саласының мамандарынсыз халықтың қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз ете алмайтынымыз анық. Сондықтан да төтенше жағдай қызметкерлерінің еңбегін бағалау, құрмет көрсету – біздің де азаматтық борышымыз. Осы орайда біз сала мамандарының қажырлы еңбегін насихаттау, жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен таныспақ ниетте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс жағдайлары басқармасының бастығы Алмас Жұматаевпен сұхбаттасқан едік.
– Құрметті Алмас Бауыржанұлы, өртсөндіруші – әлемдегі жауапкершілігі мол, ең қиын мамандықтың бірі. Қаупі мен қиыншылығы көп екенін біле тұра таңдауыңыз неге осы салаға түсті?
– Әр адамның бала кезден қызығатын саласы, бала арманы болады ғой. Сол сияқты бала кезде армандарым көп болды. Әкем облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментте басшылық қызметтер атқарды. Департаментте жауапты қызметтер атқарып, зейнетке шықты. «Алма ағашынан алыс түспейді» демекші, інім екеуміз әкемізге еліктеп, нысанды киім киіп, елге қызмет етуді армандап өстік. Біздің бала арманымызға қанат бітірген әкеміз де мамандығының тікелей мемлекет ісімен байланысты екенін түсіндіріп, айтып отыратын. Әрі әкеміз кішкентай кезімізден інім екеумізді әскери тәртіппен өсірді. Отбасымыздағы тағылымның арқасында өзімізді кішкентай әскери қызметкер ретінде сезініп, арманымызға адал болып ержеттік. Ал қазір інім екеуміз де офицер атанып, халық игілігі үшін еңбек етіп келеміз.
– Осы орайда өткенге аз-кем шегініс жасап, еңбек жолын алғаш бастаған жылдарда бастан өткеріп, есте қалған қызық оқиғаларды айтып берсеңіз...
– Еңбек жолын 2010 жылы тамыз айында Байзақ аудандық төтенше жағдайлар бөлімінде инженер лауазымынан бастадым. Бір қызығы, алғашқы жылдың өзінде-ақ бөлім бастығының міндетін атқару уақытша маған жүктелді. Себебі бөлім бастығы мен басқа да қызметкерлер еңбек демалысына шығып және денсаулығына байланысты жұмыста болмады. Шыны керек, сонда жас маман болғандықтан бөлім бастығы қызметін атқару оңайға түскен жоқ. Алайда қиын болса да маған жауапкершіліктің не екенін, адамдармен қалай жұмыс істеу керектігін үйретті. Сонымен қатар бойымда қандай да бір қиын жұмыстан қорықпай, білек сыбана кірісетін дағды пайда болды.
– Қазір департаменттің дағдарыс жағдайлары басқармасының бастығы қызметін атқарасыз. Аталған басқармаға қандай міндеттер жүктелген..
– Дағдарыс жағдайлары басқармасы төтенше жағдайлар орын алған сәтте дер кезінде басшылық құрамның дұрыс шешім қабылдауын және төтенше жағдайды жою үшін қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді.
Көбінесе төтенше жағдайды сәтті жою үшін уақытылы басшылықты, өзара әрекеттесетін қызметтерді ақпараттандыру үлкен рөл атқарады. Өйткені кез келген төтенше жағдай кезінде халықты дүрліктіретін түрлі жалған ақпараттар шығып кетуі мүмкін. Міне, сондай жағдайда нақты ақпараттарды жариялап отырамыз.
– Тұрғындардың жауапкершілігі туралы не айтасыз. Түкке тұрғысыз мәселемен де хабарласып, уақыттарыңызды алатын тұрғындар болатын шығар...
