Балалар қауіпсіздігі – басты назарда
Бүгінде буллинг жасөспірімдер арасында кеңінен таралып отыр. Өкінішке қарай, елімізде әрбір бесінші оқушы буллингке ұшырайды.
ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева шілде айында Мемлекет басшысының қабылдауында болғанда елімізде күн сайын балаларға қарсы 6 қылмыс, ал балалар арасында
5 қылмыс жасалатынын жеткізіп, балаларға жасалған қылмыстарға берілетін жазаны күшейтуді, бала қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті арттыруды ұсынған болатын.
Шынында да балалар қауіпсіздігі, олардың алаңсыз бақытты шағы күн тәртібінен түспейтін тақырып. Күні кеше Тараздағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында өткен «Балалардың қауіпсіздігі – қоғамның міндеті» атты ашық форум да осы мәселеге арналды.
Облыстық прокуратура жанындағы Консультативтік кеңестің бастамасымен ұйымдастырылған іс-шарада кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша мемлекеттік органдар мен қоғамның жұмысын үйлестіріп, тиімділігін көтеру жайы қаралды. Сондай-ақ форумға қатысушылар құқықбұзушылықтардың профилактикасы тәсілдерін жетілдіру бойынша жаңа механизмдер мен әдістерді пысықтады.
Жиынға аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев арнайы қатысты. Облыс әкімі тақырып аясындағы мәселенің маңыздылығына айрықша көңіл бөліп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты талаптардың бірі екендігіне тоқталды.
– Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді тапсырып, «Жол, ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек» деген болатын Парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытына жергілікті бюджеттен 1 миллиард 765 миллион теңге қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, 238 білім беру ұйымы жедел басқару орталығына интеграцияланып, 257-сі дабыл түймесімен жабдықталды. Сондай-ақ 151-і мамандандырылған күзетпен, оның 149-ы турникетпен қамтамасыз етілді. Бұл тұрғыдағы жұмыстар жалғасатын болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесі де қатаң бақылауға алынуы қажет. Осы жылдың 10 айында облыста кәмелетке толмағандар арасында 78 қылмыс тіркелген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға төмендеген. Осы бағыттағы шараларды тиісті құзырлы органдармен бірлесе күшейтіп, әрі қарай жандандырған жөн. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықпен бірге, оларға қарсы жасалатын қылмыстарды да назардан тыс қалдырмау керек. Осы мақсатта 2023-2025 жылдарға арналған облыстық кешенді жоспар жобасы әзірленді, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Сонымен қатар аймақ басшысы оқушылар арасындағы орын алып отырған буллинг, кибербуллинг, суицид жағдайлары алаңдататынын айтып, әлеуметтік желінің ықпалы аса белсенді кезеңде балаға сапалы біліммен қатар, мықты тәрбие беру де негізгі ұстанымға айналуы тиіс екендігін еске салды.
– Бүгінде психологиялық көмекті қажет ететін оқушылар мен колледж студенттері арасында дер кезінде көмек көрсетуді ұйымдастыру мақсатында «Komek Stop Bullying», «Психологиялық қызмет HR+» пилоттық жобалары жүзеге асуда. Бұл шаралар оң нәтиже береді деген сенімдемін. Бала күлкісі мен бақыты ата-аналардың жүрегін риясыз мейірімге толтырады. Әйтсе де соңғы уақыттары келеңсіз оқиғалар жиілеп кетті. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі ата-ана мен ұстаз үшін де, қоғам мүшелері үшін де әркез басты назарда болуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Форумда облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров балалар өз проблемаларын жасыратынын айта келіп, кәмелетке толмағандармен жүргізілетін профилактиканың тиімділігі көбінесе олармен сенімді қарым-қатынастың орнатылуына байланысты екенін жеткізді.
– Профилактикалық жұмыстар кезінде бала жағымсыз салдар мен жариялылықтардан қорықпай, бар проблемасы туралы хабарлай алатын жағдайларды міндетті түрде жасау қажет. Сондықтан Консультативтік кеңестің шешімін орындау аясында өңірде барлық оқушылар үшін уәкілетті органдарды өз проблемалары туралы анонимді түрде хабардар ету мүмкіндігін беретін «Саған көмек!» бағдарламасының жүзеге асырылуы басталды.
Тағы бір айта кетерлік жайт, мектеп психологтарының қызметі балалар үшін тиімсіз. Балалардың алдында тұрған проблемаларды психологтар ерте анықтау қажет. Орта есеппен мектепте 600-700 балаға бір психологтан келеді. Бұл ретте олардың балалармен жұмыс істеу кестесінде бөлек сағаты жоқ. Оған қоса төмен жалақы мен біліктілік профилактикалық әсер бермейді. Осыған байланысты Консультативтік кеңестің ұсыныстары бойынша Тараз қаласында педагог қызметкерлері мен психологтардың біліктілігін арттыру орталығы ашылды. Қазіргі уақытта аталған орталық аясында 350 педагог-психолог дайындықтан өтті. Осы бойынша мектеп психологтарының жұмысын ұйымдастыруды қайта қарауды ұсынамын.
