Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ТАРО КАРТАЛАРЫ МЕН АСТРОЛОГИЯ: неге адамзат әлі қиял-ғажайыпқа сенеді?

ТАРО КАРТАЛАРЫ МЕН АСТРОЛОГИЯ: неге адамзат әлі  қиял-ғажайыпқа сенеді?
ашық дереккөз
ТАРО КАРТАЛАРЫ МЕН АСТРОЛОГИЯ: неге адамзат әлі қиял-ғажайыпқа сенеді?
Ғылым мен технология бұрын-соңды болмаған даму деңгейіне жетсе де көптеген адам тароға, нумерологтар мен астрологтарға сенеді. Тіпті кәсіби журналистер жұмыс істейтін ақпараттық сайттарда да «болашақты болжауға» қатысты мақалалар шығып жатады. Бұл кейбір адамдардың қандай да бір шешім қабылдауда әлі күнге дейін «қиял-ғажайып күштерге» арқа сүйейтінін көрсетсе керек. Анықтамалар не дейді? Бұл мақалада біз еш дәлелі болмаса да адамдар неге сандар мен жұлдыздардың болашақты болжайтынына сенетінін анықтап көреміз. Бірақ алдымен таро, астрология және нумерологияның анықтамасын белгілеп алайық: Таро – таро ойындарында және болжауда қолданылатын карталардың кез келген жиынтығы. Астрология – тұрақты жұлдыздарды, Күнді, Айды және планеталарды бақылау және түсіндіру арқылы жердегі және адамзаттық оқиғаларды болжауды қамтитын бал ашу түрі. Жер бетіндегі істерге планеталар мен жұлдыздардың әсерін түсіну тек болжауға ғана емес, сонымен қатар жеке адамдардың, топтардың және ұлттардың тағдырына әсер етуге мүмкіндік береді деп санайды. Нумерология – адамның мінезін түсіндіру немесе болашақты болжау үшін сандарды пайдалану. Адамзат ертеден түрлі жолмен болашақты болжауға тырысқан. Қолда бар деректерге сүйенсек, балгерліктің түрлі практикасы біздің заманымызға дейінгі 4 мыңыншы жылдары ежелгі Қытай, Мысыр, Вавилон сияқты елдерде қолданыста болғанын көрсетеді. Аян түстер мен болжау сөздер ежелгі дін мен медицинада маңызды рөл атқарған. Қазақ даласында да бақсы-балгерлер, құмалақ ашушылар болған. Дегенмен бүгінгі ғылым мұндай болжамдарды рационалды деп санамайды. Неге әлі сеніп келеміз? Жалпы адамдардың қастандық теориясына, ырым-тыйымдар мен стереотиптерге, әсіресе қиял-ғажайыпқа сенуінің артында когнитивті бұрмалау жатады. Ол әлемді қабылдау ерекшелігінің бір бөлігі әрі ойлау жүйесінің қақпаны. Когнитивті қатенің жағдайға байланысты әртүрлі өзгермелі себебінің болуы мүмкін (ғылыми әдебиет әртүрлі себеп келтіреді). Яғни олар – мидың ақпаратты терең анализдеуге тиісті ресурс жұмсағысы келмеуі, ақпарат өңдеу кезіндегі кедергілер, когнитивті қабілеттердің жеткіліксіз күші, әлеуметтік ұстанымдардың ықпалы және басқа да психологиялық сипаттағы себептер. Адамның бәрі когнитивті бұрмалауға бейім келеді және қабылдаудың теріс түсінігінің алдын алу қиын екенін де айта кеткен жөн. Адамдардың таро не астрология сияқты псевдоғылымға сенуінің осындай бір себебі – Барнум әсері. Бұл психологиялық құбылысқа сай, яғни адамдар белгілі бір сипаттаманы барлығына қатысты ақпарат екеніне қарамастан өздеріне ғана (басқа адамдарға қарағанда) қатысты деп санайды. Эффект адамдардың сенгіш екенін көрсетеді, өйткені ақпарат жалпыға ортақ екеніне қарамастан оған нанатындар көп. Мұны тарологтар мен астрологтар, нумерологтар мақсатына жақсы пайдаланады. Мысалы, мұндай мәтінді жасанды интеллект те жазып бере алады. «Сіздің үлкен потенциал мен шығармашылық қабілетіңіз бар. Сіз жаңа идеялар мен сынақтарды жақсы көресіз, бірақ кейде бір нәрсеге зейін қою қиынға соғады. Сіз ашық және мейірімдісіз, бірақ кейде өзіңізге көбірек уақыт бөлуіңіз қажет. Сіз басқалардың эмоциясы мен пікірін жүрегіңізге жақын қабылдайсыз, бірақ кейде өзіңізге тым сыни қарайсыз. Сіз үйлесімділік пен әділетке ұмтыласыз, бірақ кейде