– Әркімде әртүрлі жағдай орын алып тұрады ғой. Біз қалай болмасын қызмет бабына сәйкес әрбір хабарласқан тұрғынды тыңдап, көмек беруге тырысамыз. Өйткені біз жұмыс немесе жұмыстан тыс уақыт болсын әрқашан халыққа көмек беруге дайын болуымыз қажет деп санаймын. Сондықтан төтенше жағдай қызметкерлері тек қана қызмет барысында емес, көшеден кетіп бара жатқанда да халыққа көмек керек болса, әрқашан көмек қолын созуы тиіс. Ал себепсіз хабарласып, болмашы дүние үшін мазалайтын тұрғындар көп емес. Болған күнде де жұмысымыз халықтың қауіпсіздігін басты орынға қоятындықтан ешқашан да керек көмектен бас тартпаймыз. Әрі халықтың кез келген уақытта қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайынбыз. Сондай-ақ біз халықты кез келген қауіптен қорғауға міндеттіміз деп түсінемін.
– Иә, сіздерге артылған жауапкершілік жүгі салмақты. Ал қолдау қандай? Әрі кез келген төтенше жағдай кезінде басын қауіп-қатерге тігіп, жанын пида етуге дайын тұратын сала мамандарына қандай жағдай жасалған?
– Жыл сайын жергілікті атқарушы орган тарапынан төтенше жағдайлардың алдын алу шараларына бөлінетін қаражаттың сомасы артып келеді. Қазіргі таңға дейін әкімшіліктен материалдық-техникалық базаны жаңартуға 1 миллиардтан астам қаражат бөлінген. Ал әлеуметтік қамсыздандыруға келетін болсақ, жыл санап жалақы көтерілуде. Әскери қызметкерлерге немесе басқа нысанды киім киетін күштік құрылымдарға қарағанда қамсыздандыру төмен екені рас, бірақ жұмыс атқарылмай жатыр дей алмаймыз. Сең қозғалды. Атап өтер болсақ, бүгінде «Отбасы Банк» акционерлік қоғамы мен жергілікті әкімдіктің қолдауымен арнайы төтенше жағдайлар саласының қызметкерлеріне арналған тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы ойластырылып, іске асыру үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл мемлекеттің бізге деген қамқорлығы деп білеміз.
– Ал жас мамандарды тәрбиелеуге қаншалықты көңіл бөлінеді? Мамандардың осы қызметте тұрақтап қалуы үшін қандай жұмыстар атқарылады? Мүмкін оларды жатақханамен қамтамасыз ету сияқты түрлі жеңілдіктер бар шығар...
– Жастардың жағдайын жасауға министрлік тарапынан болсын, департамент тарапынан болсын түрлі жағдай жасауға, қызметін адал әрі алаңсыз атқаруына барынша назар аударылады. Қазіргі таңда өрт сөндіру қызметінің балансында Жамбыл даңғылының бойында және Әбішев көшесі, №12 мекенжайында орналасқан өрт сөндіру бөлімдерінде қызметкерлерге арналған жатақханалар мен қызметтік пәтерлер бар. Қызметтік үйде көбінесе жас мамандар мен олардың отбасы мүшелері тұрады. Ал жаңадан орналасқан қызметкерлермен бейімдеу жұмыстары жүргізіліп, қауіпті мамандық болғаннан кейін алдын ала оқытудан және сынақтан өтеді. Содан кейін ғана жас маман қызметіне кіріседі. Жалпы қызметке келген мамандар көбінесе өз еркімен жұмыстан босатылмайды және облыс көлемінде кадр жетіспеушілігі жоқ.
– Қазіргі таңда салада қандай реформалар жасалуда. Сол жайында әңгімелесеңіз?
– Жаңадан тағайындалған министр тарапынан саланы реформалау бойынша шаралар қабылдануда. Бірінші кезекте, министрліктің жұмысы төтенше жағдайлар салдарын жою бойынша жұмыстан төтенше жағдайларды болдырмауға арналған іс-шараларды алдын ала өткізу бағытына ауысып жатыр деп айта аламын.
– Материалдық-техникалық базаның жай-күйі туралы да айта кетсеңіз?
– Жергілікті атқарушы органдармен жыл сайын материалдық-техникалық базаны жаңарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Оның ішінде құтқаруға арналған құрылғылардан бастап, көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарынан құтқаруға арналған арнайы көліктерге дейін әкімшілік тарапынан сатып алынып, біздің департаментке тапсырылып келеді. Қордай ауданында модульді өрт сөндіру депосын салу жұмыстары басталды. Облыс аумағында өрттердің санын төмендету мақсатында өрт өндіру бекеттерін салу жұмыстары жыл сайын қарқынды жүргізілуде.
– Ал сала мамандарының тәжірибе алмасуына қандай жағдай жасалған?
– Қандай мамандық болмасын, біріншіден, еңбектің нәтижесін көрсету тікелей тәжірибеге байланысты. Әрі бұл қай салада болмасын маңызды. Ал мамандардың тәжірибе алмасуына жағдай жасау мақсатында Көкшетау қаласындағы Азаматтық қорғау академиясының базасында қызметкерлерді оқыту ұйымдастырылуда. Сонымен қатар ҚР ІІМ Қарағанды және Алматы қаласында орналасқан академияларының базасында, ҚР ҰҚК академиясының базасында қызметкерлердің біліктілігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Сондай-ақ министрлік тарапынан шетел мамандарын тарта отырып, Беларусь, Ресей Федерациясының құтқарушылары арасында тәжірибе алмасу мақсатында семинар мен әртүрлі жиындар ұйымдастырылып тұрады.
– Сіздер жаздың аптап ыстығында да, қыстың қақаған аязында да халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өздеріңізге жүктелген міндетті барынша адал орындауға құлшынып келесіздер. Биылғы қысқа дайындықтарыңыз қандай?
– Жаз мезгілінде де, қыс мезгілінде де қызметкерлерге тыным жоқ. Қыс мезгілі бастала салысымен пәтерлерде және тұрғын үйлерде газды қолдану, су айдындарындағы қауіпсіздік бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіледі. Мұның бәрі де айтуға оңай шаруа болғанымен күні бойы істейтін, арнайы тәртіппен атқарылатын жұмыс. Оның үстіне жолдағы қардың күрелуі, жол-жөнекей көліктердің бір-біріне соғыспауы деген сияқты мәселенің бәрі де біздің бақылауымызда. Қазір дайындығымыз ойдағыдай. Әлі қар түсе қоймағанымен басқа да атқарылып жатқан жұмыстар көп. Өйткені біз ай сайын орын алып жатқан оқиғаларды тіркеп, арнайы зерттеу жүргізіп отырамыз. Мысалы, атап айтар болсақ, қазан айының нәтижесі бойынша облыс аумағында табиғи және техногендік сипаттағы 735 төтенше жағдай мен оқиға тіркелген. Бұл оқиғалардың 734-і төтенше жағдай критерийіне жатады. Аталған оқиғалардың салдарынан 79 адам зардап шекті, оның ішінде 26 адам қаза болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, материалдық шығын 3701,11 миллион теңгені құрап отыр. Ал табиғи сипаттағы төтенше жағдай саны 57 оқиғаны құрады. Салдарынан 38 адам зардап шекті. Біз енді осы оқиғалардың алдағы қыста үдей түспеуі үшін профилактикалық бақылау мақсатында әртүрлі объектілерге өрт-техникалық тексеру, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз. Сонымен қатар анықталған кемшіліктерді уақытылы жою мақсатында облыс аумағында орналасқан гидротехникалық құрылыстардың техникалық жай-күйіне тексеру жүргізілді және құзыретті органдарға кемшіліктерді жою хаттарын жібердік. Сондай-ақ күн сайын, апта сайын департаменттің күштері мен құралдарының тұрақты дайындығын қамтамасыз ету мақсатында түрлі тактикалық арнайы және өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізіледі.
Облыс аумағында ұзындығы 14,85 шақырым болатын 12 қарлы учаскелер анықталды. Онда ұзындығы 23,8 қар ұстайтын қалқандар орналасқан. 2023 жылдың 16-21 қазан аралығында департаменттің төтенше жағдайларды жою басқармасының қызметкерлері қысқы кезеңде қауіпсіз және үздіксіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының автомобиль жолдары бөлімі, облыстық полиция департаментімен, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы өкілдерімен жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын қысқы кезеңге дайындығына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Анықталған кемшіліктер бойынша облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасына, облыс әкіміне ұсыным хат жолданды. Мұның бәрі де қыс мезгілінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Шапағат ӘБДІР
Келесі мақала