Назарға алатын тағы бір мәселе – сенімхаттар негізінде өзге отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайы. Облыс прокурорлары берілген нотариаттық сенімхаттар негізінде сондай отбасыларда тәрбиеленетін 1 600-ден астам баланы анықтады, яғни 1 600 бала іс жүзінде заңды өкілдерсіз тұрады. Осыған байланысты прокурорлық ден қою актісі бойынша нотариустардың мұндай тәжірибесі тоқтатылды, кінәлі адамдар жауапқа тартылды. Облыс прокуратурасының бастамасы бойынша ата-ананың нақты орналасқан жерін анықтау, сондай-ақ олардың тұру және тәрбиелеу жағдайларын тексеру мақсатында барлық осындай балаларды тексерулер ұйымдастырылды. Облыстың нотариаттық палатасы осындай сенімхаттардың күшін жою бойынша жұмысты бастады. Себебі әрбір ата-ана сияқты қоғам да баланы тәрбиелеуге жауапты. Жүргізілген талдау толық емес және игілікті отбасыларда да тәрбиеленетін балалар қылмыстың құрбандары болатынын көрсетеді. Жыныстық иммунитетке қарсы әрбір екінші қылмыс жақын адамдармен, сондай-ақ балалар ұзақ уақыт бойы ата-анасының қарауынсыз қалған отбасыларда жасалады. Қалыптасқан жағдай ата-аналар мен қоғамның кәмелетке толмағандарды тәрбиелеуге жеткіліксіз қатысуын көрсетеді. Қазіргі шындықта ата-аналардың мектептердегі ата-аналар жиналысына немесе балаларға арналған басқа іс-шараларға қатысуға уақыты жоқ. Нәтижесінде ата-аналар балалардың проблемалары туралы бейхабар болады. Сондықтан облыс прокуратурасы ата-аналардың ата-аналар жиналыстарына қатысу, ал жұмыс берушілердің тиісті үзілістер беру міндеттерін көздейтін заңнамалық ұсыныстар дайындады, – деді Нұрғалым Мәжитұлы.
Сөз соңында Н.Әбдіров облыс прокуратурасының Консультативтік кеңесінің жанынан балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі штаб ашылатынын хабарлады.
Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзин де бірқатар көрсеткішке тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарлы шараларды баяндады.
Сондай-ақ жиында «IT Group Kazakhstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Айжан Сабурова «Komek Stop Bullying» жобасын таныстырды.
– «Komek Stop Bullying» ақпараттық жүйесінің негізгі мақсаты – өңірімізде балалар үшін қауіпсіз білім беру ортасын құру. Білім беру мекемелерінде, қоғамдық орындарда, отбасыларда балалардың зорлық-зомбылық жағдайларын болдырмау және бақылау, зорлық-зомбылық оқиғаларын тіркеу, сигналдар алу және жедел әрекет ету үшін ақпараттық жүйе құру. Сонымен қатар мұғалімдерді, ата-аналарды және оқушыларды жүйені қолдануға және зорлық-зомбылықтың алдын алуға үйрету, анонимді шағымдар мен көмек сұрауларын беру тетіктерін құру ойластырылып отыр.
Бұл жүйе бірқатар негізгі компонентті қамтиды. Тәрбиешілер, оқушылар және ата-аналар зорлық-зомбылық жағдайларын веб-платформа арқылы тіркей алады. Сондай-ақ біз қазір «android»-та мобильді қосымшаны іске қостық, жақын арада «ios»-та дайын болады. Анонимді шағымдар өтініш берушілердің жеке өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Жүйе трендтер мен қауіпті аймақтарды анықтауға мүмкіндік беретін деректерді бақылау мен талдауды жүзеге асырады. Мектеп басшылығына және мемлекеттік органдарға статистика мен есептер ұсынады. Қазіргі уақытта біз қолдау жүйесімен жұмыс істеп жатырмыз. Жүйе зорлық-зомбылық құрбандары мен куәгерлеріне кеңес беру және қолдау үшін ресурстар мен байланыстар ұсынады, – деген А.Сабурова аталған жоба аясында оқу жылының басынан бастап әртүрлі бағыттағы 1 848 хабарлама алынғанын жеткізді.
Бұдан кейін облыстың бала құқықтары жөніндегі уәкілі Дәурен Бағжанов, психология ғылымдарының кандидаты Г.Вероцкая да орамды ойларын ортаға салып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сонымен қатар «Жаңа шабыт» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Талғат Ахымбеков заңды өкілдерінсіз тұратын және жетім балалардың отбасылық, психологиялық жағдайына жүргізілген мониторинг нәтижелерін баяндады.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Келесі мақала
«ӘУЛИЕАТА ЖАСТАРЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ ЖАЛҒАСА МА?
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024