қыңыр және икемсіз болуыңыз мүмкін». Бұл Bing AI жазып берген Барнум әсеріне сай мәтін. Барнум эффектісі жалпы мәлім­демелерге жеке мағына қосуға бейім болғанымыздан пайда болады. Атап айтқанда, оң пікірлерді қарапайым адам өзіне тән мінез-құлық ретінде қабылдайды, ал сыни мәлімдемелерді елемеуге тырысады. Адам сеніміне әсер ететін тағы бір себеп – қиял-ғажайыпты қиындықты жеңу жолы ретінде қарастыру әдеті. Мысалы, саяси не экономикалық дағдарыс кезеңінде, сондай-ақ қауіпсіздігіне алаңдайтын адамдар арасында астрологияға деген қызығушылықтың арта­тыны байқалған. Ғалымдар: «Астро­логияға негізделген ақпарат жалпы және стресс кезінде өзін-өзі түсі­нудің қажеттілігін қанағаттандыру функциясын орындайтын сияқты», дейді. Мұның тағы бір мысалын адамзат жақында ғана өз көзімен бақылады – 2020 жылы пандемия күшейіп тұрған тұста «businessinsider.com» сайтында пандемия кезінде астрология бизнесі қарқынды дамып жатқаны туралы ақпарат шықты. Бұл да адамдардың стреске деген реакциясын көрсетсе керек. Мұндай сенімнің тағы бір себебі – барлығын бақылауда ұстап тұру иллюзиясы. Астрология немесе таро карталары адамдарға сәттілік алып келеді деген сенім үшін тартымды көрінеді. Сондай-ақ біз бұған дейін жазған когнитивт бұрмалаудың апофения, эгоцентризмнің бұрмалануы деген түрлері де адамға әсер етеді. Апофения (ағылшынша – apophenia) – кездейсоқ, өзара байланысты емес құбылыстардың байла­нысы бар деп білу тенденциясы. Бұл эффект өте жалпы­лама болатынын және когнитивті бұрмалаудың әртүрлі нұсқаларын қамтитынын атап өту керек. Жалпы кездейсоқ жағдай­ларда байланыс, паттерн не мән табу эффектісін апофения деп атайды, басқаша айтсақ, бұл – жоқ жерден байланыс табу. Мысалы, апофенияның бір түрі парейдолия деп аталады. Бұл – кездейсоқ визуал ақпараттан белгілі бір заттың немесе құбылыстың контурын тану, мысалы тастан, құмнан, айдың бетіндегі кездейсоқ тастан адамның бет-әлпетін байқау және тағы басқалары. Эгоцентризмнің бұрмалануы (ағылшынша – egocentric bias) – адам өзінің әлем туралы пікірін жөн көріп, өз мүмкіндіктерін асыра бағалайтын когнитивті бұрмалаудың кең тараған түрі. Жекелей бұрмалауларға мысал­дар: басқаларға қатысты сыңаржақ көрмеу тенденциясы, басқа­лардың өз пікіріне қосылуын асыра бағалау, өзінің жанашырлық, рационалдылық, басқалармен салыс­­тырғанда есте сақтау қабілетін асыра бағалау, ерік-жігерін жоғары бағалау. Пайдасыз пайда Дегенмен қызығы, мұндай практикалардың ғылыми дәлелі болмаса да кей психотеропевт арасында «Астрология адамның ішкі дүниесіне жақсы әсер етіп, зиянын тигізбесе, неге мұны пайдаланбасқа?» деген позицияны ұстанатындар бар. «Scientificamerican.com» журналының авторларының бірі Жон Хорганның жазуынша, кейбір психотерапевт өз терапиясына осы дәстүрлі емес тәсілді қосады, я болмаса, пациенттеріне оны қолдануға тыйым салмайды. «The New York Times» газетінің сұрақтарына жауап берген теропевт Николь Осекеда пациенттері пайдалы деп санайтын кез келген қауіпсіз әдістерді пайдалануын қолдайтынын айтқан. Америкалық психологиялық қауымдастық «дәлелге негізделген» терапияны жақтайды дейді «The New York Times» авторы, бірақ ұйымның балама емдеуге қатысты ресми саясаты жоқ. Дегенмен таро, астрология секілді практикалардың өзіңізге, психологияңызға, қаржыңызға зиянын тигізбейтініне көз жеткізіңіз. Және тұрақты концепция барын да ұмытпаңыз: болашақты сенімді түрде болжау мүмкін емес, өйткені шешілмейтін, есептелмейтін және болжанбайтын шектеулер бар. Думан ТЕРЛІКБАЕВ, журналист
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар