КИБЕРӘЛЕУЕТІ ЖОҒАРЫ ЕЛДЕР
Гарвард университеті жер-жаһандағы киберқуаты мықты 30 елдің индексін жасады. Зерттеуге жауапты мекеме – университет жанындағы Белфер ғылым және халықаралық қатынастар орталығы.
Талдамалық әдістер арқылы жүргізілген зерттеу 30 елдің киберқуатын саралайды. Индексте әр мемлекеттің кибермүмкіндігін өлшеу үшін сапалық және сандық зерттеу әдісімен 1 мыңнан аса дереккөз бен 29 көрсеткіш қамтылған.
Жаһандағы мемлекеттер әртүрлі мақсатқа жету үшін өзінің киберәлеуетін тоқтаусыз арттырып келеді. Олардың мақсаты әртүрлі, бірақ бастысы – өз ықпалын кеңейту. Сондықтан да зерттеушілер әрбір ел киберқуатын ұлттық мүддесі тұрғысынан қарастыруы керек деп есептейді. Ал жалпы индексте қамтылған мемлекеттер өзінің киберәлеуетін келесідей мақсаттарда қолдануы мүмкін. Олар:
- ұлттық киберқауіпсіздікті дамыту;
- кибер және коммерциялық технология саласындағы біліктілікті арттыру;
- ақпарат саласын бақылау және басқару;
- кибернорма мен техникалық стандартты қалыптастыру;
- қарсыластың инфрақұрылымын бұзу немесе оған залал тигізу;
- шетелден барлау дерегін жинау.
Геосаяси ахуалдың күрделенуі, әсіресе интернет кеңістігіндегі қақтығыстардың күшеюі себебінен әлемде киберкоалиция құруға тырысатын мемлекеттер көбейіп жатыр. Бұндағы мақсат – өз мүддесіне сай кибераймақ жасау арқылы ұлттық қауіпсіздікті күшейту және жаһандық бәсекеден қалыс қалмау.
2020-2022 жылдар аралығындағы көрсеткіштер бойынша АҚШ әлі де болса көшбасшы болып тұр. Ақ үйдің кибермәселесін жиі талқылайтынын әрі басты назарда ұстайтынын ескерсек, бұл индексте америкалықтардың әлі де алдыңғы мемлекет болары түсінікті. Бұған «Google», «Meta», «Amazon», «Microsoft», «Apple» секілді бірқатар жаһандық технологиялық алпауыт компанияның АҚШ-та орналасқанын қосыңыз.
АҚШ-тың көп саладағы басты бәсекелесі – Қытай елінің ақпараттық технологиялар бағытындағы дамуы ерекше екені көпшілікке мәлім. Ұлттық киберқуат индексінде Қытай елі екінші орында тұр және АҚШ-қа басты бәсекелес. Шығыстағы көршіміздің технологиялар жасаудағы әлеуетін көріп жүрміз, олардың өнімдері әлем бойынша кең таралған. Сондықтан да АҚШ-қа кибержарыста бақталас болатын жалғыз ел – Қытай болар.
Кейінгі үш жылдағы көрсеткіштерді талдасақ, Ресейдің де киберәлеуетін арттырып жатқанын байқауға болады. Бұл мемлекет 2022 жылға қарай Ұлыбританияны басып озып, индексте 3-орынға жайғасты. Көрсеткіштегі үздік 10 елдің арасында ең үлкен үдеріс Аустралияда байқалды. Канберра 2020 жылғы 10-орыннан 2022 жылы 5-орынға көтерілген.
Жалпы индексте Тынық мұхитында орналасқан елдердің даму қарқыны жоғары. Аустралиядан өзге бұл қатарға Оңтүстік Корея мен Вьетнамды қосуға болады. Сеул кейінгі үш жылда 16-дан 7-орынға көтерілсе, Ханой 20-дан 8-орынға дейін жоғарылаған. Бұл қос мемлекет даму қарқынын осы қалыпта ұстауы мүмкін. Өйткені оларға көршілес жатқан Қытай мемлекетінен ашылатын 1,5 миллиардтық нарық бар.
Ұлттық кибериндексінде үлкен үдеріс жасаған елдер қатарына Иран мен Украинаны да жатқызуға болады. Үш жылдық көрсеткіш бойынша Тегеран 22-ден 10-орынға көтерілсе, Киев 29-дан 12-орынға дейін жетіп, ең үлкен даму қарқынын көрсетті.
Гарвард университетінің Белфер орталығы жүргізетін индексте Қазақстан қамтылмаған. Дегенмен бұл еліміздің киберәлеуеті төмен дегенді білдірмейді. Индекстің зерттеу әдістемесін сараласақ, оның геосаяси астары анық байқалады. Оған қоса отандық ІТ өнімдер мен мамандардың саны да, сапасы да артып жатыр. Бастысы – даму жолынан айнымай, ақпараттық технологияларды тиімді пайдалануға ден қою.
Сүйіндік ҚАБЫЛ,
Қазақстан қоғамдық даму
институтының сарапшысы
Келесі мақала